Ғаламтордың құлы болма , қожасы бол!
жеке
блог

Ғаламтордың құлы болма , қожасы бол!

Бүгінгі таңда ғаламтордың көмегіне жүгінбейтін жан кемде-кем шығар. Өркениетті ұрпақ ретінде қазіргі жас буын бар жаа ақпаратты санасына тез қабылдап алады. Жаңа технологиялар күннен-күнге дамып , біздің әлем бірте-бірте цифрлық жүйеге ауысып бара жатқандай. Өткен ғасыр өкілі , қоғам қайраткері , ақын Ыбырай атамыз өлеңінде айтып кеткендей : "айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырамыз". Әрине , бар ақпаратты , керектінің бәрін бойына жиып алған ғаламтордың пайдасына күмән келтірмеймін, десек те таяқтың екі ұшы болады демекші , көптің жанарын жаулаған интернеттің зияны да жетерлік. 

Қазіргі таңда әр адамның қолында бір-бір смартфон , бір басына 3-4 әлеуметтік желі тіркелген. Сол желілердің жетегіне еріп , виртуальды әлеммен өмір сүріп кеткендер қаншама. Виртуальды орта адамның ойлау қабілетін әлсіретеді , жеңіл сөздер , мағынасы толық ашылмаған жаңалықтар легін ғана оқитын интернет пайдаланушылары көбеюде. Ең сорақысы , бесіктен белі шықпаған сәбилерге ата-анасы смартфонды қолына өздері беріп қойып жүре береді. Ананың әлдиін емес ,смартфондағы жасанды дыбыстың көмегімен ұйықтайтын сәбидің көбейгені өкінішті. 

Дамыған заманның саналы ұрпағы ретінде өзін-өзі дұрыс қадағалап , интернетке шектеу қоя білсе , әр ақпаратты , ғаламтор көмегін тиімді пайдаланса бәрі де орнымен болмақ. Біз ғаламторға емес , ғаламторды бізге бағындырсақ алынбайтын қамал жоқ.

 

                                                                          Рысжан Бисенова

                                                                          Халел Досмұхамедов атындағы АтМУ

                                                                          Журналистика кафедрасының 2-курс студенті