Батыр салған әндер

Батыр салған әндер
жеке
блог

Батырхан Шөкеновты әлем таниды. Оның әндері бұл ғаламның түкпір-түкпірінде шырқалды. Батырханның музыкасы мәңгілік. Ол өз әндерін тек жанды дауыста орындады. Оның музыкасы ерекше еді.

Мен Батырхан Шөкеновтың әндерімен өстім. Концертінде талай болдым. Баспасөз-конференцияларына қатыстым. Жаны жайсаң, теріс әдеттерден ада, шынайы жан еді. Қолын ұстадым, қасында болдым, тек әттеңген-ай, бір де бір рет суретке түспедім. Ұялдым ба, ыңғайсыздандым ба, білмеймін. Үлкен өкінішім осы.

Батыр ағаның қазасы барлығымызға ауыр тиді, қабырғамыз қайысты. Ол халқының нағыз ұлы еді. Әлі күнге дейін өліміне сенетін емес. Әндерін тыңдап сағынышын басады.

Әншінің ағасы мен қарындасы Батырхан Шөкенов атындағы Қоғамдық қорды құрғанына көп болмаса да біраз дүниелерді қолға алып, Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен төрт жобаны жүзеге асырды. Екі жыл бойы консерватория студенттеріне арналған атаулы стипендияны белгіледі, музыканттар байқауын өткізді, өткен күзде әртістің барлық альбомдары жазылған нота басылымы мен биыл жазда музыкалық диск топтамасын шығарды. Топтамаға екі концерт, тоғыз музыкалық альбом және жарыққа шығып үлгермеген әндері енді.

Бұл топтама қолыма тигелі жарты жыл өтті. Күнде болмаса да дисктерді бірінен кейін тыңдап келемін. Батырдың дауысының бір құдіреті бардай, тылсым күшке толы секілді. Өзіне баурап алады, жаныңа жылулық сыйлайтындай. Әр әннің өз мәні, мағынасы бар. Оның музыкасы таза, тұнық. Барлық әндері керемет. Өзіме «Гүл Алматы», «Отан Ана», «Кездесу», «Твои шаги», «Дождь», «Нас исцеляет любовь», «Джулия», «Душа» әндері өте қатты ұнайды. Тыңдай бергің келеді.