Негізгі / Желтоқсан құрбандарын еске алды
Желтоқсан құрбандарын еске алды

Бүгін Көкпекті ауданы Самар ауылының Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінде «Желтоқсан жұлдыздары» тақырыбында ашық сабақ өтті.

Аталған шараға білім мекемесінің 10-сынып оқушылары қатысып, берілген тақырып бойынша ойдағыдай әзірлікпен келгендіктерін байқатты. Ашық сабақ басталмас бұрын мектеп-лицейінің директоры Баян Қапезқызы сөз алып, Тәуелсіздіктің талай адамның қанымен, көз жасымен келгендігін айтып, жылы лебізін білдірді. Оқушылар да желотқсан көтерілісінде елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған жанарлары жалынға толы жастар туралы бар білгендерін ортаға салды. Сол боздақтардың қымқуыт замандағы қатерлі өмір жолынан сыр шертетін бейнесюжеттер де айтарлықтай әсерлі шықты. Ашық сабақ барысында оқушылардың шаршы топ алдында өздерін нық ұстаулары, жүктелген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарағандары да ауданнның түкпір-түкпірінен келген алғашқы әскери дайындық оқытушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Жалпы, көпшілік көңілінен шыққан шараны ұйымдастырған АӘД пәнінің мұғалімі Асылбек Асаубаевтың да еңбегін айта кеткен орынды.

 – Осындай тақырыптағы ашық сабақтар ауқымының кеңейе түскені құптарлық жайт. Сондай әсерлі, кімді болсын патриоттыққа шақырады. Оқушылар да тапсырмаларды өз деңгейінде орындады, – деп оқытушылар жылы пікірлерін білдірумен болды.

Бұл ғана емес. Оқушылар желтоқсанда жанын қиған жастар өмірінен хабар беретін көріністерді де ойдағыдай сахналап, ашық сабақ деңгейін одан әрі арттыра түсті. Үлкен шығармашылықпен қолға алынған шара соңында келген меймандар естелік суретке түсті.

 Әділхан Есімханов