Сурдлимпиада ойындарына сәттілік тіледі

Сурдлимпиада ойындарына сәттілік тіледі
жеке
блог

Бүгін Өскеменде шайбалы хоккейден есту қабілеті төмен спортшылардың XIX қысқы Сурдлимпиада ойындарына алдында қолдау білдіру мақсатында салтанатты шара өтті.

Айта кетейік, мұның алдында шығысқазақстандық хоккейшілер Алматыда өткен ел чемпионатында топ жарған болатын. Содан кейін Ұлттық құрамадан шақырту түсіп, төрт спортшымыз Италияда өтетін Сурдлимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болған. Бұл ғана емес. Тағы бір маңызды жаңалық бар. Еліміздің Мәдениет және спор министрлігінің спорт және дене шынықтыру бойынша істер Комитеті атынан 17 жерлесімізге «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын табыстады. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб» КММ-мен облыстық дене шынықтыру басқармасы тізе қосып ұйымдастырған шара барысында, әр спортшыға тиісті куәліктер салтанатты түрде берілді. Аталған клуб директоры Балғабек Ақшолақов өз сөзінде мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін хоккейшілеріміз бапкер берген нұсқауды екі етпей, тыңғылықты әзірлік жүргізудің арқасында қол жеткізшендіктерін тілге тиек етті.

 – Сол Алматыдағы жарқын жеңістеріңіз әлі есімізде. Тәуір қобалжып едік, алайда қай-қайсыларыңыз болсын, өте сенімді ойнадыңыздар. Соның арқасында бірқатар спорт мамандарының көзіне түсіп, спорт шебері атанып жатырсыздар. Бұл ретте облыс құрамасының бас бапкері Александр Комиссаровақа алғыс айтқанымыз артық етпес. Ал Италия жеріндегі додада біздің спортшылар барын салады деген сенімдеміз, – деді Балғабек Сағынбайұлы.

Ал бас бапкер Александр Комиссаров осыған елордада екі оқу-жаттығу жиыны өтіп, спортшылар сапалы әзірлік жүргізгендіктерін жеткізді. Өзінің топшылауынша әлемдік аламанда барлығы сегіз команда өнер көрсетеді және ел құрамасы Канада елінің хоккейшілерімен бір топта өнер көрсетулері мүмкін. Сонымен Италияның Валтеллина шаһарында өтетін Сурдлимпиада ойындарында мына жерлестеріміз ел құрамасы сапында өнер көрсетпек:

 

1. Никита Чебышев (қорғаушы)

2.  Игорь Ахметов (қорғаушы)

3.Антон Шадрин (қақпашы)

4. Ринат Абдусалимов (шабуылшы)

Спортшылардың үшеуі – Өскемен, ал біреуі Семей қаласының спортшысы. Енді хоккейшілер санаулы күндерден соң байрақты бәсекеге дайындықты жалғастыру үшін спортшылар Нұр-Сұлтан қаласына жол тартады. Ал одан ары желтоқсан айының 12-21 аралығында төрт жылда бір рет болатын аламанда ел намысын қорғамақ.

 

Әділхан Есімханов