#DenisTenMemorialChallenge – 2019

 #DenisTenMemorialChallenge – 2019
жеке
блог

“Denis Ten Memorial Challenge” халықаралық турнирі көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Үш күн қатарынан мұз айдынында жас спортшылар бақ сынасып, үздіктер марапатталып жатты. Үздіктердің арасында қазақстандық жұп Темірлан Ержанов пен Максин Уезерби де бар. Олар мұзда би билеуден сайысқа түскен бес жұптың қатарында болып, нәтижесінде үшінші орынға ие болды. Бұл жұпты АҚШ-та олимпиаданың екі дүркін чемпионы Евгений Платов жаттықтырады.

Темірлан мұзда мәнерлеп сырғанауды бала кезден қарындасымен бірге бастаған. 15 жасында оны ата-анасы Америкаға жіберген. Бүгінде ол мұхит арғы жағында тұрады. Оның мұз айдынындағы жұбы Максиннің ұлты қытай. 11 айлығында қазіргі ата-анасы бағып алып, Америкаға алып кеткен. Бала кезде анасы денсаулығы жақсы болсын деген оймен коньки тебуді үйреткен. Темірлан мен Максиннің жұп болып, мұзда өнер көрсеткендеріне көп бола қойған жоқ. Денис Тен Мемориалы халықаралық турнирде иеленген қола олардың алғашқы бірлескен жүлдесі және бұл жұлде Әлем чемпионатына қатысуға жол салып отыр. Жаңа жұпты қолдау үшін Максиннің анасы Алматыға арнайы келді, Темірланның да жанұясы, достары осында болды.

Турнирге келген қонақтардың барлығы ұйымдастырушыларға зор алғыстарын айтып жатты. Әлем чемпионатындағы ұйымдастыру шараларынан асып кетпесе, кем түспейді деп бағалады. Ал оның барлығы Денис Теннің анасы Оксана Теннің еңбегі. Бас-аяғына дейін еш демалыссыз осы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үздіксіз еңбек етті.

Өкінішке орай, үш күн қатарынан өткен турнирде жиылған халықтың саны өте аз болды. Даңғарадай Halyk Arenа кешенінде азды-көпті 50-100 шақты адам болған шығар. Жарнама да болды, билеттер де қолжетімді бағамен сатылды. Бірақ, өкінішке орай, біздің халық турнирді көруге асыққан жоқ. Бұл турниде мен Ольга есімді қызбен таныстым. Ол Алматыға осы турнирді көру үшін арнайы Мәскеуден келген. Барамын деген адам амалын тауып келеді. Сылтауды қажет етпейді.

“Denis Ten Memorial Challenge” халықаралық турнирі әр жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда. Лайым солай болсын. Бастамасы жаман емес. Әлі-ақ, бұл турнирге көзқарастың өзгеретініне, елдің жиналатынына сенемін.