Екінші Ермек Серкебаев

Екінші Ермек Серкебаев
жеке
блог

Массагетпен ертерек достасқанымда ғой, қызықты историяларымның ғұмыры ұзақ болар ма еді?!) "Осыны обязательно жазып қоямын" дегендерімді блокнотыма қолым жеткенше ұмытып қаламын. Әрі, "Ойыңа алған нәрсені 3 күн ішінде іске асырып үлгермесең, кейін ұмытылып қалады" дейді ғой. 

Бүгін 3-күн, жазып үлгерейін)) 

Қызық, блог жазып бастағалы идея да, тема да өзінен өзі пайда болып жатыр, не туралы жазсам екен деп қиналмайсың. Алматымның әрбір көшесін баққа айналдырып жатқан алтын күздің әрбір жапырағы да себепсіз жерге түспейді ғой, бұл кездесудің де тегін емесіне анық сенемін.. 

Күндегідей, сүйікті жұмысыма асығып келдім. 

- Айман, бүгін запись бар ма?, - деуім сол еді, бір апа кіріп келді. 

-Мәникур бар ма, әй қыздар? 

-Сәлеметсізбе? Иә, бар. Келіңіз. Шәй, кофе желаете, апа?, - деді Айман.

Апа қара шашты, қара өңді. Жасы 64-65 шамасында. Бетіне түскен әжімі әдемілігін одан сайын айқындай түскендей. Жас кезінде сұлу болғаны көрініп тұр.

-Қызым, қас-кірпігің қандай қалың еді? Естестбенні ме? Еее, жақсы екен ондашы, қазір жастар қызық, жараса ма жараспай ма, әйтеуір бәрін жапсырып алады ғой үсті-үстіне, - деді маған отыра салысымен.

-Тырнағым жаман, ұялып отырмын. Негізі салон жағаламағалы қанша, субботада апайымның үйіне барам ғой. Министрствада істейді ғой, ухоженная, менің мына түрімді көрсе ұрсады.

Әңгіме арасында, "Жолдасым қайтыс болып, Семейден қоныс аударғалы 16 жыл, Алматыға әлі үйренісе алмай жүрмін. Жолдасым әнші ғой атақты,есімі Дауыл, бірақ, қайдан танисың, қазіргі жастар операны тыңдасын ба", -деп, ішкі мұңын шағып қояды.

Ән деген соң, менің бүйрегім бұрмай тұрсын ба?!)

Сөйтіп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, операның майталманы, баритон дауысты, өте сирек кездесетін кең диапазонды, алғаш рет "16 қыз" әнін оркестрмен орындаған әнші, Назгүл апаның жолдасы Дауыл Хайруллиннің өмір баянынан сыр шертістік.

Әнші Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған аулында дүниеге келген екен. Жастайынан жетім өскен болашақ әнші, 20-22 (қателеспесем) жасына дейін  бірде-бір рет ән айтпаған. Отан алдында азаматтық борышын өтеп келген соң, 6 жылға жуық ауыл шаруашылығында тракторшы болып қызмет еткен. Трактор айдап келіп, жатар алдында ескі магнитофоннан Ермек Серкебаевтың " Сұрша қызын" тыңдап, қосылып жатып, ұйқыға кетеді екен. 

Бір күні,  жұмыс уақытында жігіт 1 топ жастарды кездестірді. Сұрастырса, ауыл жастары жуырда өтетін концерттің кастингі жарияланып, сол жаққа бағыт алған екен, Дауыл аға да жастарға ереді.

Кастинг барысында, жігіттің даусына аң-таң болған көпшілік, ағаға ой салып, "Оқуға тапсырып, өнер жолына барсаңшы, мынадай дауыспен осы уақытқа дейін қайда жүрсің, осындай табиғи дауыс ішіңе қалай сиып жүр, сірә?", - деп, ұсыныс жасайды.

Сөйтіп, бойды кернеп, асқақ шыңды көксеген әсем ән қарапайым тракторшыны Семей қаласы, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге жетелейді. Арман қуып келген әнші жігітке қаланың қайнаған өмірі таңсық еді. Ағайын ағасын кезіктіріп, училищеге бірге барады. Бара салып, құлақтың құрышын қандырып, сұрша қызды орындаған Дауылды, мұғалімі (орыс апай, есімін айтып еді)  Октябрь айы, оқу жылы басталып кеткеніне қарамастан, "какой у тебя голос, все, я беру", - деп, орнынан тұра келіп," У тебя есть родственники в городе, если нет, то я тебя устрою в  общежитие", - деді.

Өзінің өмір жолын өнер деп түсінген дарынды әнші Дауыл осылайша өнерге аяқ басады. Училище қабырғасында оқып жүріп, 2 курсына келе бере,  Назгүл апаны кездестіреді. Алғаш көргенде, "Шашың қандай ұзын еді, Өскеменненмін дейсің бе, қалай еді-ей?", -деп, біресе мына жағынан, біресе мына жағынан шығып қалмай қояды. Киноға шақырады, серуендеуге шақырады, сөйтіп, кездесулердің арты үлкен махаббатқа, кейін ұйытқыған жанұяға айналады. 

Училищені тәмамдап, екінші Серкебаев ( достары, ұстаздары солай атаған) Құрманғазы атындағы  Казақ ұлттық Консерваторияға оқуға түсті. Қызығы мол студенттік шақта әлем музыкасымен танысып, шығармашылығы шыңдалды. Бекен Жылыспаев атты үлкен ұстаздан дәріс алды, Ғафиз Есімов секілді әнші азаматтармен қатарлас, дос болды. Петр Чайковскийдің романстарын, әлемдік шығармаларды еркін орындады. Абайдың сөздеріне жазылған шығармаларды керемет шырқады.

Әнші 4-курсын тәмамдап, жыл соңында тапсыратын гос экзаменін тыңдауға, Семейден Назгүл апаны алдырады.

Апаның айтуынша: "Дулатымды (1-ші балалары) коридордағы студент қыздарға қарауылға тастадым, концертный залға кірсем, Ермек Серкебаев, Каукен Кенжетаев бастаған әншілер отыр екен. Жолдасым шығып, Абайдың партиясын орындағанда, орнынан түрегеліп, "6 деген бал болса қояр едім, керемет, браво", -деп, қол соқты Ерекең. Қатты қуанып кеттім", -дейді.

-Экзаменнен соң, ұстазы Бекен ағайдың үйінде 2-3 күн тұрақтадық, қонақ болдық. Апамыз Нұриламен таныстырды: "Дауыл келгелі біздің үйдің електригі де, сантехнигі де осы, әйбат болды", - деп, мақтап қояды. Мен мәнті пісірдім, Нұрила апама қолқанат болып, үйін жинастым, сөйтіп, қоштастық та, Семейге қайта оралдық. Жолдасым Алматыда қалғысы келмеді, "Ауылыма қайтамын, туған жеріме қызмет етіп, өнер саласын дамытуға үлесімді қосамын", -деді. Елге оралып өз қалағанындай қызмет етті, Нұрлан Көшеров,  Қанат Жамауов сынды шәкірт тәрбиеледі. Әрі өзі сондай хозяйственный болатын, ол үшін отбасымыз 1- орында тұратын, -деп, көзіне жас алды апа..

Бұл әңгіме мені жай қалдырмады, зейінмен тыңдадым, жүрегімнің түкпіріне жетті, керегімді азық қылып түйдім. " Бұл историямнан сені хабардар етуіме мүмкіндік бергеніне қуанып отырмын, бәрі тегін емес қой", - дейді. Назгүл апамен танысқаныма мен де іштей мәзбін. Қолын қысып, қысып қоямын.) Әңгіме үстінде әнші туралы ақпарат іздеуді бастап кеттім. Өмір баяны туралы жазылған жерлерін бірге оқыдық, суреттерін қарадық. (Интернетте бұндай ақпараттардың сақталғанын апа білмейді екен, қатты қуанып қалды). Бүгінгі күнде де үлкен сахналарда ән айтып, ағамыздың өнерін жалғастырып келе жатқан жас әншілердің дауысын тыңдаттым, жолдасын, жолдасының өнерін еске алып, апам тостақанын сулап алды..

- Бұл жерге кіруім де тегін емес қой, қызым. Мені Құдай айдап келді, саған осы әңгімені айтуымды бұйырды,-  деп қайталай береді.

- Сол ғо. Мен де солай ойлаймын, еще 2 сағат бойы қол ұстасып отырмыз ғо,  - деп күліп қоямын.)

-Жолдасымның өнерін қатты бағаладым, үйімде ұлан ғасыр той болып жатса да, мен үшін Дауылымның концертке киетін киімдері маңызды еді. Нәскиі мен ішкі киіміне дейін тазалап, өтек басып қоятынмын. Одан қор болған жоқпын. Сол үшін қызым, болашақ жарыңның мамандығын бағала, қолдау көрсет, ең маңыздысы сол, - деп, аяқтады Назгүл апа әңгімесін..