АНА ТӘЛІМІ...

АНА ТӘЛІМІ...
жеке
блог

...Бұл заманда «теща» деген кейіпкер шықты. Ол туралы айтылатын әжуа, мазақ, анекдоттарға қарасаң, жыландай ысқырған, аюдай ақырған, түлкідей жылмаң, иттей қабаған, әйтеуір басы – елге, аяғы жерге сыймайтын бір сұмырай. «Қайдан сонша қаптап кеткен қағынған енелер» деп қайран қаласың. Осы «теща» біздің қазаққа орыстардан келіп, сыналап жүріп сіңіп кетті. Ене мен күйеудің тіл жеткенше таласып, қол жеткенше жағаласуына көз үйреніп барады. Жастардың ажырасуының бір кілтипаны осы жерде жатыр. Басы бірікпегендердің балағында қайдан тамтық болсын?! «Жыртық үйден қисық түтін шығады» деген сол! Қазақтар салтын ұстап, дәстүрінің жібін үзбеген ерте кезде ене мен күйеу баланың сөзге келгенін, бет жыртысып, жанжалдасқанын ешкім көрмеген. Мың да бір келеңсіздік қақтығыс кездесе қалса, екеуі де ел алдында қарабет болған. Сондықтан ене мен күйеу ұлағатты қазақ жолын аттамайтын. Келіспей жатқан іс болса, керіспен емес, кеңеспен ың-жыңсыз шешкен. Үлкен үлкендік ұлағат-үлгісімен, аналық ақылмен өзін тежеуге міндетті болса, кіші кішілік ізетін көрсетуді парыз санаған. Бұл да басқаларға ұқсай бермейтін ұлтымыздың бір абзал қасиеті еді.

               – У-й-и! – деп Бәкең бірдеңе шағып алғандай қозғалақтап кетті.

               –  Не болды, байғұс-ау, бөгелек тиді ме? –деп ата баласына жалт қарады. Біздің Жуалыдағы апалардың сөз мәнерін айнытпай салды. Естіген адам еріксіз жымияр еді.

               – Ене мен күйеу бала туралы айтқан әңгімең күні бүгінге дейін ұялатын бір жағдайды есіме түсірді, – деп Бақытжан әкесіне қарады. Ата «айт» дегендей иек көтерді.

       Басқа әке, қайын аталарды білмеймін, осылай өзімізбен өзіміз әңгіме-дүкен құрғанда ата біздің бүкпесіз сөйлеуімізге ерік беретін. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Тек шеңберден шықпай, бас жаққа барыспай сөйлесек болды. Бұл арада мен көбінесе тыңдаушы, қостаушымын. Тиексіз сөйлейтін ол – Бәкең.

               – Бір жолы мына Зейнепті байқамай қағып кеттім бе, қолым тиді ме... В общем келінің үйден шыға жөнелді. Содан жоқ, жоқ, бір кезде келді. «Серуендеп келдім...» деді де қойды. Ішімнен «серуендесең серуенде, бағанағы үшін мазамды алмасаң болды» деп мен де басқа еш нәрсе сұрағам жоқ. Екі-үш күннен соң Зейнептің мамасы келді үйге. Әдеттегідей аңқылдап, «жандарым, күндерім» деп ай бойы көрмегендей айналып-толғанып жатыр. Мені «қазанбасым» деп еркелететін. Бір қызығы, өзінің қызынан бұрын алдымен менің маңдайымнан сүйетін. Бұл жолы да – сол әдеті. «Балалар мал сойып еді, сендерге жас ет әкелдім», – деп, басқа да жаңалықтарын айтып, көңілді отырып, шай іштік. Содан кетуге жиналды. Аялдамаға шығарып салайық деп екеуміз де ілесіп едік, «үйіңнің тірлігін істе» деп Зейнепті қалдырып кетті. Ойымда түк жоқ, аялдамаға аяңдап келдік. Сонда ғана апам маған қарап:

           – Балам, сенің көзің тұнық, жүрегің таза. Мен аналық сезіммен оны анық білемін. Анау қыздан кеткен анау-мынау кемістік болса, кешір. Ерке болғанымен, ақымақ емес, сөз түсінеді. Қайсыбір бейшара еркектер әйелге қол көтереді. Ол – азаматтық емес, әлсіздік. Сенің ондай әлсіздікке бармайтыныңды білемін. Өйткені сен – шаңырақтың иесі, оттың иесі, нағыз ер-азаматсың, балам, – деді.

      Құлақ шекем дуылдап, қаным басыма бір-ақ шықты. Жердің тесігі болса, ойланбастан кіріп-ақ кетер едім. Егер ол кісі ашу шақырып, дауыс көтеріп ұрысқанда мен өзімді қайта еркін сезінер едім. Қалай еді әлгі... Ә-ә, «мақтамен бауыздау» дей ме, тура сондай болды. Мынаның мені жамандап, титімдейді түйедей етіп дулатып барғанын алдын ала білгенімде баяғыда-ақ сөзімді жұптап қояр едім...

     Осы жерде оның сөзін амалсыздан бөліп жібердім.

             – Ол жағдайдың бірінші бөлігін білмейсің. Анама жылап барғаным рас, бірақ шапалақпен шықпыртып, үйден қуып жіберген.

             – Ой, қандай арамсың! Сонша жылдан бері ішіңе қалай сыйған? – деп Бәкең екіленіп келе жатыр еді, ата:

             – Әй, тоқтағын! Ары қарай қоймаларыңды қопармаңдар! Менің ұққаным, Мәлике құдағи парасатпен басалқылық танытып, екеуіңді де дер кезінде жүгендеген екен. Ал, балам, енді маған ыстық шай әкелгін, – деді маған қарап.

 Зейнеп АХМЕТОВА,  «Бабалар аманаты».   

(Қосымша ақпарат үшін 87016520613)