Өмірді бағалай білеміз бе?!

Өмірді бағалай білеміз бе?!
жеке
блог

Жақында досым ана атанды. Қуанышында шек жоқ. Бұл оның көп жыл зарыға күткен сәбиі. Өзі бала көтере алмаған соң, жолдасы екеуі ақылдаса келе суррогат ананың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұл қадамға бару үшін бірнеше жыл қаражат жинап, дәрігерлердің бақылауынан өтіп, заң бойынша қажетті құжаттарды да әзірледі. Құрбылары, әріптестері арасында өсек-аяңға қалмау үшін мекен-жайларын, жұмыс орындарын ауыстырып әбігерге де түсті. Бірақ осының бәріне қарамастан екеуі қызды болғандарына шексіз бақытты. 

Екінші құрбым да ана атануды армандап эко арқылы жүктілікке қаражат жинап жүр. Жары екеуіне 6000 АҚШ долларын жинау оңай емес, бірақ ортақ мақсатқа жету үшін екеуі бар күштерін салуда. Қыруар ақшаны жинау да ұрыс-керіссіз, мін тағусыз болмайды. Осылай өмірлерін бала құшу арманы әлдилеп өтіп жатыр… Бұл күндері осындай жағдайды көп қазақ отбасылары басынан өткеріп жатыр.

Балалар үйінде көретініміз басқа өмір. Бұл жерде тәрбиешілер ең қажетті зат ретінде көмек көрсетуге келген адамдардан жөргек (памперс) сұрайды. Бала көп, бәрін бақылауға уақыт тапшы. Сәби дауысына зәру жандар бұл жердегі жылаған балалардың дауысын естісе ғой… бұл балалардың көбінің есейгенде де өмірлері шаттыққа толғандары некен-саяқ…

Осы сәбилерді көрген сайын ата-ана атанғысы келетін адамдардың эко, суррогат аналарға қыруар ақша жұмсауы Аллаһ алдында кесірлік болып көрінеді маған. Бір өмірдің құны 6000-10000 АҚШ доллары, ал екінші бір өмір ешкімге керексіз болғаны қалай? Әрине, әркім өзінің ұрпағын тәрбиелегісі, ертеңгі күні баласының бойынан өзіне тән қасиеттерді көргісі келеді, бірақ бұл өмірдің де шегі бар… Бәріміз қара жер астына барғанда бұның бәрінің соншалықты маңызы бар ма?

Ал күніне елімізде жүздеген аяғы ауыр жандар жасанды түсік жасайды. Ресейде бұл күнгі ең үлкен мәселе, мемлекеттік дәрежеде бұл кеселден айығудың жолын іздестіруде. БІзде ше?! Жасанды түсікті тіс жұлғандаймен теңестіріп, ұрықты іштей өлтіруде. Ол өмірге келмеген жанның не кінәсі бар?! Ол не үшін қателескен екі жанның ісіне жауап беру қажет?! Түсік жасамаса да, ол жанды балалар үйіне өткізіп немесе сол перзентханада тастап жатады. (Ешкімді айыптамаймын, жағасынан алып, сөкпеймін, тек өз ойым).

Өмірге өз сәбиі келген ана бақытты ғой… Сондай бақытқа менің туысым да жетті. Ауруханада зарыға күткен сәбиін босанып, омырауына басқан кезде үйінде қалған ұлын ойлап тағат таппай отыр. Үш жыл бұрын шаңырағына шаттық сыйлап, артынан сәби ілестірген құтты балапанының қаны да, тегі де өзге екенінің ешқандай маңызы жоқ. Ол да бөпелі болғанына қуанып асыр салып жүр. Әрине, кейін туған анасы туралы білгісі келсе тауып алар, есейгенде бәрін түсінер… бірақ біздің жан-тәнімізбен жақсы көретініміз рас, ол үшін сөкпес. Үш жыл бұрын өзінің ана атанатынына еш сенімі қалмаған әйел бүгінде екі балапанның аяулы анасы. Он жылдан аса аңсаған бақытты дәрігерлер, медицинаның соңғы жетістіктері, бақсы-балгерлер емес, құтты балапаны әкелді.

Әке-шешемнің студент кезден бері жақсы араласатын туысымыздай болып кеткен достары бар. Ол жанұя да біраз жыл сәбиге зар болып, кейін бір қыз баланы туған анасы перзентханада тастап кеткен жерінен алып, бауырларына басып, заңды түрде асырап алды. Алланың әмірімен ұзақ уақыт құрсағы кеңеймеген от анасы екі айдан кейін жүкті болып, тоғыз айдан кейін өз қызын босанды.

Кеңес заманында коммуналды үйде тұратын сәбиге зар болған отбасы балалар үйінен бір ұлды асырап алды. Бір жыл өтпей жатып, бұл жанұяда бірден 3 қыз дүниеге келді.

Аталған үш оқиға өмірден алынған. Болған оқиға. Алла бұл жандардың сәби сүю бақытына кенелуді кешірек көрсетті. Олар сабырлық пен ертеңгі күнге үміт үзбеген жандар. Алла сол үшін оларға осы бақытты нәсіп етті.

Өмір туралы маған ой салған жағдайлар көп болды, бірақ жоғарыда сіздердің назарларыңызға ұсынған үш отбасының бастан кешіп жатқандары мен балалар үйінде көрген өмірді ұмыта алмай жүрмін.....

Р.S. Мектепте жоғары сыныпта оқып жүргенде нашақорлар, темекінің зияны, жүктіліктен жасанды түрде арылу жайлы документалды фильмдерді биология пәнінің ұстазы көрсетіп, бізді салауатты өмір салтын ұстануға үгіттейтін. Ол кісінің осы еңбегін өз басым жоғары бағалаймын. Қазіргі кезде мен осыған қоса оқушылар мен жас отбасыларды балалар үйіне апару керек деп ойлаймын.