ҰЛЫ ТҰРАН қалай құлады

ҰЛЫ ТҰРАН қалай құлады
жеке
блог

«Тұран» тақырыбының жалғасы.

«Қазақты, ешқашан сырттан келген жау алмаған!» - Нұрсұлтан Назарбаев.

«...Қытай мен Ресей (Еуропа), көшпенділерге күштері жетпегесін, оларды (кейбір) сатқын хандары арқылы басқарып отырды...» - Wilhelm Radloff, «AUS SIBIRIEN» кітабынан, 1893 жыл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінен: «...төрткүл дүниені билеген Шыңғыс Ханның нәсілдері бірін-бірі күндеп, өлтіріп, шабысып, хандыққа таласып, ақырында бөлек-бөлек кішкене хан болып, соның бәрін де аяғында Ресей алды. Жердің жүзін сілкінткен хандардың арты солай болды. Осыдан ғибрат алу тиіс.
Қазанды 1552 жылы алды. Аштарханды 1554-те алды. Башқұртты 1578-де, Қырым-Қобанды 1783-те, Дербендті 1796-да, Ереуанды 1837-де, Кавказды 1859-да алып, Шайых Шамил тұтқын болды. Қоқан менен Ташкентті 1865-те, Самарқандты 1868-де, Хиуаны 1873-те алды. Түріктен Батум һәм Карсті 1877-де алды. Түрікменді 1881-де, Маруды 1884 жылы алды... Көшім Ханмен соғысып Тұранды алған...».

Бұдан біз, Тұран халқының «бөл де, биле» саясатының құрбаны болғандығын көреміз. Тұранды өзгелер Тартария, кейде Татария деп атаған, қазір тағы дерек келтіремін.

 Ұлы Тартария

«Новейшая всеобщая география» кітабынан, Санкт-Петербург, 1809 жыл.

Бұл кітапта: «Ұлы Тартарияның шекарасы, ол: Қара теңіз, Каспий теңізі, Мұзды мұхит және Тынық мұхит аралықтары. Ұлы Тартария – ертеде Скифия деп аталынды. 15-ғасыр аяғында, Ұлы Тартарияның бір бөлігін Ресей жаулады, екінші бөлігі Манджуйлармен бірге Қытайда қалды, үшінші бөлігі Хандар қарамағында қалды.
Ұлы Тартарияның бас қаласы - Тобыл» делінген.

Тобыл қаласы бұрын Сібір деп аталынған. Бұл қаланы кейде Искер деп те атаған, бірақ «искер (ескер)» деген «көне, ескі қала» дегенді білдіреді. Көпшілік тарихи деректерде, бұл қала - Сібір хандығының астанасы болды, соңғы ханы - Көшім Хан делінген. Ресей, козактар көмегімен Сібірді 16-ғасыр аяғында жаулап алды, олар Көшім Ханмен он жеті жыл (1581-1598) соғысқан.

«Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді  мекен  еткен  Керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен тегі.
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ең даласын…»Қожаберген жырау.

 Тұран

«Universal History» кітабынан, Лондон, 1759 жыл.

Бұл кітапта: «Көшім Хан, қырық жыл Тұран елінде патшалықта болғаннан кейін, жасы жетіп соқырланғанда, Ресейден жеңіліп, Маңғыт (Қара Қалпақ) еліне кетті» делінген. Сондай-ақ, Шәкәрімнің де, Әбілғазының да шежірелерінде, Көшім Хан, Тұран үшін соғысты делінген.

Жоғарыдағы, бірінші кітапта айтылған Ұлы Тартарияның бас қаласы Сібірді, Ресей Көшім Ханмен соғысып жаулап алды. Ал, көрсетілген екінші кітапта, Көшім Хан, Тұран елінде патшалықта болып, Ресейден жеңілді дейді. Яғни, бұл деректен шығатыны: Ұлы Тартария - ол ҰЛЫ ТҰРАН!

«Universal History» кітабынан Көшім Хан генеалогиясы, жоғары қарай: әкесі Мұртаза хан – Мамудақ хан – Қажы Мұхамед хан – Али Оғлан – Бекқонды – Мың Темір (Құтлұқ Менгу Темір) – Бадақұл хан – Баһадүр хан – Шейбани хан – Жошы хан – Шыңғыс Хан.

Сібір үшін Көшім Ханның күресі

Көшім Ханды орыс деректерінде «Казацкий Царь», яғни «Қазақтың Ханы» деп атаған. Сібірді жаулап алуы бойынша анық деректер жоқ, қиял-өтірігі көп, бір-біріне қайшы. Солардың ойға келер кейбір (Ремезев, Карамзин, Миллер, Небольсин) деректері бойынша:

Ермак деген козак, өзінің қарақшыларымен Еділ (Волга) өзені маңында жолаушыларды, ауылдарды тонаумен өмір сүріп жүреді. 1579 жылы Кама бойында тұратын Строгонов атты көпестің шақыруымен, 500 қарақшыларымен соған келеді. Строгоновтың өзі бұл жерге 1558 жылы Ресей патшасының бұйрығымен, өзінің жұмысшыларымен және козак әскерлерімен көшіп келген. Ермак, қарақшыларымен екі жыл осында паналайды да, 1581-жылдың 1-қыркүйегінде Сібір қаласын жаулауға аттанады. Оның әскерлерін Строгонов от қарумен жарақтаған және 300 әскер қосып береді. Қажетті мәліметтерді тыңшылары арқылы алып отырады. Жолшыбай, Көшім Ханға тиесілі, егін еккен ауылдардың бірін тонап, тұтқынға түскен адам арқылы, Көшім Ханға хабар жібереді, «соғысқа келдім» деп.

Бір жағынан таң қалған, бір жағынан ашуланған хан, ұғлы, Махметқұлдың басшылығымен әскерлерін келген жауға қарсы жібереді.

Бірақ, Ермак, әскерсіз қалған Сібір қаласына, Тур өзенімен, қайықтармен төмен қарай жүзіп барып, шабуыл жасайды. Қаланы босатады да, Көшім Ханның ұлы, Алтанай Сұлтанды тұтқынға түсіреді. Махметқұлмен кеткен әскерлер келем дегенше қашып үлгереді.

«Сібірді алдым» деп, тұтқынға түскен Көшім Ханның ұлын Мәскеуге беріп жібереді. Хабар алған патша, ол жерлерді ары қарай жаулау үшін, оған дереу мол әскерді көмекке жібереді.

Осыдан бастап көп қақтығыстар болған. Махметқұл әскерлері козактарды Бабасан, Абалақ, Сауысқан жерлерінде шабады. 1582 жылы, козактар, тыңшылары арқылы Махметқұлдың орналасқан жерін біліп алады да, оны тұтқынға түсіріп, Мәскеуге беріп жібереді.

1584 жылы, Ермак, түнде өзінің қарақшыларымен Ертіс өзенімен қайықтармен жүрген кезде, оларды Көшім Хан тосқауылдан күтіп алады. Жағадан садақпен атқылап бастап, шабуыл жасап, козактарды қырады. Қайықтан секіріп қашпақ болған Ермак, суға батып өледі.

 Көшім Хан әскері

Козактарды жағадан шапқан Көшім Хан. Ремезов кітабынан. 1880.

Көшім Хан өзінің орнына үлкен ұлын Әлиді қояды. Бұл кезде Сібірді қайтару үшін, оның бұрынғы ханы Бекболаттың баласы Сейдек келеді. Ол, Көшім Ханға қарсы шығып, Әлиден Сібірді (тартып) алады. Содан кейін, Көшім Ханның біраз әскері Сейдекке сатылып кетеді. Бірақ, Көшім Хан өзі Ресей әскерімен соғысуын тоқтатпайды.

1585 жылы, Ресей патшасы бұл жолы Сібірге зеңбірекпен жабдықталған әскер жібереді, оны Мансұров дегені бастаған. 1587 жылы тағы да Шұлқов бастаған әскер жібереді. Ол, Сібір қаласына тақап, Тобыл бекінісін салып, Сібірді алған Сейдекті және Сұлтан мен Қараша атты әскербасыларын, айламен шақырып алып, тұтқындап, 1588 жылы Мәскеуге беріп жіберген. Басшысыз қалған Сейдектің біраз әскері, Ресейге сатылып, козак әскерлері қатарына қосылады. Бұл жылы Ресей әскерлері Об өзені бойындағы қалаларды алған, Ырғыз өзеніне дейін жеткен. 1590 жылдан бастап Сібірді колонизациялау басталған, яғни, жауланған жерлерге өз халқын көшіру, жергілікті халықты "құл" санау.

1591 жылы, Масалыв атты козак бастаған әскер, Есіл (Ишим) өзені маңында, Көшім Ханның қоныстанған жеріне шабуыл жасап, ханның екі әйелін және баласы Әбіл Қайырды тұтқынға түсіріп, Мәскеуге беріп жібереді.

1594 жылы Көшім Ханға патша хат жібереді, «...бізге беріл, балаларыңды босатамын...» деп, Сібір жерін тапсыруын талап етеді... Ақыры, патша оны жою үшін, Қазаннан, Свияждан, Тетүштен, Түменнен, Литвадан, Табордан, Шеркестен, Башқұрттан және жергілікті жерден жиналған әскерлерді, Көшім Ханның иелігіндегі жерге Тар атты бекініс салдырып, сонда орнатқызады. 1595 жылы, тыңшылары арқылы, Көшім Ханның ұлы Әлидің әскерлерін тауып алып шабады. Кейін, Көшім Хан орналасқан жерді біліп алып, сонда шабуыл жасайды. Көшім Ханды ұстай алмай, оның әйелін тұтқындайды, ол бұрын тұтқындалған Махметқұлдың анасы.

1598 жылы Ресей әскерлері Тар қаласынан Көшім Ханға аттанады. Тыңшыларының айтуы бойынша ол Об бойында, Ормен атты жерде орналасқан. От қарумен жарақтанған Ресей әскерлері, бес қарумен жабдықталған Көшім әскерімен таңнан түске дейін шайқасқан.
Бұл шайқаста мерт болған Көшім Ханның туыстары: інісі – Ілетен; ұлы Қанай; екі немересі, ол Әлидің ұлдары; күйеу баласы Бек Мырза (Ақ Мырза), ол ноғай мырзасы Исмаилдың немересі.
Тұтқынға түскендері: 30 жасар ұлы Асманақ, 20 жасар ұлы Шаим, 8 жасар ұлы Бипатша, 4 жасар ұлы Молда, 1 жасар ұлы Құмыш; үлкен әйелі (бәйбішесі) Сұлтаным, одан 3 жасар қызы Тұлұнбике; әйелі Сүйдежан, 10 жасар қызы Дерпадиша, 6 жасар қызы Мөндүр, 3 жасар қызы Қарашан; әйелі Жандаулеті; әйелі Ақтолын, 14 жасар қызы Гүлсипат; әйелі Ақсүйрік, 3 жасар қызы Ақханым; әйелі Сәулелі, 11 жасар қызы Әзеп; әйелі Құбұл Ханым; әйелі Шапшаң Ханым, ол бұрын тұтқындалған Әбіл Қайырдың анасы;  14 жасар қызы Құмыз; келіні Ханзада, ол Әлидің әйелі және ноғай бегі Дін Ахметтің қызы, 4 жасар немере ұлы Жансүйер; келіні Данай, ол Қанайдың әйелі және ноғай бегі Ұрұстың қызы, немере қызы Наурызбике; күйеу баласы Бек Мырзаның балалары: ұлы Жиен Махмет және қызы Лалтотай. Тұтқындалғандарды, Бүдүрлин деген козак Мәскеуге алып кетеді.

 Көшім Хан әулеті

Көшім Ханмен соңғы шайқас. Ремезов кітабынан. 1880.

Бұл жолы да Көшім Ханды қолға түсіре алмайды, ол Об өзенімен төмен қарай жүзіп құтылған. Ресей патшасының «беріл» деген хатын, Көшім Ханға, козактар Төл Махмет деген адам арқылы беріп жібереді. Төл Махмет, Көшім Ханды, Об өзенінің оң жағының төменгі жағында, орманда кездестіреді (Том аумағы). Қасында үш баласы және 30 шақты адамдары бар екен. Олар шайқаста мерт болған жолдастарын жерлеуге барады. Көшім Хан, Төл Махмет арқылы «он жеті жыл бойы соғыстым, жақындарымды жоғалттым, елден айырылдым, дәулетімнен айырылдым, қартайдым, соқырландым, бірақ, берілетіндей, Менің РУХЫМ СЫНҒАН ЖОҚ!» деп жауап қайтарады. Бұл жауапты, Төл Махмет 1598 жылдың 5 қазанында жеткізген...

Тұтқынға түскен Махметқұл, Ресейде әскери қызметте жүріп, Махметъ-Кул Алтаулович аталып жүрген. Кейін, оны әскербасы қылып, 1590 жылы шведтерге қарсы жіберген. 1598 жылы, Ресей патшасы Годунов, Қырымнан келген шабуылды тойтару үшін, Махметқұлды өзімен бірге алып шыққан. Ол, кей деректе Көшім Ханның ұлы, кей деректе інісінің ұлы деп көрсетілген.

Ал, тұтқынға түскен Әбіл Қайырға, кінәз Федор Ноготков дегеннің Ирина атты қызын ұзатқан. 1600 жылы «ханзада Әбіл Қайыр біздің дінді қабылдады, Андрей Кучумович аталды» деп жария салады... Әбіл Қайыр 1627 жылы қайтыс болған. (Родословная летопись. Москва. 1905).

Ресей әскерлері, Сібір қаласын, зәулім сарайларымен қоса қиратып, толық талқандап, соның үстіне 1621 жылы Ермак дегеніне ескерткіш қойған. Сібірді алу үшін қаланған Тобыл бекінісі, соның дәл қасында.

Тобылды (Сібірді) өртеген кезде, ішіндегі барлық құнды заттар, бұйымдар, құжат-деректер жойылған ("Из Сибири", Геденштром, 1830).

Кей дерек бойынша, 1623 жылы жазылған хат бар дейді, онда «Назар деген козак, Көшім Ханның ұлын, Әлиді, әйелімен және балаларымен қоса тұтқындады» делінген.

Ақырында, Сібірді жаулап алды. Сібір құлағаннан кейін, қазақ жерінің түкпіріне жол ашылған.

Әрі қарай, Көшім Ханның және тұтқынға түскен жанұясының тағдыры белгісіз...


* Сібірді алуы туралы, 1-2 ғасыр өткеннен кейін, әр тарихшы әртүрлі жазған.
* Марко Поло, Сібір (Тұран) елін "көпірлер елі" деп атаған, ол Еуропадан Құбылай Ханға саяхатпен барған кезде, 12 мыңнан астам тас көпір санаған.
* "Көшім Хан мен Сүзге" туралы жыр белгілі. Сүзге ханымды орналастырған жер, Сүзге атымен, Сүзгүн мүйісі деп аталған. Көшім хан, Сүзге ханымға жұма сайын қатынап тұрған.