Бір тәулікте жасалған ақылды қала көрінісі

Бір тәулікте жасалған ақылды қала көрінісі
жеке
блог

Жаппай цифрлы жүйеге көшу - уақыттың талабы. Сыр өңірінің білікті мамандары да цифрландыру жағынан кенде емес. Жергілікті мамандар Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген Қызылорда қаласының 3D форматтағы нұсқасын жасапты. Дарияның арғы бетіндегі қала туралы толыққанды ақпарат беретін бұл жұмыс жоғары бағасын алып та үлгерді. Небәрі 24 сағаттың ішінде жасалған жоба туралы авторларынан сұрап білген едік.

Ердәулет Есмағамбет, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ магистранты:

– Бұл жұмысты бар-жоғы бір тәулік ішінде жасап шығуымыздың өз себебі бар. Өйткені, 2017 жылдың желтоқсан айында Қызылордада алғаш рет «HackDay» байқауы ұйымдастырылды. Бұған дейін өнертапқыштар сайысы Алматы қаласында ұйымдастырылып келген. Сол жолы тұңғыш астана ретінде біздің қаламызға таңдау түскен екен. Өз шаһарымызда өтетінін естіген сәттен бастап «HackDay»-де бақ сынап көрелік деп шештік. Мұндай шаралар біздің қаламызға аса қажет екенін сезіндік. Аз ғана студенті бар Қызылорданың жастары ерекше белсенділік танытты. Тың дүниелер өте көп болды. Шамамен 500-ге жуық үміткер қатысты. Байқауға қатысушылар ІТ, контент және медиа, кино және телевидение салалары бойынша жұмыстар жасады. Байқау талабы бойынша үміткерлер берілген тапсырманы 24 сағат ішінде орындап шығуы тиіс. Идеялар сол уақыт аралығында жүзеге асырылды. Осы байқауда біздің жасаған жұмысымыз бірінші орынға ие болды.

Бағдат Қадырбеков, ҚМУ-дың «Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру» басқармасының бағдарламаушы маманы:

– Жобамызға Қызылорданың сол жақ беткейіне салынып жатқан ерекше сәулетті қала көшелерінің бірін таңдап алдық. Сол көшенің 3D форматтағы нұсқасын жасап шығардық. Яғни, біздің жұмысымызды көрген әрбір адам өзін сол маңда жүргендей сезінеді. Мұндай форматтағы жұмысты елімізде өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде Монако мемлекетінің павильонынан байқаған едік. Көрмеге келушілер 3D нұсқада Монакода саяхаттап жүргендей әсер алған еді. Біздің жоба да осыған ұқсас. Халыққа көше бойындағы ғимараттар мен дәріхана, дүкен, емхана, тағысын тағы қажеттіліктер туралы толыққанды ақпарат беруге мүмкіндігі бар. Қызылорда қаласының әрбір аялдамасынан қазақ халқының ақын-жазушылары, Алаш зиялылары, елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы жазылған мәліметтерді көреміз. Байқап қарайтын болсақ, жазбаның төменгі жағында штрих-код тұр. Біз қолданып жүрген бағдарламаны смартфон немесе планшеттерге жүктеп алып, 3D объектісінің коды тұрған суретке экранды жақындату арқылы көз алдымыздағы мәтіннің аудио-бейне нұсқасын көруге әбден болады. Бұл бағдарламаның өнімдері барлық адамға қолжетімді. Playmarket жүйесі арқылы жүктеуге тиімді. Біз жасаған жоба да алдағы уақытта рlaymarket-ке салынбақ. Әзірге сол үшін қаражат жағын реттестіру үстіндеміз. Алға қойған мақсатымыз өте көп, әрі ауқымды. Қаланың әр бұрышы цифрлы жүйемен жұмыс істесе екен деген ниет көкейде сайрап тұр. Ол үшін білек сыбана кірісіп те жатырмыз. Бағдарламалаудың қыр-сырын үйреткен жетекшім, ІТ маманы Нұрлан Құлмырзаевтың берген бағытының арқасында біршама пайдалы дүниелерді жасап шығарсақ дейміз. Қолға алған жобаларды аяқтап, көпшіліктің игілігіне ұсыну үшін көп еңбектенуіміз қажет.

Виртуалды шындық кез келген нысанды өзіңіз қалағандай үш өлшемді бейнеде көруге мүмкіндік береді, - дейді өнертапқыштар. Бүгінде 3D бейнелері барлық салада қолданыла бастады. Мәселен, медицина, физика, биология, механика, сәулет-құрылыс, білім беру, ақпарат алмасу, тағы да басқа салаларда 3D форматындағы құрылғылар пайдаланылып жүр. Тіпті, тарихи кезеңдердің де 3D бейнесін жасауға болады. 3D бағдарламасын қолдану аясы өте кең, шектеу жоқ. Әсіресе, бұл әдіс жарнама үшін таптырмас құрал бола алады.

– Қазіргі қоғамды жарнамасыз елестету мүмкін емес. Мәселен, аяқ киім бизнесімен айналысатын кәсіпкердің кәсібін мысал ретінде алып қарайық. Көп жағдайда киім сатып алу үшін тұтынушылар тиісті сауда орындарына баруы тиіс. Ал, біз айтқан бағдарламаның көмегімен біршама жұмысты жеңілдетуге болады. 3D арқылы аяқ киім каталогын жасап, кәсіпкер оны мекен-жайларға таратып шықса болғаны. Каталог 3D бағдарламасымен жасалғандықтан, сатып алушы одан өзіне қажетті мәліметті ала алады. Үш есе үлкейтілген нұсқада болған соң, өнімнің түр-түсін, өлшемін дәл қасында тұрғандай көре біледі. Осылайша кәсіпкер бизнесін жандандыра түседі. Бұл жарнаманың дамыған бір түрі, – дейді ІТ маманы Бағдат Қадырбеков.  

Кез келген салаға 3D арқылы қарай білетін Бағдат Назарбекұлы таяуда биология пәніне байланысты ерекше жұмысын бастапты. Бұл жобаның білім алушылар үшін теория мен тәжірибені қатар меңгеруге таптырмас құрал болатынына сенім мол дейді ол. Өйткені, кітап бетіндегі теориялық мәтін тұсындағы суретке ұялы телефондағы бағдарлама арқылы экранды жақындатқан кезде суреттің 3D форматтағы нұсқасын көруге болады екен. Мәселен, жүрек, ми, бүйрек, тағы да басқа ағзалар туралы сабақ өткен оқушы 3D – мен әр ағзаны жақыннан, әр қырынан көріп таныса алады. Сабақ барысында осы әдіс қолданылса, оқушының пәнге деген қызығушылығы одан сайын артып, есте сақтауына көмекші құрал болар еді, – дейді маман. 

Виртуалды шындық кез келген нысанды өзіңіз қалағандай үш өлшемді бейнеде көруге мүмкіндік береді. 3D – принтинг сандық технологияның озық үлгісі ретінде бағаланып отыр. Бүгінгі тұрмысымызға енген мобильді банкинг, онлайн-бизнес сынды цифрлы жүйелер уақытты ұтымды пайдалануға жол ашты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі принципі де экономиканы дамытуға, кез келген қызметтің жылдам әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағытты ұстанған қазақстандық  ІТ саласының мамандары «ақылды басқару» бойынша тың жаңалықтарын ортаға сала бермек деген сенім мол.