НЕГЕ БІЗ ОСЫ...

НЕГЕ БІЗ ОСЫ...
жеке
блог

                                                                                         (жолсапар күнделігінен)

Қазақта «дәм тартса»,  «дәм айдаса» деген әдемі сөз бар. Жаны бар сөз... Биылғы маусым айында үш ай бұрын арнайылап шақырған ақын досымның (ағатайымның) шығармашылық кешіне барудың сәті түсті. Ақтау қаласында тұратын Маңғыстаудың белгілі ақыны Рақат Қосбармақтың шаңырағының дәмі тартып, жолға шықтым. Ақын шығармашылығы жайлы сәл кейінірек...

Пойыздың әйнегінен қазақтың ұлан-ғайыр даласына көз тастап келем. Неге екенін, пойызға отырсам болды, Асанәлі ойнаған «Трансібір экспресінің» үзік-үзік кадрлары ойыма оралады.

 

Ей, тәкаппар дүние! 
Маған да бір қарашы. 
Танисың ба сен мені? 
Мен қазақтың баласы! 

Қазақтың кең даласы... Қазақтың жері... Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары...  Бірақ көңілім су сепкендей басылды...

Жолдың айналасы қоқысқа толы, ешқашан шірімейтін сусынның пластмасс құтылары, жылдам дайындалатын тағамдардың пенопластан жасалған ыдыстары, темір қалбырлар... Не жоқ дейсіз...  Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай жеңіл немелер қозыкөш жерге дейін ыбырсып шашылып жатыр... Жапан түзді арнайылап барып тазалап жатқан кім бар, күні ертең тау-тау болып үйілген қоқыстардың арасымен жүріп бара жатқан пойыздағы өзге ұлт қазақ жайлы жақсы ой ойламайды-ау... Жердің иесі – қазақ,  ендеше, жаманаты да сол қазаққа – өзімізге келетіні қаперімізге кірмейтіні қалай...         

            Неге біз осы...

 

                                              ***

Қара жолдың бойынан жолаушы нені көзі шалмайды дейсің... Межелі жеріме жеткенше Қазақстанның бес облысын басып өттім. Шағын ғана ауылдар, аудан орталықтары, қалалар,  стансалар мен разъездер... Сәл алысырақта дүниеден өткендердің мәңгілік мекендері – қорымдар... «Жатқан жерлерің жайлы болсын» деп олардың тұсынан бет сипап өткен сайын бойым тітіркеніп-ақ қалады... Неге дейсіз бе? Бірінен-бірі асып түскен айшықты мазарлар, күмбездер сән-салтанатымен көз тартады.  Ал тіршілігі бітпеген, татар дәм-тұзы таусылмаған пенделердің үйлері жұпыны, сылақтары түсіп қалған... Көп ауылдың тоз-тозы шығып кеткен...  Көзіме де, көңіліме де сыймаған көңілсіз көріністер... Алла тағала садақаға сабылтпай, топырлап барар тойға тап келтіргей... Басқа не тілейін...

 

                                                   ***

 

«Шымкенттіктердің тілі майда, өздері қу ғой»... Біртүрлі естілді... Жанымда отырған тынымсыз топ-томпақ қызы бар келіншектің айтқаны... Өзі қай жерден мініп еді... Есіме түсе қоймады. Неғып екенін қай жақтан екенін сұрағым да келмеді. Тек әлгі сөзді естігенде сонау абитуриент кезде танысқан шымкенттік құрбымның көз алдыма келгені... Әлгі келіншекті күйеуі қостап жатыр...  «Не шықса да, шымкенттіктерден шығады»... Бетімнен біреу салып қалғандай болды... Ең алғаш әлгі құрбыммен Шымкент қаласына қонақ болып барғаным еріксіз еске түсті. Көл-көсір пейілге, аңқылдаған ақжарқын жандардың шынайы ниеттеріне, өзіме деген кіршіксіз көңілге тойып, жаным семіріп қайтып еді сол жолы. «Шымкентский вариант қой...». Бұл да құлаққа түрпідей тиді. Осы сөздер түк ұнамайды. Әлгілерді жек көріп кеттім... «Көбі жаратпайды ғой ол жақтың адамдарын, жақтырмағаныңа қарағанда шымкенттік болдың ғой...». Арсыз күлкі, ойсыз сөз... Шығыстың қызы екенімді айттым. «Онда сенің нең кетті...» деген көзқарас... Әңгімем жараспады... Өйткені менің еліктің лағындай ерке сіңілім де Оңтүстіктің тумасы еді.

             Неге біз осы...