Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындары арасындағы робототехникадан республикалық чемпионаты

Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындары арасындағы  робототехникадан республикалық чемпионаты
жеке
блог

 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Жастар жылы аясында 2019 жылдың 15 ақпан күні «Халық Арена» мұз сарайында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 10-жылдық мерейтойына арналған тұңғыш рет студенттер арасында Робототехникадан "IITU Robocon 2019" республикалық чемпионаты өтеді! Қазақстанның үздік 15 студенттік командасы  робототехника саласындағы чемпион атағына таласу үшін бір ойын алаңында бақ сынасатын болады.

"IITU Robocon 2019" чемпионаты - Arduino платформасы базасында өткізілетін робототехника бойынша электроника, механика және бағдарламалауға қабілетті жастар командалары арасындағы жарыс. Ол болашақ жас ғалымдарға роботтарды өз қолымен құрастырудан бастап роботтың интеллект бағдарламасын жазуға дейінгі механизмді үйретуге мүмкіндік береді. Яғни чемпионатқа қатысушы - электроника және робот техникасы саласындағы ғылыммен айналысатын кез келген ғылыми институтқа кіші лаборант лауазымына жарамды дайын жас маман.

Фото

Робототехникадан студенттер арасындағы чемпионат "Цифрлі Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы мен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында бас демеушіміз - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының және Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен өткізілуде.

Аталған іс-шараның мақсаты Қазақстан жастарының жаңаша технология мен электрониканы меңгеруге қызығушылығын арттыру және еліміздің инновациялық қызметіне белсенді қатысуы үшін қазіргі заманғы техникалық білім беру болып табылады.

 Фото

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті 2012 жылдан бері Әлемдік ABU Robocon робототехника чемпионатына қатыса отырып, Қазақстандағы робототехника бойынша құзіреттілік орталығына айналды. Бұл талантты жастарды робот құрастыру, механика және электроника саласына тарту арқылы еліміздегі робототехника деңгейін халықаралық дәрежеге көтеруге мүмкіндік береді.

ИТ Университет қабырғасында алғашқы күннен-ақ робототехника лабораториялары жұмыс жасайды. Ол үшін ИТ университет барлық қолдау шараларын жүргізуде: студенттеріміз жыл сайын Қытай, Жапония, Үндістан, Корея елдерінде өткен Әлемдік ABU Robocon робототехника чемпионатына үздіксіз қатысып отырады және қатысушы 30-35 мемлекеттің арасында нақты 12-15 орындарға ие.

Сонымен қатар, университет бастамасымен ҚР Білім және Ғылым министрлігі бекіткен  робототехника бойынша оқыту бағдарламасы құрастырылып, «Өрлеу» орталығының 80 астам мамандары біліктілікті арттырудан өтіп, олар өз кезегінде Қазақстан бойынша 2 500 жуық мектеп мұғалімдерін оқытты. Оған қоса, өткен жылы ИТ университет демеушілігімен Алматы қаласында 10 астам мектептерде робототехника лабораториялары ашылды. Жыл сайын «Шеврон» компаниясының қолдауымен мектеп оқушылары арасында робототехникадан чемпонат ұйымдастырылады. Бұл чемпионат 2015-2017 жылдары Алматы қаласы және облысы көлеміндегі 15 мектептің қатысуымен өтсе, 2018 жылы алғашқы рет Астана, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған қалаларынан  қатысуымен республикалық деңгейде өткізілді.

Қазақстан үшін робототехника өте жас сала. Жапония, АҚШ, Германия сияқты робототехника саласындағы жетік елдердің  дәрежесіндегі өндіріске жету үшін жылдар бойы тынымсыз еңбектену қажет. Осы орайда, ИТ университеті мектеп жасынан электроникаға қабілетті балаларды танып, оларды арнайы робототехника бағытын меңгеруге баулу, ынталандыру және алған білімдерін жетілдіру жолында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Алдағы жылдары жас ғалымдарымыз құрастырған роботтар әлемдік индустрияға шығатындай нәтижеге қол жеткіземіз деп сенеміз.

 Фото

 

Фото

Фото

Тургамбаев Медет Камалұлы

Халықаралық технологиялар университетінің әкімшілік

және қолданбалы қызмет жөніндегі проректоры