Қазақ тілі

Қазақ тілі
жеке
блог

Қазақстан дамыған сайын, қазақ тілі құлдырап бара жатыр ма- деп ойлаймын кейде. Қазақ тілінің осындай аянышты халіне кім жауапты? Үкімет пе, әлде халық па? Рас, кеңес үкіметі заманында тілімізге де, дінімізге де шектеу қойылды. Ал бірақ қазір ше, адамдарды қазақша сөйлемеуге не итермелейді? Қазақша сөйлесем "колхоз" болып қалам ба деген қорқыныш па, әлде жағдайдың өзі бізді орысша сөйлеуге итермелей ме? 
Иә, қазақ тілі жылдан жылға құлдырырап бара жатыр. Кінаны кімге тағамыз, мемлекеттік жиналыстардың өзінде кілең қазақ жиналып отырып, қазақша екі сөздің басын зорға құрайтын шенуніктерге ме, әлде еліктегіш халыққа ма? Бұл жерде екі талаптыда кіналауға болмас, таза қазақ тілінде сөйле деп талап етіп тұрған заң болмаған соң, орыс тілінде білім алған көп ағаларымыз қазақ тіліне шорқақтау келіп жатады. Халық әрине көргенін істейді. 
Сонау өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарына дейін Қазақ АКСР-і болып келсек, одан кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасына айналдық. Ал әр мемлекеттің өзіне тән рәміздері, ұлттық тілі қабылданады.Сол кезден бастап қазақ тілінің аясы кеңи бастады. Қазақ тілінде газает-журналдар көбейіп, ұл мақтаныштары бейнеленген төл теңгеміз пайда болды. Бірақ неге осының бәріне қарамастан, қазақ әйтеуір қасындағы адамның ығына жығылып, орысша сөйлеуге даяр тұрады. Оны қойшы, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесетінін қайтерсің. Сұрастырып келіп қарасаң екеуі де қазақша білмейді емес, біледі, бірақ сөйлемейді. Қазақ тілін былай ысырып қойып ағылшынша үйренуде. Сонда қазақ тілі "қарапайымдарға" арналған тіл болғаны ма, сонда элита өкілдерінің тілі орысша-қазақша араласқан дүбара тіл ме?Жоқ әрине , қазақ тілі қазақ халқының ұлттық тілі, солай болып қала да бермек. 
Тіл-ұлттың айнасы, тілімізді жоғалтсақ, өзімізде жоғаламыз, ұлт болудан қаламыз. Сол себепті тілімізді сақтап қалу мәселесін, ұлт болып қалу мәселесін бүкіл ел болып қолға алуымыз керек. Әрине бұл жерде мәдениет өкілдерінің рөлі ерекше. Тілдің маңыздылығын кино арқылы қалың елге ұғындырып, ондай киноларда таза қазақша сөйлейтін актерларды ойнатса нұр үстіне нұр болмақ.
Үш тұғырлы тіл бағдарламасы-бұл жоба көптеген жастардың мүмкіндігін ашып, әлемдік деңгейде білім алуға көмектесуде. Осы жоба Қазақстанды көп тіл білетін жұрты бар білімді ел етері анық. Тіпті қазір "Болашақ" жобасымен мемлекеттен қолдау тауып, шет ел де әлемдік стандарттарға сәйкес қаншама қазақ жастары білім алып жатыр. Бұл жастардың алдынан болашаққа деген көптеген есіктер ашылуда. Қазақ тілінен пайда жоқ екенін жастарда біледі, түсінеді. 
Мұхтар Әуезов: "Ел болам десең, бесігіңді түзе" деген. Расында да бала тәрбиесі бірінші орында, себебі қазақ тілінде оқып, қазақы тәрбиеленген бала ешқайда кетпейді.Мен жастардың көп тілді полиглот болғанына қарсы емеспін, керісінше қолдаймын. Бұл жерде айтпағым, жас баланың миын артық ақпаратпен толтырмау керек. Ағылшынша бірінші емес, бесінші сыныптан бастаса да жетіседі. Балаға жас кезінде қазақ тілін меңгерту керек. Осы тұрғыда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін Жапон елінің тәжірбиесін, ескермей кетсек болмас. Онда балалар 5 сыныпқа дейін, тек қана өз ана тілдерінде оқиды.Осы орайда есіме Несіпбек Айтұлының "Қуатым - ана тілім" өлеңі түсіп отыр:

Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,

Айтады ана тілсіз кім түбіңді?

Қайсібір қандастарым шүлдірлесе,

Жүрегім біз сұққандай мың тілінді...

Қорыта келе айтпағым, қазақ тілі менімен сенің ғана емес, бүкіл елдің ертеңі. Бабаларымыз бізге бұл тілді қорласын деп емес, қадірлесін деп қалдырды. Біз біреуге бодан емеспіз, азат халықпыз. Өз елімізде жүріп, өз топрағымыздың ауасын жұтып отырып, қазақша сөйлемегеніміз бабаалар әруағына жасаған қиянатымыз болмай ма? Ойланайық...