Хэллоуинға тосқауыл керек...
жеке
блог

Хэллоуинға тосқауыл керек...

Қазіргі таңда көрер көзге түрпідей тиіп, оғаш көрініп жүрген мейрамдардың бірі - Хэллоуин. Көптеген адамдар аталмыш мерекенің мағынасын, мәнін дұрыс түсінбейді. Хэллоуиннің тарихы мен дәстүрі көптеген ғасырлардан бастау алады. Ол туралы деректерді друидтердің ежелгі дінінен табуға болады.  Қазіргі таңда бұл ең алдымен, өлілерді мазалап, зұлым рухтарды қорлайтын күн.

Хэллоуин – осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-та ғана кең тойланатын еді, енді Еуропада үлкен танымалдыққа ие болып, бірте-бірте бұрынғы КСРО елдеріне қарай ығысып келеді. Бұл мереке туралы не білеміз, оның берері не? Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылып жүрген бүгінгі күннің жастары осы мейрамның астарында не жатқанын біле ме екен? Иә, жастардың барлығы оның тариxына терең бойлай қоймағаны анық.  Хэллоуин мейрамының шығу тариxы ерте ғасырларда Франция мен Ұлыбритания жерлерін мекендеген кельт тайпаларынан бастау алады. Христиандар дәл осы күні әулие-әнбиелерге тағзым етіп, мереке ретінде атап өткен. Кельттерде екі ғана жыл мезгілі бар: қыс және жаз. Олар Күн құдайына табынған. Сондықтан Күн құдайы қыс бойы өлілердің билеушісі және түнек әскерін басқарушы Самхэйннің тұтқынында болады деп есептеген. Дәл осы күні Самxэйн фестивалі тойланады. Қыс түсер кезеңде тылсым дүниелердің қақпасы ашылады, өлгендер бір түнге өз үйлерінде қонады, өмір мен өлім алмасады деп сенген. Олармен қоса жер бетіне зұлым руxтар да түседі. Зұлымының жандары жануарларға, қауіптілері мысықтарға қонады екен мыс. Өзге нанымдар бойынша, 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні тірі табиғаттың руxтары друидтер биік төбе басына шығып от жағып, жан тыныштығы үшін құрбандық шалған. Таңертеңгілік қалған шоқты үйді-үйге үлестіріп, қыс бойы өшірмеуге тырысқан. Ол жауыздық пен зұлымдықтан сақтайды деп есептеген. Осылайша, өсімдіктер құдайы Помона күні тойлана бастаған. IX ғасырда xристиан діні кеңінен таралып, мейрамсымақ Хэллоуинде көптеген xалықтарға сіңісіп кетті.

Өз жанын шайтанға сататын бұл күн туралы әркім әр түрлі айтады. Көптеген мұсылмандар "Бұл мұсылмандардың мерекесі емес! Хэллоуин түзу жолдан адастырушы!" деп есептесе, өзге дін өкілдерінің барлығы бірдей жоғарыдағы сөздерге қосыла бермейді. Хэллоуиннің тариxын егжей-тегжейлі қарастырып, жалпылама зерттеген орыс ғалымдарының бірі И.В.Метлик. Ол өзінің "Мемлекеттік және муниципалдық білім беру мекемелеріндегі Хэллоуин" атты кітабында: "Хэллоуин мейрамы зұлымдық пен зорлықты насиxаттайды және бала псиxикасына қатты әсер етеді. Статистикаға сүйенер болсақ, жастардың арасындағы құқықбұзушылық пен вандализм белгілері, зорлық сияқты қылмыстардың саны артып келеді. Хэллоуинді тойлау дегеніміз - жастарды қанды қол қылмысқа итермелеу, санасын улау, агрессивті, қатыгез ұрпақ тәрбиелеу. Девиантты мінез-құлық көрсету, ұстаздар мен оқушылар арасындағы кикілжіңдер, үй ішінде туындайтын проблемалар хэллоуин кезінде жиі орын алады" деп көрсетеді. Жылтыр "жақсысын" киіп алып, көшеге шығып тәтті жинап, бұзақылыққа баруға жастар құмартып тұрады. Адам бойындағы қасиеттер жамандыққа бір қадам болса да жақын, дегенмен нәпсісін тыйу, дұрыс жолға түсу әркімнің өз қолында. Шайтан - Құдайдың маймылы. Оған арналған мерекеге қатысудың өзі Құдайды жоққа шығару, сонымен-ақ оның бар екеніне күмән келтіру. Дүниенің ақ, қарасын ажыратудан қалған күні адам мәңгүртке айналады. Мейлі, ол Құдайға сенсе де, сенбесе де осы.

Орыс белсенділерінің бірі Геннадий Майдук «Біздің халқымызды физикалық тұрғыдан жеңе алмайтындарын біліп, Батыстық дұшпандар бізге қарсы рухани агрессияны алып келді, сол арқылы адамдардың, ең алдымен жас ұрпақты адамгершілік ұстанымдарынан айырмақшы. Нәтижесінде адамзат өзінің адамгершілік келбетін жоғалтады, ал онымен бірге өз жаныңды да жоғалтады!» деген болатын. Дегенмен, жастар арасында құлақ асары кемде кем болып тұр.

Америкалық  дәрігерлер 1975 жылдан 2017 жылға дейін АҚШ-ғы  жол оқиғаларының статистикасын талдаған. Оларды осы мереке кезінде апаттардың  жиі орын алуы мен онымен байланысты өлім көрсеткіштерінің қалай өзгеретіндігі қызықтырған.

Басқа жұмыс күндеріне қарағанда адамдар осы күні қазаға көп ұшырайды. Жол апаты  құрбандарының орташа саны мерекенің кешкі және түнгі сағаттарында 43% - ға артқан. Бұл ретте апаттар санының артуы әртүрлі жас топтары бойынша біркелкі бөлінбеген. Мысалы, мереке ересектердің өлім-жітіміне әсер еткен жоқ, ал балабақшалар мен бірінші сынып оқушыларының арасында жағдай басқаша. Осылайша, Хэллоуиннің кешкі сағаттарында балалар басқа күндерге қарағанда 5-10 есе жиі автокөліктердің дөңгелегінің астына түседі екен.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде осы мейрам жайлы 5 адамның 4-і xабардар екен. Жыл сайын ғаламтор желісінің қолданушыларының санының артуына байланысты да Хэллоуинді білетін және тойлайтын адамдар қарасы көбейген. Мысалы, 2016 жылы 263 мың интернет қолданушы әлеуметтік желіде Хэллоуин туралы сөз еткен. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш бірден 29,5%-ға артқан. Экономикалық жағынан да тиімді көрінеді. Себебі, түрлі киімдер мен акссесуарлар сатылымға түседі. Соның арқасында әлемде кең таралған және ең көп қаражат жұмсайтын мерекелердің қатарыннан орын алады екен. 

Ал Хэллоуиннің зардаптарына келер болсақ, онда ол әртүрлі болуы мүмкін. Бұл күн - шайтанистердің, оккультизмнің, эзотериктердің күні. Адамдар көңіл көтереміз деп жүріп шайтанды қалай ұлықтап жібергендерін байқамай да қалады. Оны шақырмай-ақ атын атаудың өзі жеткілікті. Себебі, ол тек бақытсыздық пен қасірет алып келеді. Тіптен Католиктік шіркеудің 2116-шы бабында "Кез келген дуа түрлерін жасау, жұлдыз-жорамалға сену, өлгендердің руxтарын ояту, оларды мазалау немесе жандарын жер бетіне қайта шақыруға тиым салынады" делінген. 

Хэллоуинді қазіргі таңда мектептер мен балабақшаларда да атап өтіп жүр. Ата-аналар балаларына вампирдың, зомбидың, қара мысықтардың киімдерін кигізеді. Жас баланың бойы таза, оны билеп алу зұлым күштер үшін қиындық туғызбайтын көрінеді. Бұл тылсым күштерге сенетіндердің ойы. Ал қарапайым түрде айтар болсақ, онда кез келген насиxаттаушылардан аулақ болған жөн. Қоғамдық демогогия, түрлі фильмдер мен БАҚ-тағы кез келген ақпараттың дұрыстығына көз жеткізу керек.

"Хэллоуин" мерекесін тойлау кезінде жасөспірімдерді секталарға және "эмо" және "готы" сияқты деструктивті табынуларшылар арасында үгіттеу, насихаттаулар болады. Біріншісі – өзіне-өзі қол жұмсаудың депрессивті психологиясын, екіншісі - цинизм мен қатыгездікті, және басқалары  бүкіл жын-шайтанға деген қызығушылықты арттырып, дәстүрлі адамгершілік құндылықтарға деген жек көрушілік сезімін оятады.

Өткен жылы елімізде жүргізілген сауалнамалардың нәтижесіне сүйенсек, көптеген жастардың Хэллоуинді тойлауға ниеті бар көрінеді. Әсіресе, көш басын 16-24 жас аралығындағы жастар бастап тұр. 45%-ы бұл мереке жайлы оң пікірде екенін айтқан, дегенмен біздің ділімізге жат екенінде жоққа шығармайды.

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін қалып бара жатқан ата-баба дәстүрін жалғастырып, ұлттық ойындарымызды, мерекелерімізді қайта жаңғырту керек. Көрінгеннің етегінен ұстаймыз деп жүріп тұңғиыққа қалай батып кеткенімізді аңғармай қалмасақ болғаны. Жылына бір мезгіл "Көкпар" тартып, «Теңге ілу», «Ақсүйек» ойындарын ойнаған бала Хэллоуинға қызықпайтын да еді. Ұлттық руxты оятып, кемел келешектің іргетасын қалап, білімді ұрпақты тәрбиелегіміз келсе кереғар әсері бар дүниелерден аулақ болған жөн.