“АЙҒАЙЛАУДЫҢ” АЛУАН ТҮРІ

“АЙҒАЙЛАУДЫҢ” АЛУАН ТҮРІ
жеке
блог

“АЙҒАЙЛАУДЫҢ” АЛУАН ТҮРІ 

Әдетте көп нәрсені бірнеше топқа, бөлікке бөліп жатамыз ғой. Сол секілді, айғайлауды да алуан түрде қарастыруға болады екен. Дәл қазіргі жағдаймен санаса отырып, оның санын бармағымды кезек-кезегімен бүгіп санап көрсем пе дегенмін. Артынша айнып қалдым. Ашық айтқаннан, үндемей қоя салып, тып-тыныш отырған маған да жақсы секілді. Бұлай деуіме себеп, қазір ісі басқа, сөзі басқа адамдар көбейді. Бетіңе күле қарап, артыңнан жылатардай сөз айту бұрыннан да бар шығар. Бірақ, қазір адамның азаматтық ойын шектеу тым асқынған. Бұқар жырауша толғатсақ, қазір “бауыздамай ішер қаныңды, өлтірмей алар жаныңды” болып тұр. Әлгінде айтқандай, айғайлау қызметіне, айтылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Ал, мен бүгінгі жазбамда “тілді тістеп айғайлау” әдісі мен ауызды жауып айғайлау әдісіне тоқталамын. Өйткені, біздің елде бұлар мықты жолға қойылып, жоғары қарқында дамып келеді.

Айғайлайтын жерде ауыз ашпаудың айып екенін бұған дейін де мен әр жерде айтып, жазып жүрмін. Белгілі бір мәселені желіде мақтап, жайшылықта даттайтындарды да білемін. Немесе керісінше, желіде батыр көрініп, бетпе-бет келгенде кемшілігін айта алмай әуреге түсетіндерді қайтесің? Аяйсың, басқа амал жоқ. Айпақшы, әлеуметтік желілерде фейктердің (өз аты-жөнімен тіркелмегендер) дәурені жүріп тұр. Қожайыны “айт” деп айтақтаса, балтырыңды қанатуға бар. Былайынша уақытта балағыңнан тістелеп ойнауын бір доғармайды. Олар өзі қалаған нәрсені айта алмайды, тиісінше қаламағанынын айтуға мәжбүр болады. Саналы түрде біреудің басыбайлы құлы секілді. Өмірдегі ең үлкен ақымақтық – өтірік айту дейтін болсақ, олардың кім екенін жазып отырудың өзі ыңғайсыз шығар.

Қысқасы, біздегі атқарылған жұмыстар лүпілмен (лайк) бағаланатын деңгейде. Ал, лүпілдететіндер сатылады. Көрдіңіз бе, адамнан қулық артылмайды. Түйткілді тақырып, өзекті, өткір жайттарға келгенде жаңағы жандайшаптарды көре алмай қаласыз. Олар майшаммен қарайтын мәселелерді қозғауда үн-түнсіз қалыс қалады. Естуімізше, оларға мәселе көтерген жазбаларға орынды пікір жазуға үзілді-кесілді рұқсат жоқ. Бірақ, қарсы пікір жазып, жеке адвокаты секілді шыр-пыр болып қорғауға құқық берілген. “Қитұрқылыққа қашан құрық бойлап еді?” дейсің осыдан кейін. Сондай жалдап алған жандайшаптардың пікірінен кейін қарыштап не қарыстап дамып жатқанымызды білмей де қаламыз. Негізі біздің елдің қарыштап дамығанын естігіміз емес, көргіміз келеді. Әрине, мүмкіндік болса...

Кейінгі кезде “сатылмаған не қалды?” деген сауал қалың бұқараға еркін қойылып жүр. Осындай көкейтөсті сауалдарға жауап беріп, өз ойын ашықтан-ашық айғайлап айтатындардың азайғаны жақсы нәрсе емес. Өз пікірі жоқ адамнан қорқу керек. Ал, өзі – сатылаған, пікірі – біреудікі болған заманда шындықты өз қолымызбен жерлеуге асығып жатырмыз. Осыны тілімді тістемей “айғайлап” айтуға тырыстым, қайтадан аузымды жауып айтқызуға талпынатындар табылып қала ма екен? Қайтсем екен, ә!

Рыскелді ЖАХМАН