Сәби шопан

Сәби шопан
жеке
блог

Бұл еңбектей бастаған сәби шағымда жоғалып-табылғаным жайындағы қорқынышты оқиға.

    1964 жылдың мамыр айында әскер қатарынан  демалысқа елге  келген Аппаз көкемді қырда, көктеуде киіз үйде отырған бауырлары қонақ етіседі.Түннің бір мезгілінде үйге оралған әкем, емізулі баласы болғандықтан  үйде қалып, ұйқыда жатқан анамның қасынан нәрестені көре алмаған соң:

 - Сәуле, бала қайда ? – деп сұраса, ұйқылы-ояу жатқан анам:

 - Бесікте жатқан болар?- дейді.

 - Әй,  тұр, бесікте де басқа жерде де бала көрінбейді, – дейді шошына.

      Бауырында, я бесікте жатуы тиіс баланы ешқайдан көре алмаған әке- шешемнің жүрегі тас төбесіне шығады. Ой, сұмдық-ай, енді ғана еңбектей бастаған сегіз айлық сәби түн жарымында үйде жоқ!

     Апамның үрейлі даусынан басқалар да шошып оянып, аяқтарынан тік тұрады. Анашым болса жан дауысы шығып:

     - Ойбүй, оны итқұс әкетіп қалды ғой, күнде қасымда жататын бала  қайда, қалай кетеді? -деп еңіреп қоя береді.

     Жаман ой атаулы билегеннен ебіл-дебіл үйдің маңайын айнала беруден басқа амал таппай тосылғанда киіз үй маңынан арқан бойы жерде түнемелде жатқан бір отар қойдың арғы шеті үріккендей болады. Әкем азан-қазан  жылап, шуласып  жүрген апам мен Сапаралы ағама  қарап:

     -  Әй, шуылдамай қоя тұрыңдаршы, - деп тоқтау айтып, қойдың үркіп, бөлінген тұсына жеделдетіп жетеді.

    Сөйтсе сергектік танытып ұйқыдан оянған соң, мал қамымен іргеден еңбектеп шыққан сәби-шопан «қой күзетуден» сілесі қата шаршап, қайта ұйықтап кеткен екен. Жападан жалғыз бір отар қойды күзетіп, қамбылау болғаннан  төккен көз жасы бетін жуып, айғыз-айғызы шыққан, еңбектеп, тұмсығымен жер сүзе қой қайтарғанда беті-қолын, қарнын  шөп-шеттік жаралағаннан жырым-жырымы шыққан күзетші осылайша қорқытып табылғанда төбелеріне шыққан жүректері орнына түсіпті.

      Шаршап-шалдығып мал бағу азабын көрсе де әйтеуір итқұсқа жем болмай баланың аман табылғанына  бәрі де жүректері жарыла, әскерден келген Аппаз көкеммен қауышқанннан бес бетер қуанып, шүкіршілік етісіпті.

      Иә, десеңізші, еңбектеген халде түнделетіп «қой күзету» кімге, қашан оңай болған? «Болар бала боғынан » - деген осы да.

  Ал, апамның мені жоғалтып-тапқан сәттегі сезімін жеткізер сөз де жоқтай. Зор бақыт, өлшеусіз қуаныш десеңіз ештеңе демегенмен тең дерсіз.