Жеті атаға жетпей үйленген жігіттің сыры

Жеті атаға жетпей үйленген жігіттің сыры
жеке
блог

Осыдан аттай сегіз жыл бұрын ауылды дүрліктірген оқиға болды. Зәмір деген мұғалім жігіт өзімен бірге істейтін, руласы Гүлзира деген қызға үйленді. Жұрт дүрлігетіндей-ақ оқиға. Қатардағы жастардың бірі болса бір сәрі, көзі ашық, көңілі ояу мұғалім жігіт. Бұл аз десеңіз, сол кезде оқиға кейіпкерінің абыройы ауыл арасында аспандап тұрған. «Еті тірі, қайткенде де болатын бала» деп жұрт  өзгелерге үлгі тұтып, істеген ісін жыр қылысатын...

Сол жігіттің басы аяқасты дауға қалды. Жеті атаға жетпеген руласына үйлену деген не сұмдық?! Ауылдың еңкейген кәрісінен есі кірген көкөрім жасына дейін дейін қарсы болып, өре түрегелді. Сес көрсетті. «Ұяттан, салттан безген ел бұзар!» деп сөкті. «Қазық бастың  қаздаңдауы жаман еді, бәлеге бастайын деген екен ғой!» деп табалады. «Екеуін де тасборан етіп өлтіреміз!»  деп еліргендер де болды. Бір жақсысы «мұнымыз қалай болар екен, баяғы заман емес қой, заң бар, закон бар» деп басу айтқандар табылып, ауылдың аузы дуалы ақсақалдары жиылып, мәжіліс  құрған... Зәмірдің әкесіне барып баласының қыздан бас тартуын, сосын  үн-түнсіз ауылдан көшіп кетуін талап еткен. Бірақ әкесі баласына тосқауыл бола алмады білем, «Ендігәрі менде бала жоқ... Бұдан былай үйіме келіп мазалайтын болсаңдар полиция шақыртамын» деп қарсы шапқан соң бәрі жым болып еді.

Қыздың әке-шешесі қағынан безінді. Зәмір қызды алып, қалаға барып тығылды. Ата-анасы, туған-туыстары ел бетіне қарай алмай пұшайман күй кешті. Ағайын арасындағы жылылық бұзылып, салқындық лебі ескендей болған... Уақыт өте осының бәрі ұмыт болғандай әр кім өзінің  баяғы күйкі тірлігіне қайта оралып, ақырын басып жүріп жатқан. Әйткенмен, бұл оқиғаның бізге беймәлім тұстары да бар болып шықты.

Осы жақында Зәмірмен қалада ойда жоқта жолығып қалдым. Мені көргенде әкесін көргендей қуанғаны жүзінен бірден байқалып қалды. Үйіне шай ішуге шақырды. Мен қуанбасам, кет әрі  болмадым.

Зәмір қаланың орта шенінде пәтер жалдап тұрады екен. Пәтер жалдап тұрып жатыр демесеңіз, жағдайлары жаман емес, үйлерінде тұрмысқа қажетті заттардың бәрі бар. Бөртпешектей үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы бар екен. Үлкені биыл мектепке барыпты, кішісінің жасы – бесте, томпаңдап шауып жүр. Зәмірдің келіншегі дастарханға барын қойып, шайын демдеді. Бірақ өзі именшектеп, дастархан басында отыра алмай, әрнені сылтауратып жылысып шығып кетіп отырды.

«Құдайға шүкір! Жағдайымыз жаман емес, екеуміз де мектепте мұғалімбіз, қол тиіп жатса, екеулеп отыра қалып компьютер шұқылаймыз. Әйтеуір тапқанымыз ішіп-жем, жүрген-тұрғанымызға жетіп артылады, құдай қаласа, үй де алып қалатын шығармыз деген үмітіміз де жоқ емес»  деп Зәмір шайды құйып, ағынан ақтарылып отыр. Оны-мұны сұрасып бір уақыт отырдық. «Ауылға барып тұрасыңдар ма?»  дедім орайлы бір сәтте. «Жоқ барған емеспіз, ешкім бізді түсінбеді, барудың да қажеті бола қоймас»  деді Зәмір күрсінгендей болып. «Тек, шешем ғана «аштан қалады» дей ме, қалаға түскенде дорбасын арқалап келіп-кетіп тұрады. «Іштен шыққан шұбарым» деп қана ойласа керек, әйтпесе ол да түсіне алмады, бізді жазғырудан бір танбай келеді... Кейде ойың әрнеге кетіп, қапа болады екенсің... Ондайда, аузыма Алланы алып, өзіме сабыр тілеймін. Сосын «талып» жүрген кезімде тарихшы Сейітқожа ағаның сыбырлағандай қып айтқан бар. «Мен айтты дерсің де, қоярсың. Әлі-ақ сендерді халық әлпештеп, көкке көтеріп аялайтын болады!»  деген сөзі құлағымда жаңғырып, кәдімгідей өзіме дем беріп жүр...».

Мен «ол қандай сөз» деп шап ете қалдым. «Естідіңіз бе, жоқ па, білмеймін. Бекеннің «көкдолысы»  жұлқынып, «Нәпсісін тежей алмайтын есек те бір, сенде бір»  деп күллі жұрттың алдында бетіме түкіріп масқаралады емес пе? Олар ойлағандай мен нәпсінің құлы емес едім, «сүймедім», «қүймедім» депте айта алмаспын. Азаптан құтылам десем, жігін шығармай сытылып кетерлік мүмкіндік менде молынан болды. Бірақ менің негізгі мақсатым басқа - елдің, халықтың қамы еді. Жеті атаға жетпей үйленуге болмайды деген қай заңда бар, қай елде бар? Шариғаттың өзінде бір анадан емшек ембесең үйленуге болады емес пе? Сонда қазақ мұны қайдан тауып алған? Салт-дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар дегендей, қашанғы жеті атаға жабысып отыра береміз? Күйінетінім осы менің... Біле білсеңіз үш жүз жылдай құлдықтың қамытын сүйреткеніміздің себебінің бір ұшы осында жатыр. Петр патшаның кезінде басқа халықтарды отарында тыпыр еткізбей ұстап отыру үшін арнайы ғылыми зерттеу иниституттары жұмыс істеген. Олар алдымен халықтың салт-дәстүріне, дініне жабысып алып, шұқшиып зерттеу жүргізген. Озығы болса, өшірген, тозығы болса, жаңғыртып, өшпестей етіп жұрттың жүрегінде жүруіне күш салған. Байқаған адамға рушылдықты қоздырып, бірімізді, бірімізден алшақтататын  осы - «жеті ата» деп Зәмір жастық албырт сезіммен өршелене түсті. Менің көкейімдегі ой көмейіме тығылып, ештеңе айта алмадым. Тек, қайтып келе жатып, біздің «қасымыздағыны көрмей, батырды жоқтан іздеп, ескерткіш жасап әуре болатынымыз-ай!» деп ойладым.