ХХІ ғасыр псиxологиясы

ХХІ ғасыр псиxологиясы
жеке
блог

«...Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру - бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз... Ал жас ұрпақтың тағдыры- ұстаздардың қолында» ”
Н.Назарбаев
ХХІ ғасыр- жеке тұлғаны қалыптастыру, ізгілендіру, дамыту ғасыры. ХХІ ғасыр – интеллектер мен ақпараттар ғасыры. ХХІ ғасыр – өркениеттің өрге өрлеген ғасыры. ХХІ ғасыр - психология ғасыры. Ал осының соңғысына тоқталып қарайықшы.
ХХІ ғасыр – психология ғасыры. Елбасы айтып өткендей бұл ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры екені айдан анық. Ал осы күннен – күнге өркендеп келе жатқан жаңа технология мен өндірістің дамуының салдарының адам жанына әсері болары, ол да сөзсіз дүние. Жаңа технологияны меңгеру мен оны өз қажеттілігіңе жаратудың өзі адам жүйкесіне салмақ салары анық. Ол бүгінгі заманның, бүгінгі күннің талабы.
Адам жаны қашан да маңызды. Оның өмірде тығырыққа тірелетін сәттері өте көп деуге болады. Одан шығу үшін жол таба білу керек. Өзіңді қиындыққа жеңдірмеу үшін күресуің қажет. «Ұялмаған бұйырмағанды алады» дегендей, мақсатыңа жету үшін барыңды салуың керек. Сонда ғана арманыңның шыңына шығасың. Сүрінсең де қайта тұруыңа хақың бар. Кезінде данышпан ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің 20 жасында жазған өлеңінде:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды дегенді
Шығарамын сөзімнен - деген болатын.
Демек, ХХІ ғасыр - психология ғасырында адамның өзін түсінуі, сыртқы ортада болып жатқандарды дұрыс қабылдау тәсілдерін игеруі басты мәселе. Еліміз капиталистік даму жолына түскен кезде сол қоғамның гуманистік психологиясының тәсілдерін бойымызға сіңіріп, үйрену дер едім. Оған мүмкіндік мол, тек ниет болса.
Әлемдік психологиялық ғылымның қазіргі жағдайын оның дамуындағы елеулі кезең ретінде деп бағалауға болады. Ғылыми психология оның түсінік аппараты мен зерттеу әдістерін жетілдіре отырып, жаңа мәліметтермен үздіксіз байытып отырады. Атақты ғылыми зерттеуші Д.Палермо пікірі: «психология нағыз қызған кезінде болмаса, революцияға дейін әбден жетілген»- деген болатын. Мамандардың болжамы бойынша ХХІ ғасыр психология ғасыры болады.
Қым-қуыт мына қоғамда жүйкесіне жүк түспейтін жан кемде-кем. Күнделікті күйбең тірлік иіріміне сүңгіп кетіп, талайлардың соның салдарынан салмақ пен сабырдан айырылатыны былай тұрсын, жүйкесінің қалай жұқарғанын да аңдамай қалады-ау. Ал жүйке жүйесі бұзылса, оның түптің-түбінде неше түрлі ауруларға әкеп соқтыратынын кім болса да жақсы біледі. Дүниежүзі дәрігерлерінің «ауруды емдемес бұрын ең алдымен оның себебін анықтау керек» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендері міне осыдан. Сондықтан да қазір көптеген елдерде ең алдымен психотерапия саласын мейлінше дамытуға аса зор мән беріп отыр.
Білім беру жүйесінде психология қандай маңызды рөл атқаратындығы, арнайы дәлелдеулеріз-ақ белгілі. Мектепке дейінгі мекемелерден бастап ЖОО-кейінгі оқу-тәрбиелік жұмыс жүйелерінің барлығы психологиялық қамсыздандырусыз мүмкін емес.
Жаһандану үдерісі жүріп жатқан мына заманда урбанизацияның салдарынан халық тығызданып, кеңістіктің қысаң тартып бара жатқаны ешкімге жасырын емес. Егер ғылыми тілмен айтсақ, әрбір жеке адамның өзінің ауа қабығы болады екен. Жеке адамның жеке ауа қабығына ешкімнің көз тігіп, қол сұқпауы тиіс. Мамандардың айтуларына қарағанда, «қазір сол ауа қабығының орны барған сайын азайып, адамдардың бірінікіне-бірі бас сұғулары сияқты құбылыс етек алып барады». Көпшіліктің ашуланшақтыққа, ұстамсыздыққа жол беріп алатындары осыдан.
ХХІ ғасыр психология ғасыры болғандықтан, психолог мамандардың жеткілікті болуы, адамдардың психологиялық сауатты болуы керек. Психолог, психотерапевт мамандарының көмегімен адамдар тек аурудан сақтанып қана қоймай, психологиялық сауатын аша түспек. Ал психология бойынша сауатты болу деген – ішкі жан дүниесі мен дүниетанымы кеңейіп, адам рухани жағынан байи түседі деген сөз.