Түркістаннан «Burabay Summer Fest» фестиваліне аттанған өнерпаздар 7 жүлделі орынға ие болды

Түркістаннан «Burabay Summer Fest» фестиваліне аттанған өнерпаздар 7 жүлделі орынға ие болды
жеке
блог

Елордамыз-Астана қаласының 20 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 
Ақмола облысы Бурабай демалыс аймағында өткен «Burabay Summer Fest» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер телевизиялық фестивалінде жеті өнерпаз жүлделі орындарға қол жеткізді.
Яғни, «Жетіген» ансамблі Бас жүлдені қанжығасына байласа, академиялық ән жанры бойынша Сарыағаш ауданынан Тұрарбек Әлима бірінші орынды, Созақ ауданының жас көркемсөз оқу шебері Тұран Өсер екінші орынды, академиялық ән жанры бойынша Темірбекова Айгерім Маратқызы екінші орынды, классикалық музыкалық аспаптарда орындаушылар арасында сайрамдық Абдимажитов Нурилло және Ордабасы ауданынан Диас Айнабек үшінші орынды, дәстүрлі ән жанры бойынша Сайрам ауданынан Аман Ерсін үшінші орынды иемденді.
Айта кетсек, өңірімізден аталған байқауға 10-16 жас аралығындағы 200-ден аса үміткер қатысып, 9 жанр бойынша (дәстүрлі ән, академиялық ән, эстрадалық ән, көркемдік оқу, ұлттық музыкалық аспаптарда орындау, классикалық музыкалық аспаптарда орындау, эстраданың сүйемелденуімен музыкалық аспаптарда орындау, хореографиялық және бейнелеу өнері) өнер көрсетіп, үздік деп танылған 32 үміткер ақтық кезеңге жолдама алған болатын.
Фестивальдің мақсаты- еліміздің әрбір облыс, аудандарындағы дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету, шығармашылық қабілеттілігін дамыта отырып, орындаушылық шеберліктерін шыңдау, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және нығайту, тәжірибе алмасу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылықты арттыру, жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.


Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы