Эпоха аяқталды...

Эпоха аяқталды...
жеке
блог

Әлем бай мен кедей деп екіге бөлінген секілді, «Реал» және «Барселона» деп те бөлінеді. Әлемнің ең үздік екі футбол клубына жанкүйер болатындардың екі геройы болды. Бірі – Роналду. Екіншісі – Месси.

Футболға келген күннен бастап, екеуінің жұлдызы жанып жарқырағаннан бері әлем екеуін салыстырып келеді. Әйтпесе футбол он бір адамның доп алмасып ойнайтын ойыны ғана еді. Екеуін салыстырып жүріп алмаған марпаттың бәрін алып бердік. Бес-бестен алтын добын да бердік. Ал енді жұлдызды эпоха аяқталды.

Қатарынан үш рет Лиганың чемпионы болған Реалдың сұр мергені Роналду мен Ла Лиганың тағын бермей келе жатқан Месси кеше ғана өздерінің кәрі арыстан болғандарын, азуларының енді өсіп келе жатқан бөлтіріктің тістеріне қарсы келмейтінін түсінді. Екеуіне де рақмет!

Әлем Біріншілігі басталғалы «менмін» деген команда жоқ. Ақсап жүріп, әупірімдеп шыққан командалардың ішінде Португалия мен Аргентина да бар. Алғашқы ойында-ақ ұшып кететін Португалияның үмітін үкілеткен жетінші номерлі жидедегі жігіт екенін көз көрді. Бірақ кезінде Йохаим Лев Германиямен жеңісті Аргентинадан жұлып алған кезде айтқаны бар еді: «Аргентинада – Месси бар, Португалияда – Роналду бар. Бізде команда бар» деп. Шындығында солай. Әлемдік деңгейдегі футбол бұл есік алдына шығып алдаса беретін баланың ойыны емес. Бұл командамен пас беріп ойнайтын, үздік комбинация көрсететін майдан.

Бала күнінде Роналдуды жақсы көріп, оның жанкүйері болған Мбаппе небары 19 жасында Мессидің сай-сүйегін сырқыратып тұрып жеңісті жұлып алды. Бір сөзбен айтқан кезде әлемнің жұлдызы болған, миллиондаған жанкүйердің фанаты болған Месси мен Роналду жастарға жол беріп, олардың ойындарына тамсанып отыру керек.

Енді екі легенданы салыстырудың қажеті жоқ. Бітті! Әлем назары енді Мбаппе сынды жастарда. Оларға да мүмкіндік берген дұрыс. Кешегі қос ойын Әлем Чемпионатындағы үздік ойын ғана емес, жаңа тыныстың, жаңа дәуірдің келе жатқанын байқатты.

(с) Марғұлан Ақан