КІТАПқа ШАМыңды бізбен бірге жақ!

КІТАПқа ШАМыңды бізбен бірге жақ!
жеке
блог

Құрметті кітап сүйер қауым, КітапШам жобасының құрылғанына да, міне, 4 айдан асты. Сіздермен осыған дейінгі және алдағы уақытта ұйымдастырылатын кездесулерімізді бөліскенді жөн санап отырмыз.

Оқысаңыз балалар, 
Шамнан шырақ жағылар...
Бәріміз осы жолдарды санамызға құйып өстік. Ал қазір оқу десе не елестейді? Кітап оқу қайтадан трендке айналып келе жатқан заманда қандай авторлар мен кітаптар есімізге түседі?
Мотивация, баюдың жолдары, сәттілікке жетудің тәсілдері, тағы сол сияқты псиxологиялық, танымдық бестселлерлер түсері анық. Қазір бұл сән бе, бүгінгі күннің талабы ма әлде нарық заманындағы негізгі қажеттілік пе? Әйтеуір белең алды. 
Оған еш қарсылық жоқ, бірақ студент ретінде өз замандастарымның кітап оқу әдетін әдебиеттен бастағанын дұрыс деп есептеймін. Классика мен қатар қазіргі заманғы қазақ прозасымен таныс болғанын, әдебиеттен нәр алуын қалаймын. Өйткені әдебиет - ұлт негізі.

Біздегі мақсат қандай?

Кітап сүйер қауымға мәнді, мағыналы кітаптарды  ұсыну. Ұсынып қана қоймай, әр айдың соңында кітап авторын немесе аға-әпкелерімізді кездесуге шақырып кітап жайында пікір алмасу, ой бөлісу.

Бұл күнге дейін не оқыдық?

Наурыз айында басталған бұл жобада: Саят Қамшыгердің «Тастамашы, Ана!», Зейнеп Ахметованың «Күретамыр», Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткел», Төлен Әбдіковтың «Ақиқат» атты кітаптарын оқыдық. Саят ағамызбен, Зейнеп апамызбен, «Алашұлы» тобымен жастар сырлы сұхбат жүргізді.

Сіздерді де бізбен бірге кітапқа шамдарыңызды жағуға шақырамыз. Маусым айының келесі кітабы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» атты шығармасы. Кітаптың электронды нұсқасы телеграм https://t.me/kitapsham каналымызда.