Үй елесінің күнделігі. Жұтылған мереке

Үй елесінің күнделігі. Жұтылған мереке
жеке
блог

Мамыр айының 7-сі. 2018 жыл

Алматы

Бүгін үй-іші таң ертемен отбасындағы ер-азаматтарды құттықтап, "у-шу болысып" жатты. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Мереке деген жақсы ғой. Бірақ Қазақстандағы мерекелердің жүйесі мен атап өтілуі дұрыс емес сияқты. Бір мереке біреуіне жұтылып кетіп жатады. Мысалы Тәуелсіздік күнінің атмосферасын Жаңа жыл көлегейлеп тастаған. Жылда. Тәуелсіздіктің бұл күнге түсуі тарихтың жемісі ғой, бірақ. Жемісі деймін-ау! Жеміс болса да, бір жағымсыз жеміс шығар. Ең соңғы болып алды ғой тәуелсіздікті. Өзге посткеңестік елдер 1990 жылдың наурызынан бастап егемендіктерін жариялап, бөлек шығып жатты. Ресейдің өзі 10 желтоқсанда КСРО құрамынан шыққанын мәлімдеді. Сондағы қалғаны жалғыз Қазақстан екен. 10-16 аралығында КСРО-ның жалғыз өкілі болып қалыппыз. 16 күні әйтеуір жариялаппыз егемендігімізді. Оған да шүкір. Міне сондай соқпақпен келген Егемендікті Жаңа жыл басып тастап жатыр. 

7 мамырдың да жағдайы сол. 9 мамырдың көлеңкесінде қалып келеді. 9 мамыр – расымен Ұлық мереке. Бірақ бұл біздің жеңіс болғанымен, біздің соғыс емес еді. Мұны мойындамайтындар көп болар. Бірақ әлі көкірегі ояу ұрпақ келер. Сонда бәрі өз орнымен болады. 7 мамыр – кешегі Күлтегін мен Тоныкөктің, Тұмар мен Заринаның, Қобыланды мен Қабанбайдың, Абылай мен Тәукенің, Махамбет пен Исатайдың, хан Кене мен Сырымның, Бауыржан мен Талғаттың, Қайрат пен Ләззаттардың ұлық мерекесі. Бұл күнде ұрпақ жер басып жүргеніне шүкір етіп, ата-баба рухына тағзым етіп, ерекше рухпен мығымдала түсуі керек. Бүкіл Қазақстанның идеологиясы үшін расымен биік күн. Ал кешегі большевиктердің қызыл күні мұндай маңызды күнді еш көлегейлемеуі керек. Бәрі қоғамға байланысты ғой негізі. 

Мұның бәрін қайдағы бір елес қалай біліп, қорытып отыр дейсіз бе? Мен тұрған үйге талай интеллигент келген, қонақ бөлмеде талай дискуссия болған. Мен өз көзіммен біршама көкірегі ояу азаматтарды көрдім. Олардың тасыған білімдеріне, ұлтшыл болмыстарына куә болдым. Соның бәрін асқан зейінмен тыңдадым. Олардың нығыз сөздерін, ірі мінездерін көріп бір ойға қалғаным бар: "Бұл елдің әр заманда да өз бөрілері болған және бола бермек. Қазақ! Сен бөрілі байрағың барда, рухың өшпес бекзат елсің".