МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВПЕН СҰХБАТ!

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВПЕН СҰХБАТ!
жеке
блог

Қазақ поэзиясының ХАНТӘҢІРІ, ХанТәңірінің мұзбалағы! Иә, дәл өзі! «Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер» - дейтұғын Сүлейменнің ұлы, халықтың перзенті – Мұқағали. Бәлкім, қазір осыны оқып отырған оқырмандардың ойында:

-   Мұқағали ма? Бәрі Мұқағалиды жазады, қызық емес, тіпті,- деген сана саңылауы ойнап тұрған болар... Дегенмен, мен сұхбат алуды армандайтын адуынды тұлға, қаламы қаңырамаған қаламгер де – Мұқаш ата.

- Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

  Менің нәзік жанымды кім түсінер?!- деп сыр шерткен нәзік жүректі ақынның жан дүниесіне үңіліп, дәл осы алыппен сырласуды ұйғардым.

    - «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» емес пе? Сізді қалай таныр болсақ, отбасыңыз туралы деректерден де шеткері емеспіз. Алайда, бала Мұқағалидың жанарында сіздің он жасыңызда майданға аттанған әкеңіз Сүлеймен баба қалай есте қалды екен?

    -  Әкем менің есімде, шам түбінде

       ВКП тарихын ежіктеген.

       Және бір сәт есімде ақпандағы

       Әкем отыр майданға аттанғалы. 

    - Мұқағали тұңғышым болғасын ба, енеме табиғи болып, мені жеңге есебіне санайтын, -дейді анаңыз Нағиман Батанқызы өзінің естелігінде. Тиын әженің өлімін оқыстан естірткен сәттегі хал-жайыңыздан да хабардар едім. Әже (ана) өлімінің қанжары жаныңызда қанша уақыт жасады?

    - Әже, сен бірге жүрсің меніменен

      Өліге мен өзіңді телімегем.

      Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем

      Ақ кимешек астынан сені көрем.

(Мақатаев М. «Ақ кимешек көрінсе»)

 - Мұқаш ата, иісі қазақ жұртшылығының төбеге көтеріп, өлеңдерін сүйіп оқып, мақтанышпен айтатұғын ұлдарының бірегейі – сізсіз. Өзіңізді « мәртебесі мен беделі биік ақын» санатына қостыңыз ба?

    - Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

      Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

      Күпі киген қазақтың қара өлеңін

      Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

  ( Мақатаев М. «Қара өлең»)

-          Сіздің жырға жанасып өсуіңізге себепкер болған жандар болды ма, әлде қаламыңыздан ағындай аққан жауһарларыңыз  тума талантпен ұштасып жатыр ма?

-          Мені сөзге, жырға үйір еткен, халықты сүюге үйреткен - әжем.

(М. Мақатаевтың күнделігінен, Алматы, «ҚазАқпарат», 2009 ж)

-          Әлденеден жырақта күн кешуге жүректенетін ба едіңіз?

-          ..Адам болып күн кешу қиын маған,

Арқа тұтып өзіңе сүйенбесем.

...Қазақстан, пай-пай!!!

Пай-пай. Ардағым-ай!

Сен менің шолпанымсың жанған ұдай.

(  Мақатаев М. «Қазақстан»)

-          Күні бүгін, бақыт деген – жылтырақ болып кетті (көп пенде үшін).  Нағиман апа тоқсанға таяп, сұхбат бергенде: «Мұқағалидың тіршілігінде мансап пен байлықтың қызығын көрмегеніне туған анасы –мен, жан жары Лашын куә. Бірақ, ешқашан дәулетімді молайтайын, қызметімді жоғарылатайын деп басын қатырған емес.»  - дейді. Сіз үшін бақыт деген не?

-          ... Не істемекпін, алтын, гауһар, жақұтты,

Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.

Мен бақытсыз бола қойман, сірә да,

Туған елім болса егер бақытты.

( Мақатаев М. «Елім барда»)

-          Қазақта «жеті ата», «ру» сынды дәстүрлі ұғымдар бар екенін білесіз. Сіздей алып тұлғаны дүние жарығына әкелген қай рудың қаны болды екен?

-          ...Мен – үйсінмін, мал бақ десең, мал бағам,

Еш жамандық көргемін жоқ қауғадан.

Мен – Үйсінмін,

Ұлы жүзбін, ұлымын,

Ұлымын деп ұлыққа да бармағам.

( Мақатаев М. «Мен – Үйсінмін»)

-          Досым, саған сенемін, сеніп өтем,- деп жырладыңыз, атащым. Өмірде «амал» достардан зардап шектіңіз бе, адал достарыңыздың қатарында кімдер бар еді?

-          Бәрі маған жат, жиіркенішті! Кімнің дос, кімнің қас екенін ұғынудан мен баяғыда-ақ қалғанмын. Жоқ! Менің достарым жоқ. Мен тек айналамнан өзіме қарай жылжып келе жатқан сегіз аяқты сұмдықтарды ғана көремін. Қорғана аламын ба, білмеймін. Мені бұдан тек қана бір керемет құтқара алады. Ал мен кереметке қатты сенемін. Кереметтер болуға тиіс!!!

( Мақатаев М, «Күнделік»;  21 қыркүйек 1974 жыл)

-          Сіздей тұлғаның бойында осалдық кездеседі ме? Кездессе, осал тұсыңыз неде?

-          ... Мен үшін дүниенің қорлығы – адам айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Ең осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де содан шығар.

( Мақатаев М, «Күнделік»;  20 наурыз 1973 жыл)

-          Егізіңіз саналған «поезияны» қандай ғылым саласына теңер едіңіз?

-          ... Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поезия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл.э

( Мақатаев М, «Күнделік»;  6 наурыз 1973 жыл)

-          Адам атаулының жер бетіндегі өлшеулі ғұмырының ақыры - өлім екенін білесіз. Осы сөзді есіткенде, көз алдыма бейне бір аш қасқырдай талап-тармап, жұлып жеуге даяр тұратын әлдене елестейтіндей.. Өлімнен қорқасыз ба?

-          ... Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ. Бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленумен өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу – қашан да қорлық қой...

( Мақатаев М, «Күнделік»;  31 қаңтар 1975 жыл)

 

1976 жылы 27 наурызда бауыр циррозы атты сұм аурудан ақиықтың тажалы жетті. Хан  Тәңірінің баурайын алай-дүлей дауыл соқты. Шыңның жүрегі шытынады, бірақ құламады. Хан Тәңірі (шыңы) сол шытынаған жүрекпен 41 жыл бойы өмір сүрді, өмір сүре береді де. Шытынауының жалғыз себебі - өзіне иелік еткен алып қыранның тәні жер қойнына енді, алайда жүректен шыққан жырлары өлмектің соңынан ермеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Мақатаев М, «Жүрек арызы»;

«Аңыз адам» № 3 (15) Ақпан 2011 жыл