Замандастарым не істеп жүр?(5 жылдан кейін қайта оқу керек)

Замандастарым не істеп жүр?(5 жылдан кейін қайта оқу керек)
жеке
блог

Сәлем, массагет! Менің 1998 жылғы ағам бар. Жасы қазір он тоғызда. Қазір онымен жасты, тіпті кіші жігіттер Еуропа төрінде саңлақ футбол клубтарының арасында доп теуіп, төрткүл дүние көзін өздеріне қаратып отыр. Мысалы, "Боруссия Дортмунд" футбол клубының футболшысы Кристиан Пулишич одан бар жоғы үш ай үлкен. Ал "ПСЖ"-дағы Килиан Мбаппе екі аптаға, "Миланның" негізгі қақпашысы Джианлуджи Доннарумма бақандай екі ай жарымға кіші. Мұныммен мен ағамды жамандағым келіп отырғаным жоқ. Тек енді мен, өзіммен қатарлас 2000, 2001 жылғы жас футболшылар жайлы айтқым келіп отыр.

1. Менен 1 жыл, 5 айға үлкен Райан Сессеньон(18.05.2000) дәл қазір Англияның екінші дивизионы - "Чемпионшипте" "Фулхэм" командасының намысын қорғауда. Барлығы осы маусымда(әзірше), ол 43 кездесуге қатысып, 14 гол соғып, 5 нәтижелі пас шығарған екен. Және мұның өзі оның сол қапталдағы қорғаушы болғанына қарамастан. 

Сессеньон аталмыш клубтың түлегі. Өткен маусымнан бастап клубтың негізгі командасынан орынын тапты. "Чемпионшиптегі" тұңғыш матчын ол 2016 жылдың 11 тамызында, жасы 16 жас, 88 күн болғанда өткізген екен. Ал маған қазір - 16 жас, 228 күн. Төрт күннен кейін кәсіпқой футболдағы алғашқы голын "Карлифф Сити" қақпасына тоғытады. Мансабындағы алғашқы дублін(бір матчтағы екі гол) 2017 жылы, 11 наурыз күні "Ньюкасл Юнайтед" клубына қарсы ойында соқты. Және 2016/17 маусымының қорытындысы бойынша "Чемпионшиптің" символикалық құрамына, яғни үздік ойыншыларының арасына енді. 
2017 жылдың 21 қарашасында "Шеффилд Юнайтед" клубына қарсы ойында Райан өзінің алғашқы хет-тригін(бір матчтағы үш гол) жасайды. 

2017 жылғы 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа біріншілігінің чемпионы. Турнирде барлығы бес кездесу өткізді.

Кейбір деректерге сәйкес, Сессеньон "Ливерпуль" футбол клубында ойнағысы келеді. Сонымен қатар, оған "Тоттенхэм", "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид", "ПСЖ" футбол клубтары қызығуда. Меніңше алғаш аталған екі клубта ол практика ала алады және сол екі клуб оған үлкен мүмкіндік берері де анық.

Райан Сессеньон.
2. Винисиус Жуниор(12.06.2000) қазіргі таңда Бразилияда доп теуіп жүр. "Фламенго" футбол клубының академиясынан шыққан. Позициясы - сол қапталдағы жартылай қорғаушы. 

2017 жылдың 13 мамырында Бразилияның "А" Сериясында алғашқы матчын өткізді. Осы матчтан кейін клуб бірден онымен келісім шартты 2022 жылға дейін ұзартты. 
Сол жылдың 10 тамызында Оңтүстік Америка кубогінде "Палестино" футбол клубына қарсы матчта мансабындағы алғашқы добын соқты. Бұл матч "Фламенго" үшін үлкен жеңіс - 5:0 есебімен аяқталған еді. Ал он күн өткен соң, "Атлетико Гоияниенсе" футбол клубына алғашқы дублін жаудырады. Әзірге, ол мансабында барлығы 47 матч өткізіп, 10 голымен көзге түсті. 

Ал ұлттық құрама үшін, 2015 жылы Бразилияның 15 жасқа дейінгі жастар арасындағы Оңтүстік Америка чемпионатына қатысып, 6 ойында, 6 доп соғып, командасын чемпиондыққа әкелді. 
2016 жылы 17 жасқа дейінгі жастар үшін құрамаға шақыртылып, Чилиге қарсы алғашқы ойынында дубль жасайды.
2017 жылы 17 жасқа дейіннгі жастар арасындағы Оңтүстік Америка чемпионатына қатысты. Бразилия жеңіс тойын тойлап, ал Винисиус болса, 7 голмен сол турнирдің "Үздік сұрмергені" және "Үздік ойыншысы" атанды. 

Ал 2017 жылдың 23 мамырында қазіргі таңдағы әлемнің үздік клубы "Реал Мадрид" жас талантты €45 млн. сомасына сатып алды. Винисиус өзі бұл клубтың меншігіне жататына қарамастан, ол үшін әлі де ойнауға ниетті емес. Мүмкін Еуропадағы қысымнан қорқатын болар. 

Винисиус Жуниор.
3. Жоғарыда аталған футболшыларға қарағанда Топ-5 лигаларда ойнап жүрген Пьетро Пеллерги(17.03.2001) де осы тізімнен табылды. Ол осы уақытқа дейін Италияда "Дженоа" үшін, ал қазір Францияда "Монакода" ойнайды. 

Пьетро - "Дженоаның" түлегі. Ол он төрт жасынан бастап клубтың 17 жасқа дейінгі жастар клубы үшін ойнай бастады. Ал бір жылдан соң 19 жасқа дейінгі жастар қатарына қосылды. 2016 жылы негізгі құраммен бірге дайындала бастады. "Дженоа" үшін дебюттік матч 2016 жылдың 22 желтоқсанда, "Ториноға" қарсы матчта орын алды. Сол кезде Пеллегридің жасы 15 жас, 280 күн болды. 2017 жылдың 28 мамырында, "Ромаға" қарсы алғашқы добын соқты. Ал сол жылдың 17 қыркүйегінде "Лациоға" қарсы ойында, тұңғыш дублін жасайды. Ол XXI ғасырдағы, топ-5 лигалардағы ең жас дубль авторы атанды. Ол кезде оның жасы 16 жас, 184 күн болған еді. 

Ал 2018 жылы, 27 қаңтарда жастарды керемет тәрбиелеп шығатын "Монако" футбол клубы оны "Дженоадан" €25 млн. көлеміндегі қаржыға сатып алды. 

Пьетро осы жылдың 10 мамырына дейін Францияның Бірінші Лигасында доп соқса, Килиан Мбаппенің "Лигадағы ең жас гол авторы" атағына ие болады. Және бұл оның негізгі мақсаты екенін Пеллегри ашық түрде жария етті. 

Пьетро Пеллегри.
Бұл жердегі үш футболшы да болашағынан үлкен үміт күттіреді. Дегенмен де бұл мен үмітсізбін деген сөз емес. Сондықтан да, бұл бір жағынан перспективті футболшылармен ақпараттандыру, болса екінші жағынан - өзімнің өзге құрдастарыма кішігірім мотивация дер едім. Оқығаныңызға рақмет!