Мен қалай Блогер болдым?

Мен қалай Блогер болдым?
жеке
блог

Тіс қаққан, блог жазудың жілігін шағып, майын ішкен блогерлердің жанында бұл тақырыпта сөз қозғап, өзімді блогер деп атауымның біртүрлі екенін білемін, алайда Массагеттің ауылында мен де жүргендіктен жазбай қалуым да орынсыз шығар. Бұны жазуға Әсел Асанова апайымыздың «Мен қалай блогер болдым?» деген постынан кейін бекініп отырмын. Ол кісінің жазуына да Марғұлан Ақанның эстафетасы түрткі болыпты. Олар өз «Мен қалай блоггер болдымдарында» қай жылы бастағандарын, қанша блогтары барын, ең көп не ең аз оқылған посттарын ауыз толтыра жазыпты, ал мен айналдырған 5блогыммен ондай статистика жасай алмаймын, әйтсе де менің де Массагетке кіруімнің өзіндік тарихы бар. 

Бұрыннан жазуға, айналада болып жатқандарға пікір білдіре қалам тербетуге құмар қызбын. Тіпті өз ішімде болып жатқандардың барлығын телефоныма тергіштеп жаза беретінмін (егер уақытым көбірек болғанда әрбір күнімді күнделік қылып жазар ма едім бәлкім, себебі мен үшін өзім туралы кітапты оқу қашан да үлкен армандарымның бірі). Оның барлығын көбінесе Инстаграмм желісінде жариялайтынмын, алайда онда 1000наң аса подписчигім болса да көп ешкім оқи қоймайтын. Бұған себеп сол подпичиктердің 90пайызы «Худей легко» , «ЭкоСлимдер» болуы. Сонымен қатар жазбаларымның барлығы қазақ тілінде болғандықтан шығар олардың ешкімді қызықтырмай «бәдік қыздың бос әңгімелері» болып қала бергендігі(бұнымен қазақ тілі ешкімге қызық емес деп отырғаным жоқ, тек мені қоршаған адамдарың көбісі үшін солай еді). Кез-келген жазушы адам үшін оның еңбегіне пікір білдірілгені аса маңызды, тіпті ол негативті болса да, себебі жасап жатқандарының дұрыс не бұрыстығы сол пікірлерден көрінеді. Массагетке ауысуымның басты себебі осы болғанымен тоылқтай бел бууымның түрткісі - Журналист боламын деген асқақ арманым. Өзім сол мамандығыма мүлдем қарама-қайшы мамандық Құқықтануда оқимын. Сабақтың қиыңдығы мен уақыттың жоқтығынан менің кез-келген кезде журналистикаға деген қызығушылығым мен жазуға және терең ойлауға деген қабілетімді жоғалтып алуым мүмкін еді. «Олай болмас үшін әрине жаза беру керек, жаза беру керек және тағы да жаза беру керек» деп ойладым. Тек жазып қана қоймай жаңа бір деңгейге көтерілуім де керек болды. Ол – Массагет. Массагетті табуымның өзі бір тарих. 

Жоғарыда айтқанымдай қалаған мамандығым - Журналист, ал оқып жатқаным әкем таңдап берген - Құқықтанушы. Мен ата-анама Журналистикаға барамын, оның үстіне Алматыға ҚазҰУ- ге деген кезімде олар толыққанды қарсылықтарын білдірді. Әкем «Егер сонда түсемін десен өзін біл, алайда мен сенің оқуын үшін ақша төлемеймін» деп қысқа қайырды. Ал ӘлФарабиде өздеріңіз білетіндей оқу құны өте қымбат. Ақыры өз арманым үшін ата-анамнан рұқсат сұраудың да, ақша сұраудың керек еместігін, тек өзімнің таза еңбегімнің мені биік шыңға көтерерін ұқтым. Сол сәттен менің талмай ізденістегі күндерім басталды: мен ҚазҰУ-дің порталына кіріп барлық мәліметтерді қарадым, Инстаграмдағы парақшаларында дайректтерін жарып жіберердей өз қызығушылығым бойынша сауалдарымды жолдай бердім, барлық іздеген сұрақтарымның жауапсыз қалмағанын қаладым. Қалағанымдай ешкім маған игнор жасамады. Жадыра есімді апай барлығын жақсылап түсіндіріп берді де «егер грантқа түскін келсе өзінді жетілдір, жазбаларынның санын арттыр, әртүрлі сайттарға блог жаз» деп бағыт берді. «Мысалы Ювижнға жазып көр» деп ұсынды. Блог пен влогтың ара-жігін ажырата алмайтын мен Ювижнның да не екенін түсінбедім. Әйтеуір білетін біреу айттылыққа салып ювижнға тіркеле алмай әлек болсамшы. Солай екі күндей біресе телефонға, біресе компьютерге жармасып ювижн деген бәлеге болмай жүріп тіркеліп алдым. Алайда мен бұл сайтқа мүлдем қанағаттанбадым, себебі барлығы орысша. Қазақша бір жазбамды салып қалып едім 5күн дегенде 2адам оқып 1адам пікір қалтырыпты, онда да ол пікірі жарнама болып шыққан. Ақыры басым қатып, көп ізденген нәрсеме көңілім толмағандықтан болар блог жазуға деген жалындап тұрған қызығушылығымнан шоқ та қалмады. Солай үмітім үзіліп жүрген күндерімнің бірінде құқықтанудан бірдене жазу керек болып әдеттегідей гугл-әпшемнен көмек сұрадым. Ол мені Массагет деген сайтқа кіргізіп жіберді де мен байқаусызда осы әлемнің бір мүшесі атандым. Әрине бұнда да тіркелу оңай болмады, алайда «соңғы рет көремін болмаса блог жазу дегенді ойламаймын да» деген бірбеткей оймен мен өз арманыма бастар жолға түсіп, соншама жыл жазудағы еңбегімді бір саты болсын жоғары шығаратын жаңа хобби таптым. Бұдан кейін сайтқа тіркелудің опыты болып алған соң тағы бірнеше сайттарға кіріп көрдім, алайда артық айтқандығым емес Массагетке жетері болмады. Бұл сайттын басты артықшылығы – тіл талғамайтындығы. 

Ең алғаш салған жазбам «Районы» фильміне пікір болатын. Әрине жаңа дүние, алғашқы қадам, қобалжу, әрбір 10минут сайынғы «қанша адам оқыды екен?» деп сайтқа мың кіріп мың шығу, соңында өз-өзіне аз да болсын риза болу. Осылайша менің блогерлік жолым өз бастауын тауып, тағы 1-2 жазбамды салдым. Солардың біріне Әсел Асанова апайымыз «Жақсы» деп пікір қалдырыпты. Басында ол кісінін кім екендігін білмейтінмін, алайда парақшасына кіріп қарағанымда, жазбаларын оқығанымда өте танымал блогер, сонымен қатар Массагеттің шығарушы редакторы екендігін біліп, сондай кісіден Жақсы деген пікір естуді үлкен бақыт және бір жағынан жетістік санадым, мотивация алдым. Содан кейін тағы бір жазбамды шығардым да, үнсіздікке кеттім. Себебі менде уақыттың жетіспеуінен, бәлкім уақыттың жетіспеуі жай ғана сылтау, шабыттың келмеуінен болар ешқалай да ойымды жинақтай алмадым. Бірақ бүгін Әсел апайымыздың жазбасынан кейін менде де жазуға болады-ау деген бір дүние пайда болды...