әл-Фараби атындағы ҚазҰУ немесе ЖОО-ны жеті айда тану
жеке
блог

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ немесе ЖОО-ны жеті айда тану

Міне, ҚазҰУ табалдырығын аттағалы жеті айдың жүзі болды. Бұл уақыт аралығы - тұлғаның толысып, жаңа ортаны тануына жеткілікті мерзім. Олай болса, ҚазҰУ ерекшеліктерін жіпке тізіп, есеп беретін уақыт жетті. 

1. ҚазҰУ - қазақ білімінің қара шаңырағы.

Осындай көзқараспен жалындаған жастардың оқу-білімге деген құштарлығы зор. Әр студент өз мамандығының иесі болуға барын салуда.

2. ҚазҰУ жанжақтылықты қолдайды. 

Ұлттық университеттің ерекшелігі - қызықты студенттік өмірді қамтамасыз етуге жағдай жасауы. Ол үшін студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары құрылған.(Сірә, тек ҚазҰУ-да ғана "студректор, "студдекан" сөздерін құлақ шалады.) Бағыттарына қарай Студенттік Кеңес, Көмек Қоғамдық Қоры, Студенттік мәслихат, "Жас Отан" жастар ұйымы болып бөлінеді. Жыл сайын мерекелік түрде ұйымдастырылатын "Ректорлық бал", "Жалын" таланттар сайысы, "Студенттік көктем"- барлығы дерлік осы ұйымдардың басшылығымен, яғни студенттер күшімен өткізіледі.

3. ҚазҰУ ұсынатын жобалар.

 "Айналаңды нұрландыр!", "ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап", "Green Campus"- ұлттық университет ұсынатын жобалардың көпшілігі қоғам үшін өте маңызды. Бүгінгінің өзектісін челлендж арқылы шешу- міне, мәселе қайда жатыр. 

 Әсіресе, маған ұнайтыны-"ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап". Әлеуметтік желіде бос уақыт өткізетін немесе мәнді кітап іздеп сандалғанға берілетін әдеби кітаптар тізімі қазақтың бетке ұстар авторлары мен әлемдік классиктер туындыларынан тұрады.

4. Азиядағы ең ірі кітапхана.

ҚазҰУ қалашығында орналасқан. Интернет ресурстармен, заманауи техникамен және баға жетпес байлық көзі - құнды кітаптармен жабдықталған кітапхана - әрбір болашағына сенім артқан ҚазҰУ студентінің екінші үйіне айналған. 

5. "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығы.

ҚазҰУ-лық студенттердің фильм тамашалау, тұрмысқа қажетті заттарды сатып алу, банктік төлемдерді жасау мүмкіндігі қамтылған орын. 

ҚазҰУ-лықтар "әзілдесіп" өздерін белгілі бір ұлт өкілі санайды. Бұған олардың бөлек қалашықта өмір сүруі, өзіндік кітапхана, банк, дүкен, кинотеатр жүйелерін белгілі бір территориядан шықпай қолдануы ерекше әсер етсе керек. Міне, ҚазҰУ беретін мүмкіндіктер легі осындай. Қара шаңырақтың студент тәрбиелеудегі еңбегін бір мақалаға (блогқа) сыйдыру мүмкін емес. Бірақ, бастыларын атап шығуға тырыстым.

Жалғасы бар...