Есіл ер... Өтті... Кетті...

Есіл ер... Өтті... Кетті...
жеке
блог

 

М.Әуезов атындағы театрдың актері Шалқар Үркімбаев кеше кеште өмірден өтіпті.

         Бұл актер маған ерекше ұнайтын еді. Актерлік шеберлігі, болмыс-бітімі, адами қасиеттері, ер жігітке тән мінез-құлқы бәрі-бәрі ұнайтын. Соның ішінде әсіресе, көздері... Ех! Мен осы сәтке дейін ондай көздер көрген емеспін. Ұшқын ата жалт-жұлт еткенде бар әлем оның жанарының ішінде тұрғандай көрінуші еді. Ал оның өңменіңнен өтетін көздеріне тік қарау мүмкін емес болатын. Себебі ондағы жалын көздеріңді ғана емес, бүкіл жан дүниеңді өртеп жіберердей әсер қалдыратын.

         Алғаш бұл актерді М.Байджиевтің «Қылмысындағы» Темір рөлінен көргенмін. Көрдім де, жан дүние толғанысы мен ішкі арпалысын жасаураған жанарына жинаған актерлік шеберлігіне ғашық болдым. Жан дүниесіндегі от сахнаға сыйдырмай жүргендей әсер қалдырып еді, алғашқы жолы. Кейін де талай рөлдерін көрдім. Журналымыз «Жұлдыздар отбасының» екі концертін жүргізді. Таныс, біліс болдық. Бірақ сол алғашқы рөлінен алған әсерім көпке дейін ұмытылмады.

         Ал бүгін, таңертең жұмысқа келе сала оның өмірден өткенін естідім. Жан дүнием алай-дүлей күйге түсті. Өлімінің астарында бір сыр бар көрінеді... (Айтуды артық санап тұрмын) Қызметтестері «Кешегі репетициядан кейін жүрегі тоқтап қалды» деген дерек айтты. Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымына дайындалып жүрген екен (Ол қойылымның премьерасы осы жұмаға жоспарланған).

Жиырма тоғыз жас! Жалт етті де, жоқ болды. Маусымның 29-жұлдызында орда бұзар отызын тойламақ екен... Аз уақыт бұрын мой мирындағы микроблогына «Күлмейсің неге елжіреп, Жұқарып бітті-ау бұл жүрек» деп жазған екен. Актерге біткен қайран нәзік жүрек! Қандай соққы екен, сенің соғысыңды тоқтатқан...?