Осы үйдегі бас құдалар...

Осы үйдегі бас құдалар...
жеке
блог

 

Шамасы сол 80- жылдардың аяғы, әйтеуір бірінші сыныптарда оқып жүрген шағым. Қыз мезгілі болатын. Біздің әулетке сонау Қызылжардан сыйлы құда- жекжаттар аттың басын бұрып төбе көрсетіпті. Қазақы дәстүр бойынша алыстан келген мейманды, ағайындар кезекпен- кезек өз шаңырағына шақыруы міндет.
Сол шақырыстың ыңғайы біздің үйге де келіп жетсе керек.
Қонақ күтетін үйдің жайы белгілі, ырду- дырду шаруа жасап жүрген келіндер, одан қалды басқада қамдарды амалдап жеңгелер жүр дегендей.
Арасында жиналған ағайынның балалары , өзіміммен ерген үш інім тағы бар. Жалпы бір қора бала қыс болғасын аяқ асты шатылып, кіріспейтін шаруаға бас сұғып маза қаштырған жай болған.
Әр әулиетте өзі бір қатал апайлар болады емес пе ?! Улап- шулап жүрген баладан ығырығы шыққан бір апамыз үлкен- кішісі бар бәрімізді енеден айырған қозыдай шеткі кеңдеу бір бөлмеге қуып тығып тындау әйтеуір.
Есікті жауып жатып:
- Осы жерден біреуің шықсаңдар меннен жақсылық күтпеңдер , жандарыңды шығарам, - деп ала көзімен бір зекіп кетті. Енді ол кезде сол сөздің өзі балаға жететін , еркесі - серкесі бар амал жоқ қамалдық та қалдық. Өтірік айтпасам енді оншақты ұл - қызы бар баламыз, қанша уақыт ойнағанымыз есімде жоқ, әйтеуір қара тердің астындамыз. Ана бөлменің іші шашылғаны сондай түйе жоғалса табылмайтындай болды- ау.
Анда - санда біреу- міреуі келіп:
- Әй , тыныш - тыныш , - деп кетеді, соған қарағанда сыйлы құдаларда келген ғой деймін. Оны елеңдеп жүрген біз жоқ , қызу ойынның үстіндеміз.
Содан не керек есімізді :
- Ойбайййй жүгірмектер не істеп қойғансыңдар,- деп жан даусы шыққан шешемнің айқайынан бірақ жым болдық. Бір кәдімгі бөлмеде бар даусында шыңғырып тұрған музыканы өшіргендей тып- тыныш бола қалды.
Бәріміз не бүлдірдік дегендей шешеме қарап тұрмыз, айқайына қарағанда шынымен бір шатақ болған.
Шешемнің көзі совет үкіметінің бес тиынындай бадырайып сандықтың үстіндегі еттен қаңырап қалған бас табақтың (қойдың) қу басында, екі көзі мен бір құлағы қалған екен бағустың, қалғанының бәрі тап- таза сүйек.
Бар мәністі түсініп, онда - тұрған не бар дегендей бастың етіне тойып алған біз тұрмыз.
- Болсаңшы, - деп ар жақтан шешеме біреуі келді далпылдап.
Екі көзімен бір құлағы қалған басты көріп ол :
- Ойбуййй жүгермектер- ай , енді қайттік , - деп ол састы.
Ар жақтан дастарханның қамын жайлап жүргендер келіп жетті, бәрінің көзі біз жеп қойған қойдың басында. Бір бүлік болғанын түсінген етке тойып біз тұрмыз, мен - емес, мен - емеске басып.
Біреуі ұрсып жатыр, қай жынды басты бұнда қойған деп, күлкісін тыйа алмай басқасы тұр.
Сөйтсе басты біз келмей тұрып, шешем байғус асығып- тасығып қоя сала ұмытып кеткен екен ғой.
Секіріп - жүгіріп жүріп бізде жей бергенбіз ештемеге қарамай.
Содан не керек, кішкентай табақтағы басты алып бір үлкен жеңгеміз сыйлы құдаларымыздың алдына барыпты.
- Құдеке, айып болмасын алыстан келіп сізді сыйлап бас тартамыз ба десек, ана бөлмеде шулап жүрген осы үйдің бас құдалары басты мүжіп қойыты, - деп астарымен жеткізген екен.
- Жоо- жоқ о дегенініңіз, бастың бар екенін көрдік , ең бастысы сол басты мүжіген бас құдалар аман болсын деп, - сыйлы құдалар түсіністікпен қарапты.
Міне сол бір сыйлы құда күткен күнді әулетімізде күлкімен еске аламыз.
Айтқандай жаңағы сыйлы құдамыз басқа бір ретте аттың басын бізге тіреп келгенде ең бірінші, басты құдалардың қал- жағдайын сұрайды екен күле.
Міне осындай бір жастық шақта өткен естелікпен бөліскен жайым бар.
Сіздердіңде үйдегі бас құдаларыңыз аман болсын !!!

Баттал Құттыбай