Сағынып жүрмін...

Сағынып жүрмін...
жеке
блог

Сағынып жүрмін... 

         Құдай-ау, Төлеген ақынның сағынышы менің жүрегіме ұя салып алған ба, қалай өзі?! Ес-түссіз, ештеңені ойламай сағына беремін... «Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрек» сағынышымен көкірегіме тыныштық берер емес. Бар болмысымды билеп алған сағыныш жаным түгіл тәнімді де өзіне бағындырып, ендігі сәтте ақ қағаз бетіне сезім болып төгіліп жатыр...

Рас, сағыныш атты сезімді бұрыннан, баяғыдан жақсы көрем. Мынау аппақ дүние есігінің өзін сағынып барып ашқандаймын. Сағынып барып мектеп табалдырығын аттап, сағынып барып оны бітіргендеймін. Мына ару қала Алматыға да мені сүйреп әкелген сол сағыныш секілді. Жадыраған жаздың ауасын жұтып тұрып қытымыр қысты сағынамын, аязды қыстың аппақ қарын сықырлата басып келе жатып Пушкин ерекше құмартқан «күрең» күзге аңсарым ауады. Сөйте тұрып, еріксіз шошып кетемін. Көкірегіме орнап алған мына сезім тасқыны кеудемді өртеп жіберердей көрінеді.

Бүгін де дәл солай... сағынып отырмын... алыста қалған туған жерімді сағынамын. Балалығымның бал күндері бірге өткен достарымды сағынамын. Оны қойшы, оларды сағыну заңды да шығар... Ал жаңа ғана жүздескен досты сағынуыма не дейін... Кеше ғана сөйлескен құрбыға деген сағыныш қайдан келген... сәл уақыт бұрын жүріп өткен жолымды сағынуым қалай?... Қайдан келген алапат сағыныш бұл?!

«Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам

Қаланып қалса тәртіппен», – дейді ақын Төлеген. Иә, біздің де жүрек дәл солай соғуда. «Сағыну мен аңсаудан тұратын көкірегі ыстық дүниеге деген сағыныш» екен мені төсектен жұлып алған...))) Төлеген ақын орнатқан сағыныш екен ғой бұл... Жүрекке орныққан осы сағынышыммен, сағына білуіммен бақытты екенмін...

         Достар, сіздерде қалай? «Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз, талайсыз» деген де Абергенов емес пе еді...  Сағына алып жүрсіздер ме? Сағынышыңызды жоғалтып алсаңыз, Төлеген ақынның өлеңдерімен достасыңыз. Оның жырлары жүрегіңізге орныққан бір күні, мені дәл бүгін ұйқы құшағынан ажыратып алғанындай, сізді де төсектен жұлып алатына мен кепіл...)))

         Ендеше, «туған ай, шыққан күннің астында отырып, бір уақ Төлегенді оқыңыздаршы. Өмір сүру анағұрлым жеңіл болады...»

 

Ақынның сағынышты жырларынан:

… Сағынған көздің моншағы

Шашылып жатыр төсекте.

*** 

Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние,

Тұратын түгел сағыну мене аңсаудан!

*** 

…Егер сен жарық жаңарыңды алсаң қайғы мен мұңға батырып,

Сағынып жүрмегендіктен!

*** 

Сағыныш жайлы қайтадан толғау, болар да бәлкім қолайсыз,

Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбасын арайсыз.

Өмірде мынау, сағынбағандар, бақтсыз, бақсыз, талайсыз,

Қазақтың жыры Абайсыз.

*** 

Өткелі қыруар жолдарда жанға батқан да шығар сан ызғар,

Бір қасық суды аңсатқан шығар сан тарам сарша тамыздар.

Бірақ та, жаным, өледі қыран қияға самғап баратып,

Болғасын бейбақ өз жүрегінің сағынышына қарыздар.

*** 

О, шіркін, менің сағынышымдай көлемі шексіз болса аудан,

Ондағы жандар көз ашпас еді ау, сағыну менен шаршаудан.

Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние,

Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!

*** 

Сағыныш деген - молшылық қазына, бола да берер артық-кем,

Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар тіптен.

Мен мынау ыстық жүрегімменен қара тасты да сағынам

Қаланып қалса тәртіппен!

 

Сағынышымды сіздерге жеткіздім, енді ұйықтайын....

19 маусым 2012 жыл

Сағат таңғы 04:50