Жолдама алған жігерлі жігіттер...

Жолдама алған жігерлі жігіттер...
жеке
блог

Шынжыр балақ, шұбар төс, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын жігерлі жігіттер ғана ел мерейін асқақта алады. Төрт жылда бір келетін олимпиада ойындары биыл Лондонда өтетіні баршаға аян. Сол дүбірлі додада бокстан нар тұлғалы, қайтпас қайсар 9 ер ел намысын қорғамақ. Сондай ақ 60 келі салмақ дәрежесінде тұңғыш рет нәзік жанды Саида Хасенова да алтыннан алқа тағуға ниетті. Қазірде көк туды желбіретуді мақсат тұтқан боксшыларымыз «Ақбұлақта» оқу жаттығу жиынын өткізуде. Жігіттердің дайындығын көзбен көріп қайттым. Сонымен таныстыруды бастайын...                      

       2008 жылы Бейжің олимпиадасында асығы алшысынан түспей, қап деп санын соққан оңтүстіктік Біржан Жақыпов(49 кг) бұл жолы Лондон олимпиадасында бақ сынамақ. 49 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығатын былғары қолғап шебері 4 жыл бұрын жіберген қателіктерін қайталамас үшін талмай еңбек етуде. Әрине, негізгі мақсаты – қарсыластарынан оқ бойы озық болып, әнұранымызды шырқату.

 

     52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Ілияс Сүлейменов қорғайтын болады. Естеріңізде болса ол Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойынындағы финалдық кездесуде қытайлық қарсыласы  Йонг Чангтан 19:12 есебімен басым түсіп, Лондонға жолдама алған болатын.

 

     1983 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген Қанат Әбутәліпов Лондонда 56 келі салмақ дәрежесінде ойын көрсетпек. Боксшының Бейжіңде бағы жанбағаны баршаға белгілі. Қытайда  қайралған Қанат бокстан  тұңғыш жолдама алған жігерлі жігіт. Енді  жанкүйерлерін жерге қаратпайтынына сеніміміз мол.

 

    Ғани Жайлауов – 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын жамбылдық жігіт. Студенттер арасындағы әлем жеңімпазы, Азия чемпионы. Ендігі мақсаты - Олимпиада алтынын қанжығасына байлау.

 

Әр боксшыға жігер дарытып, төске ұрылған орақтай өткір қылу -бапкердің міндеті. Қазірде оқу жаттығу жиынында боксшылармен жеке-жеке жұмыс жасап жүрген Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов  жігіттер өз бабында екенін айтады. Құрметті оқырмандарым! Бүгін Лондонда өтетін олимпиадаға жолдама алған 4 боксшымен таныс болдыңыздар. Келесі жазбамда қалған 5 былғары қолғап шеберін назарларыңызға ұсынатын боламын. Сондай-ақ бас бапкер қанша медальға қол жеткізуді жоспарлап отырғанынан да хабардар боласыздар. а,а,а айтпақшы. Лондонда берілетін медальдар мынандай...

 

Арғынның әзірге айтары осы....