Мұхтар ШЕРІМ. КӨЛЕҢКЕҢІЗДІ «КӨТЕРІП» ЖҮРЕЙІН...

Мұхтар ШЕРІМ. КӨЛЕҢКЕҢІЗДІ «КӨТЕРІП» ЖҮРЕЙІН...
жеке
блог

 

Бір күні ол жүре алмай, бір орында тұрып қалды. Артына бұрылып қарап еді, күні кеше орынбасары болған Инебай Көзіненөткенұлы екен, көлеңкесін басып тұрған.
–Кешіріңіз, көлеңкеңізді басып кетіппін,–деді ол ыңғайсызданып.
–Оқасы жоқ.
–Ғафу өтінемін, мен әдейі басқан жоқ едім. Ох, көлеңкеңіз жыртылып қалыпты...
–Ештеңе етпейді, ертең күн шыққанда жаңасы пайда болады. Алаңдамаңыз.
–Ойланып кетіппін... Халықтың қамын... Елбасының тапсырмаларын... Сіздің ескертулеріңізді... Көлеңкеңізді басып қалып, сіз жүре алмай қалдыңыз–ау?
Лауазымы үлкен шенеунік жымиды.
–Мен тіпті көлеңкем туралы ойлап та тұрған жоқпын, –деп жүре сөйледі. Орынбасары қуып жетіп, алдынан шықты.
–Сіздің рұхсатыңызбен, көлеңкеңізді көтеріп жүрсем бола ма? Кабинетіңізге дейін? Шаң болып қалыпты...
Билік дәлізіндегі шенеунік тоқтай қалды.
–Шытынаған шыны сыртынан айтып тұрсыз ба? Әле, жарқыраған көңілмен?–деп сұрады сосын.
–Ия, о не дегеніңіз, мен... Менің көңілім конгрес холдың люстрасындай жарық...
Ол орынбасарының көзіне қадала қарады. Көзінен қулықтың ұшқындарын көргендей ме?
–Былайғы жұрт сізді жағымпаз деп ойлап қалады емес пе? Рахмет сізге!
Қызмет көлігінен түскен шенеунік билік дәлізімен асқпай келе жатты. Соңғы кездері кландардың қысмымынан ба, көлеңкесі де ауырлап, әрең сүйреп келе жатқан. Кенет жүрісі жеңілдеп сала берді. Тоқтады. Артына бұрылмастан. Орынбасары да тоқтай қалды. Оның артында келе жатып. Анау жүрді. Бұл да жүрді. Бір кезде шенеунік артына жалт бұрылып қарап еді, орынбасары мұның көлеңкесін көтеріп келе жатыр екен, сасқалақтап, иегін қаси берді, қаси берді. 
–Иегіңізге ине кіріп кеткен бе?
–Жәй, мен... Көлеңкеңізді көтеріп жүрейін деп...
–Көтермеңіз! Тастай салыңыз! –деп ашуланды бастығы, –Төөу, кешіріңіз, сіз не іздеп жатырсыз?
Еңкейіп, әр бұрышты қарап, жер сипалаған орынбасары үсті–басын қаққыштап, ентіге орнынан тұрды.
–Сіздің көлеңкеңізді іздеп... Жоғалтып алғаным...
–Күн бұлттанды ғой, соны да ойлай білмейсіз. Ал, елбасы тапсырмаларын қалай орындайсыз сонда? Көлеңкелер көтеріп, осы лауазымға жеттіңіз. Жіберіңіз деймін?
–Нені?
–Көлеңкемді басып тұрсыз! Жүре алар емеспін.
–Ой, кешіріңіз, тағы да басып кеткенмін бе? Сізден мың мәрте кешірім сұраймын, байқамай қалдым. Ойбуу, қымбат көлеңкеніздің мына тұсы кірлеп қалыпты... Қазір, қазір...
–Сіз не істеп жатырсыз? –деп сұрады бастығы таңырқап.
–Көлеңкеңіздің кірін түкіріктеп сүртіп...
Шенеунік не айтарын білмеді. Басын шайқап, кете барды. Көлеңкесі де күңіреніп бара жатқандай ма?