Көкірек көзін ашпаса,рухани байлық толысып құтаймайды
жеке
блог

Көкірек көзін ашпаса,рухани байлық толысып құтаймайды

Жаратушы адам баласына жалған дүниенің жарығы - күнді, алқара көк ормандар мен ақселеулі даланы, қарлы шыңдары аспанмен таласқан тауларды, ағысы қатты өзендер мен толқындары тулаған шалқар көлдерді, оларды мекендеген аңдар мен құстарды көрсін деп басына екі көз берген. Дүниенің сыртқы түрін көретін мұндай көз аңдар мен құстарда да, жан иелерінің бәрінде де бар. Адам болған соң олар бір-бірімен өзара қатынасып, қауымдастық құрған соң оның тіршілік заңдары-әдет-ғүрыптары қалыптасады. Әр нәрсенің сыртқы түрі, ішкі сыры, мән-мағынасы бар. Өмір асау өзендей мың бұралып ағып жатыр. Оның  түбінде не бар? Міне, солардың бәрін көріп, тұсіну үшін бастағы екі  көз жеткіліксіз. Замана ағымын өмірдің алуан түрлі құбылыстарын көкірек көзімен ғана көріп, санаға салғанда ғана түсінуге болады. Қазақ тарихында бастағы көздің орнын толтырарлық,оны жоқтатпайтын көкірек көзі ерте ашылған қаншама ғұлама-кемеңгер, дана-ақылмандар болғандығына тарих куә.Адамзат қауымы ондай адамдарға бай екендігі баршаға мәлім.        
          Нәресте дүниеге келген сәтінен бастап, оның балғын жүрегінде өмірге деген талпыныс орнайды Ана сүтімен дарыған құштарлық сезім әке тәрбиесімен ұштасып, ол көп нәрсеге қызығады.Есейген сайын адамның білуге құштарлығы артып, таным көкжиегі кеңейе түседі. Көкірегін кернеген асыл армандарын іске асыру үшін адам үнемі ізденіс үстінде болады.Өзіндік дамуды мұрат еткен адамның көкірегі ояу, дүниетанымы кең болады. Көкірек көзі ашық сөзі рухани өсіп-өнген, жетілген, кемелденген деген ұғымды білдіреді. Халқымыз білімді, саналы, парасатты адамдыкөкірегі ояу; сезімтал түсінігі мол адамдар көірегі жүйрік; терең ойлы, зерделі адамдыкөкірек көздікең пейілді, жомарт, адал адамды – ақ көкірек дейді. Көңіл-күйі, сезімі, ішкі жан-дүниесі бай адамды көкірек сарайы кең деп сипаттайды. «Кең сарай,көкірегім дала желдей. Кеудесі жақсылардың алтын сандық,» «Ілімге толса көкірек, Ашылар көзі санаңның». «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң, айтпа сөз (Абай)         
           Қазақ ұғымында көкірек көзін ашу да,үлкен өнер,ашатын да өнер-білім.
Қазақтың жазу-сызуы жойылып,жаппай сауатсыздық жайлап,қараңғылық пен надандыққа бой алдырған дәуірі болған.Сол бір заманда жұрттың көкірек көзін ашатын негізгі құралы өнер,өмірлік білім,сенімі болған еді.Фараби бабамыз: « тәрбие-білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа белгілі қимыл-әрекет дағдысын егеді...»Қорқыт Ата бойынша: «Тәрбиелеу дегеніміз үлгі өнеге көрсету, әдеп,өнер ұқтыру. Өнердің алды-әскери өнер және музыкалық өнері»-дейді.Өнер білім арқылы адамның көкірек көзін ашудың амал айласын,құрал-тетігін қазақтың барлық ұлық-ұстаздары,ақылман-ғұламалары өте ашық айтып,дұрыс көрсетіп кеткен.        
          Жеке адам ғана емес, ұлттар мен ұлыстардың парасаттылық дамуы да осы көкірек көзінің ашылуына байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Абай заманында қазақтың қай деңгейде болғаны айтпасақ та түсінікті. Мешеуліктің басты бір себебі қара танымаған көзде ғана емес, құлақтың құлқында деп білген ақын сол мінді түзетуге күш салды. «Көңілсіз құлақ, ойға олақ» деп дүрыс тыңдай білмеген адамның не жақсы, не жаман екенін ұға алмайтынын, құлақ көңілді болмай санаға сәуле түспейтінін, көкірек көзінің ашылуын қиындатып, ойлау күшін тежейтінін оңай жатталып, жадында жақсы сақталатын асыл сөзбен еске салды. Ала білу мен бере білуді тең ұстау, зорлық-зомбылыққа қатаң тыйым салған әділетті қоғам болу үшін оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар жаны ізгі болуға тиіс. Сондықтан да Абай: « Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп кесіп айтқан. Адам болған соң оның надан болуы кешірілмес айып деп білген. Жаратушы құдайынан тілегені, бар арманы туған халқының көкірек көзін ашып, надандықтан құтқару болған. Ұлттың адамзат көшінде өзіне лайықты орын алып, замана талабына сай өркендеуі үшін белгілі адамдар тобының надандықтан құтылып, парасатты азамат болуы жеткіліксіз. Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Жалпы ұлт жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда талаптылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Осыны көкірек көзімен көре білген ақын «халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп күйінішін айтып кеткен. Адаммын деп жүрген әрбір азаматқа ұлт деңгейін көтеру үшін оның көкірек көзін ашуға қызмет ет деп өсиет қалдырған.  Туған халқының болмыс-бітімін бейнелеп, тайға басылған таңбадай көрсете отырып, көкірек көзін ашуға бар күшін, өнерін жұмсады.        
           Қазақ үшін өнер де өнер-сөз өнері,саз өнері,ән-күй,жыршылық,ақындық, шешендік, қол өнері басқа ұлттарға қарағанда өз ерекшелігімен өте биік дәрежеге жетуінің негізгі себебі ұлттың көкірек көзін ашу қажеттілігі еді.Мысалы, саз бен әуен адам бойындағы мүлгіп жатқан жақсы сезімдерін оятып, рухы мен миына тыныштық сыйласа, шаршағанда жүйкесін дем алдырып,ойына көркем пікірлер салады Ән - күй. Бала бесік жырын тыңдап өсуі тиіс. Өйткені, алғаш рет баланың жан сезімін тербейтін, рухани жігер беретін – халық әуені. Қазақтың ән - күйлері сарынды, кең тынысты, шалқымалы болып келеді. Жанға жағымды нәзік әуендер адамға эмоционалдық - эстетикалық әсер береді Абайдың:   
                            «Құлақтан кіріп, бойды алар

                             Әсем ән мен тәтті күй.

                              Көңілге түрлі ой салар,

                              Әнді сүйсең, менше сүй», - дегеніндей кейбір  әуендер мен әуездер ешбір сөз айтылмаса да, адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып, өзінше бір әлемге жетелеп терең ойға шомдырады. Мысалы, қазақтың кейбір күйлері орындалған уақытта көз алдыңа кең байтақ жер мен ондағы әсемдіктер елес береді. Көктемдегі көңіл-күйді білдіретін, жауған жаңбырдың тырсылын елестететін, көңіліңді сергітіп, керемет ойға жетелейтін жұмсақ та нәзік әуендердің бар екені баршаға белгілі. Отанды,бірлікті, ерлікті уағыздайтын, ата-ананың қасиетіне байланысты, адам баласын адамшылық  пен имандылыққа баулитын музыка мен әндерді тыңдау әрі айту ұлттық салтқа, айналып,жалпы халықтық сипат алуының тереңіне үңілсеңіз,оның жалпақ жұрттың  жан сарайын,қөқірек көзін ашу талабынан туындағанын байқаймыз. Біздің халқымыздың музыка өнері және оның адам сезіміне әсері мен қуат күші жайында айтылған түжырымды ой мен татымды пікірлерінің бастауында Әбу насыр әл-Фараби тұрады.Сан ғаламға негіз боларлық ой қалдырған бабамыздың саз өнері жөніндегі«Бұл ғылым (яғни музыка) өзінің байсалдылығынан айырылған адамдарды түзетуге, қызба адамды қалпына түсіруге, байсалды адамды ылғи да бір қалыпта ұстауға қүдіреті әбден жетеді» деген тұжырымы халқымыздың тэжірибесінде музыкалық терапияның болғанына ғылыми негізі болары хақ.   
               Жеткіншектерді өмір ортасының қарама-қайшылықтары қызықтырады, бұл жастағылардың қажеттілігі-өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым-қатындсын, әлемдегі өзінің орнын табу. Ал бұл қажеттілік басқа адамдармен карым-қатынасу
арқылыы қанағаттандырылады. Бұл қажеттілікті қанағаттандыруда әдебиет пен өнердің атқаратын рөлі ерекше. Әдебиет жасөспірімнің аддына адамзаттық қарым-қатынастардың, мінез-құлықтардың, сезімдердің аса бай да күрделі мәнін ашып береді: ол әрбір кейіпкерден өзін көретін болады, өзінің сезімдері мен құмарлық-құштарлықтарының дұрыстығына жауап іздейді.Ал музыка-адамның сезімдерінің әміршісі. Оның тілі толқу үстіндегі адамға түсінікті. Сондықтан да жеткіншекдердің тындайтын музыкасына қатты көңіл бөлу керек.Осы педагогикалық-психологиялық заңдылықты қазақ халқы тым ерте аңғарған.Тілі шықпаған сәбидің жан сарайына жету ән-күй,әуен екенін жете сезінген олар,сылдырмақпен ойнатып,бесік жырын айтатын,әр іс-әрекетін әнге сүйеп атқаруының түп себебі осында жатыр.Бұл- дәлелсіз мақтанқұмарлық емес.Айталық.Ботасы өлген боз інгенге басқаның ботасын қалай телігенін көрген шығарсыз.Өлген ботаныің терісін басқа інген ботасының үстіне жауып,қыл қобызбен сарнатып,телу күйің тартып,көс-көстеу жырын орындағанда шай қайнатым уақытта,боз інген көзінен жас парлап,алпыс екі тамыры иіп,өз ботасының терісін құшырлана иіскеген боз інген,бөтен інген ботасын өз ботасындай танып,емізіп тұрады.Бұл ненің күші? Тұмса тұсақтың қозысын тастап кететін немесе өз қозысынан өзі жеритін, кей жағдайда қозысы өлген қойға сүті аз қойдың қозысын жағызғанда,аналарымыз,әпкелеріміз,жеңгелеріміз «төйгелеп» қозыны алдыр-атын, телитінін жақсы білеміз.Ол ненің құдеріті?Ән-әуеннің әсері.Жапония ғалым-дары,күн көзіне еріп,күнбағыс табақшасы (алақаншасы) бұрылатыны тәрізді кейбір гүлдердің музыкаға еріп бұрылатынын анықтаған.Ғылымы шарықтап дамыған елде,ғылым жетістігін барлық орында ұтымды қолданатыны анық.Жапония мектеп-терінде,түскі үлкен үзілісте,келіп музыка,ән-күй тыңдайтын,тақпақ өлең тыңдайтын,аудио кітап окытатын, үн таспа еститін арнаулы бөлме,кабинеттер бар.Кәдімгі өзіміздегі шай ішіп,екі жапырақ балбауырсағын жеген адамдай,оған рахаттанып,рухани лаззат алған оқушылар,келесі сабаққа өте ынталы қатысады.Оларда ата-аналар мен балалар бірігіп 100 тақпақ,өлең,жыр жаттау деген ғұрып бар екен.Мұның бәрі адамдардың көкірек көзін ашуға арналған шаралар.Сондай-ақ,тіл өнерінің құдыретін түсінгені сонша,алғашқы мектепте шет тілін оқытуға тиым салып,кәзіргі жапон тіліне қосып көне жапон тілін қатар оқытады.Әдебиеті де солай.Бұл турадағы біздің жағдайымыз,айтпасада түсінікті ғой...

Халқымызда ауыз әдебиетінің ішінде ең көп тарағаны - өлең. Оның адам өміріндегі маңызы туралы ұлы Абай былай деген:                           
                             «Туғанда дүние есігін ашады өлең,                                  
                               Өлеңмен жер қойнына кіреді денең.                           
                                 Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,                                
                               Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең». Бұл жерде ақын сөзінің өлеңге, өскелең өмірімізге тікелей қатысы бар. Ана әлдиі, бесік жыры, қыз ұзату, келін түсіру, мереке, салтанат кештері, ақыр соңында, адамның дүниемен қоштасуы – бәрі-бәрі көз алдыңыздан өтеді. Мұның бірі - қуанышты, бірі мұңды болып келгеніне қарамастан, бәрі адамның жүрек тебіренісі мен сезім-түйсіктерінің оянуымен байланысты.Бұларсыз адамның көкірек көзі ашылмайды,жан сарайы қуаттанып,қоршаған әлемді тани алмайды.Ал,Қорқыт Ата өнерді игерсең,дәлірек айтқанда,күй өнерін иеңгерсең, ажалдан да  құтыласың,болмағанда ғұмыр жасыңды ұзарта аласың деп өсиет қалдырған.Осыны есте тұтқан қазағым: «Рухтана шапқан казақтан ажал да сескенеді»-деген ғой!Фараби бабамыз,музыка құдыретін жете ұғынып,халқына оны игертудің амал-айласына қатысты тоериялық және пракиткалық оқулығын жазып қалдырды.Алайда оның игілігін, европалықтар бізден бұрын көрді,бұл оқулық Европада ешбір өзгеріссіз алпыс жыл бойы керектенілген екен.    
             Білім арқылы көкірек көзін ашу қазақ тәрбиелеу ілімінде тым ертеден қалыптасып,оқу-ағартушылық филиософиясы арқылы ол даму жолын тауып,әсіресе ХХ ғасырда ерекше табыстарға қол жеткізді.Ислам өркениеті Ұлы  Дала өлкесіне тарау арқылы ғылым-білім,мектеп-медіресе  қатарлы оқу-білім ошақтары өте баяу болса да, оның көне дамымаған түрлері келсе де, қазақ қоғамында жылжу болды,қазақтың көкірек көзін ашу амал-айласына сіңісе отырып,өз орнын тауып жатты.Соның бірі имандылық арқылы көкірек көзін ашу амал-тәсілі еді.Мұның дәлелін Иассауиден ілімінен   табамыз. 
      Иассауи философиясында көңілдің пәктігі ең басты шарт. Адам рухының жоғарғы сапалық тазалық категориясы “қалб-и салим” дәрежесіне жету қажет. Қалби салим болуды Құран аяттарында қалай түсіндірсе, Иассауи де өзінің «Көңілдің айнасында» оның жолдарын, өсу сатыларын “дария”, “кеме”, “асу” символдары арқылы өте анық, түсінікті түрде айшықтаған.Адамдағы көңіл материалды, яғни көзге көрінетін, рухани, көзге көрінбейтін әлемдерді тұтастандырып, біріктіріп тұрады. Көңіл осы екі әлемде “төреші” болуы үшін өзін дамытып, кемелдендіріп, шыңдап «көзін ашуы» тиіс. Себебі: «…Захир көзі ғафлетте, “Батин көзі” ашылса ешқандай “перде” қалмайды. “Жан көзі” — қайран болып, “иман нұры” арқылы көре бастайды. Сыр көзі-“фана” мақамында “өздің өзі” (рухтың рухы) арқылы көреді. … Көңіл көзі жарылмадан тағат қылса, Хақ дергахында қабыл болмайды” . Иассауи үшін көңіл ішкі және сыртқы әлемнің орталығы болу үшін көзін ашу қажет. Сонда ғана жанның да, тәннің де амалдары оң болады. Міне, көңіл тән үшін де, жан үшін де өте маңызды рөл атқарады. Дегенмен, адамды адам еткен оның мәні, рухы болғандықтан, сопылық философияда көңілдің рухани рөлі тәнге қатысты қырына қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Сондықтан осы руханилығы жағынан өте нәзік сырлар мен құпияларды хикметтер арқылы адамның адалдығын, мән-мағынасын қамтамасыз ететін күш – көңіл. Алланың аманатын арқалайтын күш иман болса, соны ең алдымен бойға дарытатын ақыл, ой, тіл, сана емес, көңіл, жүрек. Бірақ, адамның болмыстық табиғаты бойынша, жақсылық пен жамандықтың, тақуа мен асылықтың, иман мен күпірліктің күрес алаңы да осы көңіл. Көңіл сондықтан өле-өлгенше бір қалыпты бола алмайды. Сондықтан ол үздіксіз бақылау, тізгіндеу, тәрбиелеуге мұқтаж.Көңіл – айна. Оған Алла да, періште де, шайтан да қарайды. Періште қарап кетсе, оған иман, ізгілік, игі амал, рухани хәлдер сыйлайды, ал шайтан қарап кетсе, күпірлік, күдік, күмән, жаман амал, шахуат, әуестік, менмендік ұялайды. Көңіл өз айнасына қарауға тек періштеге ғана рұқсат беретін хәлге жетуге тырысуы шарт. Көңілді ондай халге жеткізу үшін сопылықта негізгі әдіс – зікір, яғни, Алланың аты, заты, көмегі, қуатын шақыру. Сонда ғана көңіл зікірмен тыныштық, бақытқа кенеледі.Ал көңілдің тыныштығы иманның артуына, бекуіне мүмкіндік береді. Сонда ғана көңілдің перделері ашылып, көрінетін және көрінбейтін әлемдердің сырлары аян болады. Барлық сырларды бүгіп жатқан әлем оқылуға дайын кітапқа айналады  
             
Шәкәрім «Үш анықта» Ақиқат деген не? деген сұрақ қояды. Оған өзі «адам ақиқатты ақыл – ес көзімен көріп, қабылдауы керек. Ақиқат - әрбір адамның жанында болады не ол өзіндік өмір сүреді» - деп қорытынды жасайды. Жанның ең негізгі қажет ететіні – ұждан. «Адамның нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып, мұсылманша айтқанда, ұждан, орысша айтқанда совесть бар» дейді.Көкірек көзін өнер-білім арқылы ашудың тамаша жолын көрсеткен ғұлама Шәкерім атамыз еді. «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын адал-еңбек,мінсіз –ақыл,таза –жүрек.Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» -деген. Адамның ішкі жан сырының неше алуан көріністерін еңбектің, оқудың,  білімнің, өнердің адамға тән ынсап, рахым, ар-ұят, сабырлық, ой талаптың ортаға тигізер пайдасы, әсері, ықпалы туралы түбіне жеткізе айтқан адам Ш. Құдайбердіұлы атамыз еді. Ол: Ынсап, рақым, ар-ұят, сабыр, сақтық, талапқа алты түрлі ноқта тақтық.Сабыр, сақтық, ой талап болмаған жай, Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғамастан,-деп, адамның қоғамдағы орнын жоғары пайымдай отырып, оған көп жүк артады, мақсат міндет қояды. Олардың орындалуына қажетті шарттарды, жолдарды да нұсқайды. Мысалы : "Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: кірсіз рахым, мінсіз сөз, адал еңбек"! Шәкерім атамыз,жас ұрпақтың мінез байлығын игеруде басты қағидасы болушы “Ар ілімін” былай тұжырымдайды: Бірінші-әрбір адамда діни таным болуы қажет, екінші-ғылыми танымы болуы керек, үшінші-“Ар ілімін” меңгеруі тиіс-дейді, және оны үшке бөледі:1. Мейірімділік.2.Ынсаптылық.3. Әділеттілік, міне осы үшеуі бойында болған адам, нағыз “Толық адам” бола алады.Әлемді ақыл-ес көзімен тану дегеніміз осы болмақ. Ғұлама,М.Ж.Көпеев:“1917 жылға дейін қазақ халқының пәлен пайызы ғана сауатты болған”-деген­дерге айтарымыз:“Сауаттылық тек кітап оқи білумен өлшенбейді”...әдеттегі адамда жоқ, ерекшені көру қабілеті бар әулиелерде, ...адамдарда...жануарларда «бәтін көз» бар,»- дейді және оны ғылыми негізде дәлелдейді.Осы «бәтін» көзді ашудың жолын көрсетеді.Бұл бәтін көздің адамға қажеттілігін саралап береді.“Айта- Керимеде-Алла тәбәрік отғылы: “Ие ғалам лығып уалшаһадат”, – деп тұр. Оның мағынасы: “Көрініп тұрған да ғалам бар екен”. Көрініп тұрған ғаламды: “Ғалам лашаһадат, ғалам лызор, ғалам лыхақ”- дейді. Көрінбей тұрған ғаламды: “Ғалам лығиып, ғалам лимығына, ғалам ламир”-дейді. Олай болғанда, көрініп тұрғанды: төрт аяқты хайуан, ұшқан құс, жүгірген аң, бәрі де біледі. “Көрінбей тұрған ғалам” мағынада –ғалам ламирде не бар, одан адамға келетұғын қандай пайдалар бар? Соны білуге тырысу керек.

Бұрынғы ата-бабаларымыз мұның бәрін білді. Бірақ артына нұсқа қалдыруға хат жазу білмеген себепті ауыздары айтып кетті. Исі қазақ деген жұрттың көрініп тұрғаннан басқа­мен жұмысы болмағаннан: “Қазақтың жаны – азапта, Наданның жаны – тозақта!”, – деп зарлап кетті. “Көзі соқыр – соқыр емес, Кеу­десі соқыр ­– соқыр”, – деп қақсап кетті. Осы сөздерді бұрынғы ата-бабаларымыз ай­тып кеткен. Сонда біздің осы көрініп тұрған­менен ғана алданып: “Өзіміздің шешеден туумен кісі болдық қой!”, – деп шолақ ойда қалған­ды- ғымызды білгендіктен бұл сөздерді айтқан”.-деп,арнайы белгілеп көрсетеді.Осы көрінбейтіндерді көріп біліп,тану үшін де бәтін көз керек-ақ. Ал,Абай атамыздың «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан»/Абай. 2 том, алматы, 1995, 165 бет/, деген даналық сөзі бар. Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің тылсым сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр Басымыздағы қос көз бұл көрінбесті қайдан сезсін,ақыл көзі: Ілімге толса көкірек, Ашылар көзі санаңның. «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң, айтпа сөз-дегендейін ақыл көзін ашу-табиғи заңдылық.Көкірек көзі ерте ашылып,талай іліми жаңалықтар ашқан қазақ ғалымдары мен ғұламалары бұрын да көп болған,кәзір де баршылық.Ал,әлемде олардың саны мыңдап саналады.Ең тамашасы олар бір ғана мемлекеттің,бір ғана ұлттың құшағына симайды,жалпақ әлемнің мақтанышына айналады.Ал,көкірек көзін ашатын амал-айла,әдіс-тәсіліне келсек,бүгінгі таңда,оқу-білім саласында орын алып,отырған «жалпақшешейлік»  саясатқа қарсы келетін ұстаным бар.Ол,бойынша:
«Жастардың көкірек көзін ашатын-өнер –білім екені рас,алайда, бар өнер,бар білім,барлық жастың(барлық адамның) көкірек көзін аша бермейді.Әрбір жанға тиесілі,әрбір жасқа қажетті өнер білім бар.Оны дұрыс тауып,таңдап,талғамға сай,қажеттілікке сай адамдарды қанағаттандырсаң ғана олардың көкірек көзін аша аласың!Себебі,ешбір жанның көкірек көзін мәжбұрлеп аша алмайсың!»
Бұл заңдылықтың мәнін түсіндіру үшін екі ғана мысал келтірелік. Абай  өлеңді жалпыға арнап емес, сол жалпының ішінен бөлініп шыққан жалқыларға арнап жазған . «Көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі беру үшін жазған Бұл сөзді тасыр ұқпай, талапты ғана ұға алатынын да ашып айтқан. Ол өлеңін негізінен «көңілінің көзі ашық» сергек жастарға арнаған. Абай - бұл жалғанда жалғыз ғана молшылық бар екенін, ол молшылық дегеніміз ақыл екенін жақсы білген ғұлама. Өйткені, жер басып жүрген жұмыр басты, екі аяқтылар арасында менің ақылым аз деп мойындаған пенде жоқ. Ендеше Абай  сөзін олардың ақылын молықтыра түсуге, адасқан тұсын көрсетіп, оң жолға салуға арналған деп қарастыру ләзім.«Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ,Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ...»Мен сияқты көркем сөзден еш хабары жоқ,тілі орамсыз,жүрегіне жылылық тимейтін жанға Абай атамдай жүз ақынның не сияқты тамаша өлеңдерін қанша жаттатқызсаң да нәтижесі аздау.Солай бола тұра,сыбызғымен бір әуен тартқызсаң делебем қозып,көзім жайнап,елең ете қаламын.Үш күн отырсам да,сыбызғыныны,ас сусынсыз,жалықпай тыңдай аламын.Себебі,бала күннен,қозы жайып жүріп,қурайдан сыбызғы тесіп,перне ойып әуестенгендіктен оның айтары маған түсінікті, әрі қонымды.
Біздің ауылда тұратын Жанат Түбекбайұлы (1932)  ақсақал өте қызық адам.Өзінің қолдан жасап алған қалақша бас қара домбырасы бар.Анда-санда,үйінде,төр алдына сырмақты бірнеше қабаттап жайғызып,беліне қабат-қабат жастықтан сүйеу қойғызып,жайланып отырып алып,күй тартады ғой, келіп!Ол,үйге кім келіп,кім кетіп жатқанында ақсақалдың шаруасы болмайды,ас-суды да каперіне алмайды.(Күйді тыңдау үшін,көптеген адамдар ақырын кіріп,дым демей келіп-кетіп жатады)Бір кезде,домбырасын құшақтап,жастыққа  жантайын ұйықтап кетеді,ұйқыға бататыны сондай аузынан сілекейі ағып та кетеді.Осы жайдың мән-мағынасын атайдан сұрауға ешкімнің дәті барған емес.Ал,кей күндері, үстелге отырып,көзгілдірігін киіп,қалың дәптерге бірделерді жазып отырады.

Мен бір күні,осындай сәтті пайдаланып,күй тартып,жазу жазып шұқшиюдың мәнін біле қоймақшы болып,атаға: -Ата,қартайғанда,қағазға шұқшиып,көз майыңызды тауысып,неге әуреленесіз?-демесім барма.Атам,жұлып алғандай,тіке қарап:-Сексеннің алтысына жаңа келдім,мені қартайып қалдың ғой дегенің не? Қалыңдыққа хат жазып отырмын!-демесі бар ма! Бәйбішесі,келіндері,немерелері отыр екен,бәрі ду күлсін Мен,шынымен тосылып қалдым.Менің жағдайымды толық түсінген атамыз,ұзақ әңгіме айтып,талай тамаша мен қызықтарды баяндады.Сөз соңында,қандай бір өнерді игеріп,көкірек көзіңе бітіндей болса да,сәуле кірсе,білім мен басқа өнерлер тым қиналмай-ақ қолыңа іліне кетуі ғажап емес.Сол,менің санама саңылау салған осы қара домбыра ғой!Енді қартайған шағымда, одан алыстау да,үнемі айналысу да қиын екен.Сондықтан анда-санда,домбырамен осылай сырласатыным бар.Ол сырласудың соңы ойға не сиқты қозғау салып,оны қағаз бетіне түсіріп қоямын,Мүмкін ұрпақтарым мұны да бір кездері керегіне жаратар.Атаның осы айтқан бір ауыз әңгімесіндегі ой түйіні,менің бар ғұмырымда алған білімімінің жартысына пара –пар сезілген еді.Біреудің көкірек көзін ән-күй ашса,екіншілерде қол өнер,би,сәулет-сән,сызу өнері ашатыны белгілі. Қазақ қыздары кесте тігіп,керме керіп не бау есіп отырғанда,анықтап байқасаңыз,олар қандай бір ән-әуенге ілесіп,көңілі көтеріліп ,арманы асқақтап ,қол еңбегінен ләззат алып шалқып отырғанын көресіз.          
  ...Менің Санат Қабдыразаққызы(1960) деген қарындасым, орталау мектепті бітіріп құрылысшы мамандығын игеріп,әрлеуші болып істеді.Оның бойында ерекше талант бар.Ол ою ойып,тұскиіз сызып, неше түрлі алаша,төсек жапқыш,төсек сырмақ,сырмақ, текемет тігетін.Олай істеп жатқанын көрген жұрт таңданатын бір нәрсе:оюды ойғанда,түскйізді сызғанда не циркуль,не қарындаш, қалам,сызғыш керектенбейтін:-солай бола тұра барлық ойған-сызғаны симметриялы,тең өрнекті,көркем шыға келетін Өрнек салып,мүйіз ойғанда қарама- қарсы тұрғандары бір-бірімен бірдей айна қатесіз,компютермен көшіргендей шығады.Мұның сырын сұрағанда,ол:-Сендер жиһан университетін бітірдіңдер,мен апам университетін тамамдадым.Сендер жазу-сызудың не сияқты нәзік дәл өлшейтін тетіктері мен құралдарын керектенесіңдер.Мен апамның сиясы мен шиді ғана пайдаланамым,-деп,бізді тойтарып тастайтын.
               Шындығында,үш бұрыш пішінді ою сызғанда матаны шаршылап бүктеп,шетін саусақпен шымшып басып сындырып,шамалы шекер қосып езіп алған қой сүтіне шиді малып сыза салады.Шеңбер сызғанда ғана үлкен шыны аяқтарды төңкеріп қойып,ернеуін айналдырып шығады.Ақ киізге ою сызғанда шыбықтың ұшын сәл ғана жағып тұтады да сөндіріп,сыза жөнеледі.Ақ  кигізбен қара киізді жеке-жеке-жеке ойып алып,ойыстырып қосқанда бір-біріне дәлме-дәл қона қалады.Әжемнен бұл құбылыстың құпиясын сұрасам;мен түсіне қоймайтын бір ілімнің шетін қылтитып  қана,қарапайым тілмен сипаттап:-Бұл қыздың бастағы  екі көзінен басқа,көкірегінде төрт көзі бар.Солар арқылы өлшеп-пішіп отыр емес пе!Сенің нағашың Тоқайдың ондай көзі саусағының ұшында,ол сондықтан,мүсінші –суретші болып жүр,-деуші еді.      
         
Көкірек көзін білім арқылы ашудың өзінде де,әр адамға тиесілі оларға тән білім бар.
Мұндай білімді білім беру ғылымы озық дамыған елдерде «ортақ білімнен» бөліп алып, «қажеттілікті өтеу,көкірек көзін ашар білім»-деп жастардың қалауына сай үсынып оқытады.Ал,бізде,ортақ білімді-жалпы біліммен ауыстырған социалистік дәуір мектебін, «жалпақ білім беретін,коммунистік мектепке» ауыстырып әлек болуда.Ол білімдер барлық оқушының,барлық жастың көкірек көзін аша қоюы екі талай ғой! 
   Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)

                                                      4 ақпан 2018