АНА
жеке
блог

АНА

Анашым деген сөзді жазған кездің өзінде де кез-келген анасы бар адамның жазуы да ең әдемі болып кетеді екен. Ана – бұл әлемнің асыл да жылы сөздерінің бірі ғой. Ана туралы небір түрлі әсем әндер, мағыналы сөздер, терең очерктер мен шығармалар, жан тебірентер ой-толғаулар бар. Бұл – ақиқат. Кемелденген жазушы да, ойшыл да, ұстаз да ананың ақ сүтімен өмірдің нәрін алды, өсті, өркендеді. Ана туралы ойлау, сөйлеу, жазудың өзі де аналардың сөз жетпейтін мейірімінің арқасында дариды емес пе?

Ендеше, мен осы жазбамды асыл да ардақты анама арнаймын.

Анашым.... Сіз менің биік шыңдарға, армандарға талпынуға, мақсатқа жетелейтін жарық жұлдызымсыз. Жұлдыз – ол жарық, жымыңдаған көз тоймас әдемілік қой, сол жұлдызым, анамның арқасында мен осы күніме жеттім. Әркім өз анасына әлемнің бар асылын арнайды ғой, дегенмен менің анам – мен үшін бүкіл ғаламшардағы кіршіксіз махаббаттың, даналықтың, сабырлылық пен мейірімділіктің символы болып қала бермек.

Менің анам – Өтебайқызы Набат, 1951 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Бала күні көп біле бермеймін, бір білетінім анамның бала күнінде Қуандық деген досы болған. Ол көрші үйдің баласы болу керек, өзінен 1-2 жас кіші сияқты, екеуі күн ұясына батқанша бірге ойнап, бірге құлап, бірге жылаған екен. Бірақ, сол анамның бала күніндегі кеселдердің бірі оба ауруынан досы Қуандық қаза тапқан. Нақты жас шамасын білмеймін, ойын баласы болса керек. Анамның сол досын есіне алып отыратыны менің де есімде қалыпты. «Кеш болса Қуандықты іздеймін, ал ол болса еш жерде жоқ, ешкімге көрсетпей досымды іздеп жылап аламын» дейтін.

Анамның табиғатынан бостығы, тез жылап қалуы, сол бала күнгі алған жарақат (травма) па деп те ойлаймын кейде. Түсіндіре кетейін, менің анамның мінезі ашық, көпшіл, ешкімді орынсыз ренжітпейтін, әр адамды өзінше құрметтей білетін және тез босай салатын, өте мейірімді жан. Қайнылары оны «жылауық», «сөйлесе жылайды енді» деп келемеждейді. Шынында да мамамнан дарыған осы қасиет пе, әдет пе, мінездің бітісі ме өзімде де бар. Сәл аянышты кино көрсем көз жасым көл болып шыға келеді. Осы орайда әкемнің мені «ақ ешкінің көзіндей болды» дейтіні есіме түсіп отыр.

Анамның жеке өмірі туралы айтатын пәлендей көп әңгіме жоқ. Ол кісі өмірін отбасына, жарына, туған-туысқа арнаған жан. Көзімді ашып, ес білгелі ауылымыздағы КС мекемесінде еден жуушы болып қызмет атқарғанын білемін. Кезінде сол мекемеге анаммен барып, шеті жоқ көп трубаның арасында жүргенім есімнен кетпейді. Мен шешемнің қандай қызметте болса да, қайда болса да бізге, 6 баласына берер тәрбиесінің өзгермейтінін білемін. Үйде 3 ұл, 3 қызбыз ғой. Анам бізді бір нанды бөліп жеуге, үлкенді сыйлауға, орынсыз күлмеуге, барға шүкіршілік етуге, бауырды, ағайын-туысты қадірлеуге үйретті. Ең бір жақсы көретінім, анам бізді ер азаматты қатты сыйлауға баулып «әкеңді, ағаларыңды сыйла, шырағым, аяғынан аттама, сөз қайтарма, ренжісең де қатты сөйлеме» деп отыратын. Айта берсем көп қой, әлі де анамның тәлім-тәрбиесінен сусындап, балаларымды да солай тәрбиелеп, ана жолымен жүріп келемін.

Қазіргі таңда анам 67-ші көктеміне аяқ басыпты. Неткен зымыраған уақыт десеңші, осы мақаланы жазбасам, шешемнің жасын ұмытып та қалыппын. Мен үшін ол 50-де секілді әлі. Неге? Себебі, оның сырт-келбеті, жүріс-тұрысы өзгергенімен бізге деген көзқарасы, жылы алақаны, мейірімі, шексіз махаббаты сол баяғы қалпында ғой. Мен үшін анам әлі жас. Осы күні 6 баласынан 19 немере сүйіп отырған әже. Әженің қолынан көрпе тігу, құрақ құрау, киім тігу, малдың жүнін орнымен пайдалану, ұршық иіріп, жіп жасау, өрмек тоқу, киіз басу секілді барлық шеберлік келеді. Өзі олай санамаса да, біз үшін ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін мақтанарлық дүние. Әлі күнге дейін төркіндетіп бара қалсам, қолында немересі немесе әйтеуір бір нәрсе тігіп отырады.

Қай нәрсенің де екі ұшы бар емес пе, адам болып қалыптасып, өсіп-өніп келе жатқан өміріме ата-анама, сонымен қатар қазіргі екінші ата-анама өте ризамын. Дегенмен, бір өкініштісі аяулы анамның шынымен-ақ, қап-қара шашының ағаруы, әжімдерінің көбеюі. Әрине, денсаулығы Аллаға шүкір жақсы. Кез келген пенде анасының қартаймауын, 100 жасауын тілейді ғой.

Сөзімді Төлеген Айбергеновтің:

«Анаң саған керек болса, анаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек о, адамдар ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда
Пікірімді ұнатпаған таптық та, дер дананы
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы» деген керемет өлең жолдарымен аяқтағым келеді.

Ана – әлемнің баға жетпес асылы, ең мейірімді де мейірбан жан. Әрбір ана өз перзентін сүйеді, түсінеді, кешіреді. Сондықтан ананың асқақ атын аялайық. Өмірдегі баға жетпес сыйлық тарту еткен аналарымыз аман болсын!