Мұхтар ШЕРІМ. СӘЛЕМ, САНКЦИЯ

Мұхтар ШЕРІМ. СӘЛЕМ, САНКЦИЯ
жеке
блог

 

 

    Үйленгенімізге үш жыл өтпей жатып, махаббатымыз қақырлап кеппей жатып, анау да, мынау де жетпей жатып, берекеміз келеке, келекеміз кетпендей болды.

   Жұрттың бәрі жапырып, бірінен–бірі асырып, қысқасы «қатырып», бір миллионердің баласының үйлену тойында желінген төрт тонналық торт дейді ме, оның бағасы 60 миллион дейді ме, 60 миллионның тортын миллиардер Гейтстің өзі жемеген дейді ме, соны ауыздарының суы құрып, жазып жатыр, жазып жатыр. Ал, менің әйелім бір күні ояна салып:

–Торт жегім келеді! –дейді. Торт сатып әкеліп, басына былш еткізе қойып қалғым, сөздермен іреп, сойып салғым келсе де, үндемедім. Қояды ма десем, ертеңіне де ояна салып:

–Торт жегім келіп кетті... –деді. Базардан  мың жарым теңгелік тортты қарызға сұрап әкеліп, бетіне былш еткізе, жаға салғым келіп кетті. Үндемедім. Түн ортасында шырт ұйқысынан ояна салып:

–Торт жегім келіп кеттііі! –деп айқай салғаны. Сосын:

–Сен неменеге «Торт жегім келіп кетті!» деп айқайлап тұрсың? –деп сұрады.

–Қайдай білейін, сен айқайлаған соң айқайлай салдым.

    Одан әрі үндеген жоқпын. Білем, өйткені тортқа ақшам жоқ. Жасылданып тұрған бау–бақшам жоқ... Қара жұмысшымын. Құрылыс компаниясынан айлық алмағанымызға алты ай өтті... Топ болып барып, топ болып қайтамыз... Біз өзгелер сияқты салғыласып ұрыспаймыз, теке– тірес болып тұрыспаймыз. Тек өкпелейміз. Өкпеміз қара қазандай, жүрегіміз бұлқынған сазандай...  Бір–бірімізге айлап, тіпті жылдап сөйлемейміз. Ғасырлар бойы сөйлемей қоюға да пейілдіміз. Содан не болсын? Енем ет жіберіп тұрушы еді, Әміриканың Ресейга салған санкциясы сиқты күй кештім. Етке санкция салды. Анда –снда келетін еттен қағылдым. Қайын атама телефон соғып, тегін сәлемін алып тұрушы едім, сәлемге де санкция салыныпты. Әйелім сорпаға еті жоқ сүйектер салушы еді, оған да санкция! Бірге жатушы едік, төсекке де санкция! Бөлек жатып жүр. Сөйтіп, құдай атып жүр... Сөзден сүйек шығаратын әпкелері бар еді, олар да санкция салып, менімен амандаспай қойды. Тіпті әйеліме «небір қайрақ сөздер» айтып, ақылдарын үйіп–төгіп тастапты. Сөйтіп, өздеріне қарамай, жаман ырым бастапты...  Америка мен Ресей сияқты қырғи–қабақ соғысып жүрміз. Миллионерлің торты  отбасымызға ауыр тиді. Ал жұрт «Соншама ысарапшылдыққа салынғанша, жетім–жесірлерге таратпайды ма, елдің назарын осылай өзіне қаратпайды ма, ауру балаларға ақшасын лақтырмайды ма, әлде онысын біреулер жақтырмайды ма? Жоқ әлде, бұл әшейін пияр ма екен, қара қазақтың ішіне байлық деген сияр ма екен?» дейді, дейді, дей берсін,  бірақ менің әйелім түсінде ғана тортын алып жей берсін!

  Ертеңіне  оянсам, әйелім торт жеп отыр! Қайын жұртым  ортадан ақша жинап, екі мыңдық торт сатып әперіпті! Салмағы бір киләлік... Тілімді жалап, ұмтыла беріп едім, тортқа да санкция салыпты! Сәлем, санкция, саған не істесем екен, а?