Жақсылықта жарысайықшы...

Жақсылықта жарысайықшы...
жеке
блог

Бақыт деген не өзі? Бақыт деген биік мансап пен билік болар? Әлде, қоржын толы алтын мен қалта толы ақша ма екен? Жо-жоқ, бәлки, бақыт деген- ішкеніңді алдыңа, ішпегеніңді артыңа сап, қарның тойса қарта ойнап, өзі де қамшының сабындай қысқа ғұмырыңды бос ойын күлкіге арнау ма? Әр адам бақытты өзінше түсінеді... Ал мен үшін мына өмірдегі «бақыт» деген ұғымның астарында ата-анам тұрады. Ол кісілердің қуанышы- менің қуанышым, қайғысы- менің де қайғым, менен разу болулары-  әлемдердің Иесі Аллаһтың разылығы. Ал Аллаһтың разылығы- жәннәт. Менің түсінігімдегі бақыттың алгоритмі осындай.
Мені ананың аялы алақаны мен әкенің қамқорлығынан айырылған қазағымның қаракөз қыздары мен қарадомалақ балаларының жайы алаңдатады. Олар бақыт деген ұғымды қалай түсінеді?
Жолым түсіп, балалар үйінің жанынан өтіп бара жатып, әп-әдемі, қаршадай сүйкімді асыр салып ойнап жүрген балғындарды көрдім. Жәудіреген көздерінен болашаққа деген зор сенімнің ұшқынын байқасам да, жанарларынан бір маңызды нәрсені көре алмадым. Нені дейсіз ғой? Ананың ыстық алақаны мен әкенің жылы құшағынан сезілетін бақыттың нышаны, жанұя жылуы. Сосын, іштей:«Өмірдің басқа салған сынағы болғанымен де, мұншалық тағдыр тәлкегіне бауыр еті баласын қиып тастайтын қандай ата-ана екен» деп, кейідім. Осы орайда, есіме әкемнің бір әңгімесі түсіп отыр.
Әкемнің кішкентай жеткіншек кезі. Жасынан құс біткеннің балапанына құмар болған екен. Кіп-кішкентай қанаттарын серпіп, сүп-сүйкімді балапандарды көрсе, бағып көрмекші болып үйге алып кетіп, балапанның нені жемтік қыларын білмей өлтіріп алып, талай рет обалына қалған көрінеді. «Жайлауда мал бағып жүрген кезім еді»- дейді әкем. «Бір күні үйдегі сиырымыз жоғалды. Жоғалған малды іздеуге атам астыма асау жылқыны мінгізіп жіберді. Шілденің ми қайнатар ыстығы. «Лекер» деген жазық бар еді. Сол жазықта сиырды таба алмай, шаршап, ыстыққа шыдамай келем. Бірде, алыстан артынан жалғыз балапанын ерткен тырнаны көрдім. Балалық қой, жанына дереу жетпек болдым. Тырна мені бірден байқады. Балапанына тиіспесін деген ниетпен, қанаты сынған құстың кейпін жасап, қанатын ауырсынып, жер сүйретіп, қауырсындарының артына балапанын тыға қойды. Қулығына таңданып, аттан лезде түстім де жанына бардым. Аналық махаббаттың құдіретін айтсаңшы, жарықтық балапанын шөптің арасына тыға қалып, өзінің ауырсынған қанатымен қалқалай қойды. Мен де тайсалмай, балапанды алмақ оймен құсқа жақындадым. Зәресі зәр түбіне түсіп, тыпырши бастаған тырнаны көріп, балапанын алып бағатыныма өзімше іштей масаттанып қоям. Қолымды созып едім, тырна қолымды шоқып қалды. Оқыстан болған соң абайсызда қолымнан аттың шылбырын жіберіп алдым. Өзі де асау жылқы басы ауған жаққа шаба жөнелді.  «Аттан айрылып, мынадай қайнаған күнде ауылға жете алмай қалармын-ау» деген ой тырнаның балапанын аламын дегенімді ұмыттырып жіберді. Ойқастап шауып бара жатқан атты қуа жөнелдім. Жануар да жаратылыс емес пе, жағдайымның мүшкіл екенін сезсе керек біраз жерге барып оқыраңдап тоқтай қалды. Әлгі құстың балапанын сол сәтте әлдебір құдырет сақтап қалғанына таңданып, жануардың мейірімділігіне ішім жылып үйге аяңдадым...».
Әкемнің әңгімесінен не байқадыңыз? Тіпті, құс екеш құс та өз баласын қауіптен қорып, аналық қамқорлық танытуды, мейірім көрсетуді біледі. Ал адамзат ше? Кейбір қаракөз қыздарымыз өздері жаза басқан бір қателік себебінен әлі де ес жимаған балапанын балалар үйінің терезесінен жәутеңдетіп кете барады, әттең... Сонда әкемнің әңгімесіндегі жануар екеш жануардан төмен болғаны ма? Сол балалар оларға біреудің келіп «Киін, саған анаң келіп тұр» деп айтқанын аңсайды емес пе? Олар бақытты ата-ананың жанында деп түсінеді. Тағдыр... Бірақ, қаршадай балалар өмірдің өздеріне дайындаған сынағын «ә» дегеннен өткеріп жүр.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»(Абай) демекші, қазіргі қоғамдағы адамдар сол балаларға азғантай уақыттарын бөліп, көңілдеріне қуаныш орнатуда, оларды қанаттарының астына алып, бақыттың дәмін сездіруде бір-бірімен жарысса екен. «Тек Аллa разылығы үшін жетімнің басын мейірімділікпен сипаған адам, қолының тиген шаштарының санындай сауапқа қауышады» деген. Ендеше, Алланың разылығына асығайық...