Менің алғашқы сериалым

Менің алғашқы сериалым
жеке
блог

Менің өмірім осыдан тура 17 жыл бұрын кино болып басталған,содан бері бітпейтін сериалдай жалғасын тауып келеді. Ал бұл ерекше туындының режиссері де,сценаристтері де сіздерге белгілі,әлдеқашан өзім таныстырып кеткен Жұмағым мен Жәннатым-анам мен әкем. Басты рөлді,әрине,мен сомдауға тиістімін. Үндінің киносынан бір артықшылығы-арам пиғылдардан гөрі,адалдық дейтін ұғым, сағыңды сындырардай,бағыңды байлайтындай,мөлдіреген көздерден моншақтай тамшы жастардың тамуына себепкер болатын қайғыдан гөрі,бақыттан масайрап қалатын,ең ғажап сезімдерді бастан өткергенде тыныс алудың өзі қиындап кететін, сізге жай ғана сөзбен жеткізу мүмкін емес қуанышты сәттер асып-тасып,толып жатыр. Лайымда солай болғай. Алла басымыздан бақыт құсын ұшырмай,жүрегімізде маздаған мейірімнің шырағын сөндірмесін деп тілейік. 
Бүгінгі күн басқа күндерден әлдеқайда ерекше,мұны әкем өзгелерден бұрын сезгендей қайта-қайта аулаға көз салып қояды. Неге екенін білмеймін, маматайымның тартылыс күші көктегі күннен мың есе артық болса да,анамның көзімен қоса жүзінен үздіксіз төгілетін нұрдың бір ғана бөлігі ашық аспандағы күлімдеген күннен әлсіз ғана сезіледі. Құдды бір қаншама ғасыр сақтап,әлі ешкімге жария етпеген құпиясын,дәлірек айтсақ, тосын сыйын күллі әлемге тарту етуге дайын тұрған сынды. 
Сағат таңғы 4-тің кезі болса керек. Сынық жүзді,күн қақты анашымның қызарған көздері түнімен ілінбегенінен хабар береді.Мазасызданып,жанын қоярға жер таппай барады. Себебі құрсағындағы тәтті нәресте қозғалақтап-қимылдап,жарық дүниенің тұтқасын ұстауға асығып жатқандай бір тыным бермейді. Жанында әкем. Бұрын соңды жұбайы аппақ сұлу аруларды дүниеге әкелсе де,осы жолы оның бойын кернеген сезім бұрынғылардан өзгерек. Тулаған жүректің дүрсілі жиілеп, мен "аққұба" деп еркелететін әкемнің қап-қара жазық маңдайынан шып-шып тер тоқтаусыз шығып жатыр. Оның да себебі жоқ емес-ті. Бір ай бұрын анам тексерілген дәрігерлердің бәрі "ұлды боласыз" деп сүйіншілерін алып жатқан. Сол уақыттағы көріністің өзі тарихта қалардай тамаша сәт еді,бөркін аспанға лақтырып,жерден жеті қоян тауып қайтқандай керемет күйде болатын. 
Анамның тоғыз ай көтерген,тас құрсағын кеңіткен перзенті бүгіннен қалмай бес күндік ғұмырдың алғашқы минуттарының дәмін татпақшы. Әкем дереу жедел жәрдем шақырып,анамды майданға аттандырғандай мінгізіп жіберді. Кішкентайларын қайда тастасын,бүкіл әлем қиындықсыз сыйып кететін ыстық,кең құшағына балапандарын қатты-қатты қысып,кең жазық маңдайларынан шолпылдатып сүйіп те қояды. Содан не керек,анам аман-есен жаны қалып босаныпты,баласын бауырына алыпты. Әкемнің күткені де осы еді. Жас балаша қуанып,жанарына келген жасты байқамай да қалып жатқан сыңайлы. Кенет телефонның ар жағындағы ақ халатты абзал жаннан "Ұл ғой,мен білсем, ұл болу керек" деп еді,дәрігер ұзақ үнсіз түрды да "Кешіріңіз, анасының аузынан түсіп қалғандай, жұбайыңызға аумайтын кішкентай ханшайым-жұмақтың кілті туылды,ол енді сіздің қолыңызда,қуана беріңіз" деді. Әкемнің үстінен бейтаныс біреу суық су құйып жібергендей,бағанағы алып ұшқан сезімдер дереу басылды. Күтпеген оқиға,бұлай боларын кім білген. Кейіннен папатайым "кім болса да Алланың тартуы шығар,шын ниетіммен, аппақ жүрегіммен қабыл алдым" деді де, дереу перзентханаға тартты(қыздарын көрші үйге қалдырыпты)
Міне, осылай мен келдім,кейіннен әкемнің жеке меншік ерке қызына айналып та кеттім. Менен кейін кенже ұл туылды. Сұрады,тіледі,пейіліне қарай төрт бірдей ұл-қызды Алла нәсіп етті. Әкеме одан асқан бақытта керек емес еді. 
Менің сериалымның алғашқы бөлімі осылай, тек ертегіде кездесетін ғажайып оқиғалардай аяқталған болатын. 
Осы күніме Аллаға Шүкір!