Мұхтар ШЕРІМ. БЕШІРГЕ ЖІБЕРШІ!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. БЕШІРГЕ ЖІБЕРШІ!

 

   Шәй ішіп отыр едім, шашалып қала жаздадым. Әйелім шәй үстінде:

–Бірдеңе айтсам, ренжімейсің бе?–деп сұрады.

–Айта ғой, жаным...

–Өлә, мен біреуге ғашық болып қалдым!

–Кімге ойбай?

–Керемет жігіт ағасы! Үйленген, кәсіпкер. Мәдениетті сондай. Көзімді қыссам да қасыма келмеді ғой.

–Сен өзі менің әйелім екеніңді ұмытып қалғансың ба?

–Жоға. Не енді жұрттың әйелдері сияқты көңілдес тапсақ, тәпішкем шешіліп қалар ма? Олар мақтанғанда, делебем қозып кетеді тегі. Бүгін кездесуім керек. Жібересің бе?

–Жоқ...

–Жіберші, жіберші дейім.

–Қандай адам өзі? Қалтасынан көк тиын шығармайтын сараң біреу шығар?

–Жаныыым, ол сондай мырза жігіт! Өткенде саған да сәлем айтып жатыр.

–Маған ба?

-İya жаны!

–Ой, ақырзаманның қатыны! Сәлемет болсын, барсаң барып кел, тек тез қайт!

    Әйелім мойнымнан, кеудемді ашып жіберіп, қойнымнан шөпілдетіп сүйді.  Тағы бір күні шәй ішіп отырғанбыз.

–Жаныыым, –деді ол.

- Жоқ?

–Бешірге жіберші?

–Ол қандай бешір таусылмайтын?

–Құрбыларыммен көңілдестер отырысына барайыншы?

–Бармайсың! Үйде отыр! Келіншекке қырық үйден тию бар.

–Өмірі сол. Ешқайда жібермейсің. Тоты құспын. Әншілер әйелдерімен Дубайға барып келеді. Ал мен... Қыдырып көрген емеспін! –деген әйелім өксіп жылады. Жаным ашып кетіп, арқасынан қағып, бешіріне жібердім.  Тағы бір күні шәй ішіп отырғанымын. Әйелім:

–Ғашығым шақырып жатыр... –деді.

–Неге шақыра береді өзі? Түк көрмегендей?

–Үйленеміз дейд. Бұрынғы әйелін тастамақшы, менімен жаңа өмір бастамақшы...

–Бармайсың. Үйде отыр. Жұрт «жүргіш» екен деп ойлап қалады.

–Жіберші жаным... Жіберші? Осы әншілердің  күйеулерін айтамын да! Байдан –байға тиіп, қайтып келсе де құшақ жая қарсы алып жатады. Өмірімде бірінші рет ғашық болған екенмін... –деп әйелім қамыға жылады. Жаныма шып кетті. Жібердім ғашығына. Құлағым тыныш болсыншы. Бақытты болсыншы! Бірақ ұятсыз әйелім үйлену тойларына шақырмады. Соған ренжимін. Рұхсат бермей қойсам қайтер еді ә?