Мұхтар ШЕРІМ. МЕН ӘЛІ ҚЫЗБЫН...
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. МЕН ӘЛІ ҚЫЗБЫН...

 

   Бір күні табиғи шырша мен жасанды шырша кездесіп қалды.

– Привет, таудың жабайы Шыршагүлі! Есінеп отырсың ба, ентігіп отырсың ба, қабағың түсіп кетіпті ғой? -деп сұрады жасанды шырша мың бұралып.

– Сәлеметсіз бе? Сізді танымадым?

– Жасанды шыршамын ғой. Қолдан ұрықтанды­рылған, ой, кешіріңіз, қолдан жасалған. Атым – Елкабике. Өзің неғып жатырсың, түбіңнен шабылып?

– Өлетін шығармын... Біздің қорықтың бастығы бір мектепке мені сыйға тартыпты. Қазір әкетеді.

– Е, сендердің күндерің әлдеқашан біткен. «Моды­дан» қалғансыңдар. Қазір Қазақстан бізге қарайды. Жаңа жылдары бізсіз өтпейді... Бір жағы сендерді кесіп, мерекелік шырша етпегендері де жақсы. Ертеңіне-ақ қайтыс болып кетесіңдер. Просто, обал сендерге, жаным­ ашиды... Ал, біз деген... Біз, ойхой шіркін, мәң­гі өлмейміз! Өйткені, жасандымыз! Біз мықтымыз! – деген жасанды шырша ойыншықтарын сылдырлатып, диотты шамдарын жағып, табиғаттағы құрбысына қасын кере қарады.

– Сендер мақтаншақсыңдар! Адамдар да мақтаншақ! Мақтаншақ шенеуніктер жыл сайын ысырапшылдыққа жол береді.

– Сен абайлап сөйле! Адамдардың қызығын көре алмайсың ба? Ал, онда тұрған не бар? Шенеуніктер өз қал­тасынан төлеп жатқан жоқ, қазынаның қаражатына шырша сатып алады. Соны да сөз етіп... Көре алмай тұрсың ғой, ә?

– Кешір, Елкабике... Былтыр Петропавл әкімдігі елден ерекшеленеміз, бәрі бізге тамсанып, сілекейлері ағатын болады деп, жалпы құны 13 миллионнан асатын 4 бірдей светодиодты шырша сатып алды. 60 мың светодиодты бір мезетт­е жарқыратып, ЛЭД экраны арқылы түрлі құттықтаулар жазылатын, ең басты шыршаның өзі ғана 9 миллион теңге тұрады екен! Ал, қайран қазақ контейнерде тұрып жатыр, балалары күрк-күрк жөтеліп... Халық шыршалардың тым жасанды­ болып кеткенін айтып отыр. Сөздерінше ескі болса да, бұрынғы шыршамыз табиғи әрі әсерлі көрінетін еді дейді...

– О, албасты! Қара мұны! Сен өзің бәлеқор қатын екенсің ғой!

– Кешіріңіз, мен әлі қызбын... Күйеуге енді шыққалы тұрғанымда, қырқып әкетті...