Мұхтар ШЕРІМ. ШЕШІНІП  ЖАТШЫ!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. ШЕШІНІП ЖАТШЫ!

 

 

  

 

Әйеліңнен бөлек жатпайсың ғой, неке туралы заңда: «Ерлі–зайыптылар бірге жатуға міндеттеледі» деп жазылмаса да, белгілі жайт қой, жалғыз адам да түнгі ұйқыға кетерде шешініп жатады емес пе? Әлде, неке туралы заңда: «Ерлі–зайыптылардың бірі сырт киімімен жата кетуге құқылы» деп жазылған ба?
Қара қайыстай қап–қара қатыным қылық шығарып тұр. Жатайын деп келсем, Шиегүлім төсекте дубленкасын киіп жатыр.
–Саған не көрінген? Шешініп жатсаңшы? –деп сұрадым мен.
–Шешінбеймін!
–Шешін деймін!
–Шешінбеймін!
–Өй, сен қызық қатын екенсің! Мен байыңмын ба?
–Ия.
–Бетіңе сия. Онда неге шешініп жатпайсың?
–Сегіз жүз мың теңге берсең, шешініп жатамын!
–Сенен ұят кеткен бе деймін? Мына менен, туған байыңнан ақша талап етіп жатырмысың? Давай, шешініп жат!
–Ақша берсең шешінемін.
–Ұятсыз! Қалай ұялмайсың а? Адам сияқты іш көйлегіңмен, «нөшнішкәңмен» жатшы! Бір түрлі ыңғайсыз екен, мен мәйкішең, сен тон киіп жатасың. Біреу көрсе күлер?
–Не, тағы бір байым бар ма еді?
–А, ойбу, біреуі несі, мен өзім ұялып тұрмын деймін, –дедім де, әйелімді күштеп шешіндіруге тырыстым. Тонына жармасып, шешемін–ақ, бірақ ол қайтадан киіп алады. 
–Бір себебі бар шығар, мына жатысыңның? Айтып өлтірсеңші?
Әйелім төсектен түсіп, жаныма келді. Сосын білегін мойныма артып, күлімісірей қарап, кірпіктерін қағып–қағып жіберді де:
–Не, менің атышулы блогер қыздан қай жерім кем? Қазақ қыздарын жалаңашизмге үйретіп жүрген қыздың кешегі қызығын көрмедің бе?–деді.
–Жоқ! –дедім мен жұтынып.
–Бәлоқ! Сен не білесің? Ол өзінің клубында: «Елу мың теңге беремін, егер шешінсеңдер!» деді ғой?... Қызығы жоқ қыздар елу мың теңге үшін шешініп жатты! 
–Е, сот шешімімен үш күнге қамалған қызды айтасың ба? Оның саған қандай қатысы бар? –деп сұрадым мен. Әйелім күрсініп салды.
–Мына дубленкам модадан қалды. Алматыдағы тондар жәрмеңкесіне барып, 800 мың теңгелік тонды көріп қайттым. 
–Ал, бермесем ше?
–Жазға дейін ескі тонымды киіп жатам!
–Ноқалайсың ба деймін? Көп сөзді қой, давай, шешініп жат!
Мен әйелімнің тонын шешпек болып ары тарттым, бері тарттым, ақырында тәлтіректей құладым. Бір кезде қарасам, балаларым тұр маған төніп. Бәрі оянып кетіпті. Үстілеріне курткаларын киіп алыпты. Үй жылы болса да. «Ей, сендерге не жоқ?» деп сұрасам: «Мамамызға тон сатып әперіңіз, сосын шешініп жатамыз...» дейді. Ой, Аллай, не болып кетті мына заман? Тон киіп жатқан әйелім терлеп –тепшіп кетіпті... Қасына топ етіп жата кеттім де, тонының сыртынан сипаладым: «Жаным, әперемін, әперемін, тек қатынушка, шешініп жатшы...»