Бас мерекемізде бас қосқан батырлар
жеке
блог

Бас мерекемізде бас қосқан батырлар

90-нан асқан жастарын елемей, біздің батыр ардагерлеріміз бойларындағы сергеттіктерін жоғалтқан емес. Осы жылы ұйымдастырылған «Алтын күз» балында олар шыр айналып билеп, тебірене ән айтып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті. Бильярдтан өткен турнир де ардагерлеріміз өздерін тек Жеңіс күнінде ғана емес, басқа уақытта да өздерін бақытты сезінуге мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Турнир «Hit Target» бильярд клубының демеушілігімен жоғары деңгейде өтті. Алды тоқсанды алқымдаған ардагерлер категориясында бірінші орынды тыл еңбеккері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ізбасар Өтешұлы, екінші орынды соғыс жылдары Қазақстанға қоныс аударған корей ұлтының өкілі Май Ундеей Хван, үшінші орынды тыл еңбеккері Омарбеков Несіпбай иемденді. Ал сексеннен төмен ардагерлер арасында бірінші орынды тыл еңбеккері Бижанов Төкен, екінші орынды жазушы Хасенұлы Иген, үшінші орынды Әбікеев Төрехан иемденді. Сонымен қатар, турнирді бағалау үшін арнайы қонақ ретінде соғыс ардагерлері Жапарханов Слямхан, Колесников Александр, Абдулов Иван, Максимова Тамара, Колесникова Людмила шақырылды.

Ардагерлер ойын ойнап, әңгіме айтып, шер тарқатты. Біздің елдің бас мерекесі Тәуелсіздік күнін қадірлеудің, осы бейбіт өмірдің әр күніне шүкіршілік айтудың қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.