Тек қанатым жоқ менің, әттең...

Тек қанатым жоқ менің, әттең...
жеке
блог

Кейде қанатымды кең жая аспан әлемін өзіме бағындыра қыран құстай биікке самғай ұшқым келеді. Мен өзімді сол қыранға теңеймін. Тек қанатым жоқ менің, әттең...

Алайда мен өмірге адам болып келдім. Арманым да адам болып кету. Ақыл-есі дұрыс, ой-санасы түзу, бітім-болмысы тура кез келген жан бұл сөздерімді өзі ширатып, тарқатып алар. Оны мен түсіндіріп жатпаймын. Себебі, менің түсінігіммен өзгелер келіспеуі мүмкін.  Алайда, өзгенің ойында да еш жұмысым жоқ.

Мен құдайдан қорқамын. Мен біреудің көз жасы мен қарғысының астында қалудан қорқамын. Ешкімге зиянымды келтіргім келмейді. Өзімді періште қылмаймын. Менің де теріс, кем-кетіктерім жетерлік. Бірақ, мен ешуақытта өзге сыртынан ғайбат айтып, оны қызғанып, оған қасақана жасап, онымен бәстесіп, топас бәйгеге түсіп жатпаймын.  Біреудің қуанышына ортақтаса алмай, оны қызғанып, кері тартып жүретіндерді ақыл-есі дұрыс адамдардың қатарына жатқызуға болады ма?! Меніңше, жоқ. Қазақ «Ішің күйсе, тұз жала» дейді. Осыны ұқса игі.

Математикадан хабардар болса да, балалардың санын мыңға жеткізе алмаған Болатбек көкеден бастап, барлығымыз көріп шыққан «Мың бала» фильмдегі бір оқиға есімде қалды. Туғанындай болып кеткен Сартайдың алға шыққанын құптай көрмеген Таймас оны атып тастайды. Фильмде қазақтың осы кетік мінезін көрсеткені үшін Ақан ағайға мың алғыс. Осы көре алмаушылық неден шығады? Түсінер едім, егер сол үшін біреу төс белгі берсе, я атың алтын әріппен тарихқа жазылса. Өздері әрекет қылмай жатып, біреудің биікке қарай ұмтылғанын сөз қылады. Одан қалса, тумаған сиырдың бұзауынан бұрын, уызына таласады. Бұл топастық демей немене?!

Мен өз өмірін біреуге табыстап қоятындарды түсінбеймін. Тепсе темір үзетін жасқа келіп, әлі күнге дейін әке-шешесіне ырбиып, еркелеп, оларға қолқабыс жасаудың орнына, керісінше, «мені бақ, асырай түс» деген сыңай танытатындарға қаным қараяды. Мен мұндай жандарды ез деп білемін. Қызға да, ұлға да қатысты. Ауру, кемтар, біреудің көмегіне зәру болса бір жөн. Сондай-ақ, өз өмірін ата-ана, бауырларынан соң, өзге жанға аманат қылатындарды ұқпаймын. Сыйламаймын да. Әсіресе, қыз балаларды. Мен ондайларды көрген соң, айтып отырмын. Шын сезім мен пейілге берілместен, әйтеуір, «күйеуге шықтым» атақ үшін барлығын істеп, ата-анасынан кейін жылы жер іздеген мысық құсап, біреудің құшағынан бірақ шығады. Ол қандай азамат, үлкен бе, кіші ме, әл-ауқаты бар ма, жоқ па, оның жанұясы бар ма, жоқ па, біреудің қарғысы бола ма, жоқ па оларға соқпайды. Бастысы өз өлігін өзгеге артты. Қатырды. Ал болашақты неге ойламайды? Қашанғы бәзбіреулер оларды сүйрейді екен? Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес. Барлық дүниенің қайтарымы бар.

Нәзік жандылардың бірімін. Бірақ та, мінезім тік. Майысып-жабысуды білмеймін. Барды бар, жоқты жоқ деймін. Іштен тынатын мен емес. Мені жақсы білетін кісілер мұны біледі. Таяуда Нұрлан аға (Албан деген өз ағам ғой) көйлек киген мені көріп: «Сен еркек көйлек киіп, қыз болып қалыпсың ғой» деп бір күлдірткен еді. Ағам менің бойымдағы өжеттілікті үнемі алға тартып отырады. Ал егер мен қыз емес, ер бала болып туылсам, қандай болар едім. «Мамасының баласы» болар ма едім? Әлде «сотқар бала» болар ма едім?

Әй, қайдам, шешем мені еркелетіп, ер жеткенше өбектеп отырмас. Сондықтан мамасының баласы деген ат маған лайықты емес. Қас-қабағын әлі күнге дейін аңдитын әкемнің қатты мінезі мені сотқар бала қылып қоймасы да анық.  Тәңір қыз бала қылып жаратыпты. Ар-намысым бәрінен де биік. Қалай болғанда да, мен өз өмірімді жақсартып, қас-дұшпаннан қорғануым керек. Себебі, менің күндерімде жүзіме жымия қарап, сыртымнан жөнсіз қылықтар жасайтындар жетерлік.

Менің ойымша, адам баласы жынысына қарамастан, өзінің және жақындарының өмірін жақсарту үшін қолынан келгенін барлығын істеу керек. Ісі адал, тамағы халал болу керек. Өз өлігін біреуге артып, тіршілік етпейтін, өмірі үшін күреспейтін жандар аз болса екен. Болса да, өзгені сөз қылып, оның биікке самғай ұшқанына қызғанбаса деймін.

Мен өз өмірім үшін күресемін. Құстай биікке қарай самғай ұшып барамын. Иә, мен сондаймын...