Мен күтетін мереке

Мен күтетін мереке
жеке
блог

Осыдан 2-3 жыл бұрын елге қайтатын уақытты күтіп, шабаданыңды он ашып, жүз жинайтын, отбасы мүшелеріне сыйлық іздеп жүретін, «шынымен билет алдым ба, алмадым ба?» деп жарты бет қызыл қағазды жиі қарап, емтихандарды жарыса тапсыратын кез еді. Ал одан 4-5 жыл бұрын 16 желтоқсанға арналған концерт, ашық сабақтан қол босамай, 2-3 күн демалыста «уф» деп бір демалып, жаңа жылдық қойылымдарға дайындалатынбыз.

Әдетте, (үйде) жылдың соңғы күндері ешқандай шырша, жылтырақ, гирляндысыз мерекелік көңіл-күй, атмосфера орнайтын. Сүйікті туыстар (апа-жезде, бөле) менің (үлкен) үйіме келетін. Бәріміз жабылып оливье жасап, Ақ Папам өзінің «фирменный» етін асып, мамам «жеке меншік балық қуыру» әдісімен балық қуырып, Айдын апалар тәттілер дайындап, біз дастархан жасап, қонақтарды қарсылап алатынбыз. Әркім сыйлықтарын көрсетіп мәз, Нурик бөлем салюттерге жауапты болатын, әлі де солай)  Кешке Ақ Папам Елбасының сөзін тыңдап болып, өзі тілек тілеп, батасын беретін. Үлкендер өз сусынын, біз «Детский шампанымызды» алып, далаға салют атуға шығатынбыз. «Біздікі мынадай» деп көршілермен жарысып жүріп отшашу тамашалайтынбыз.

Үйге кірген соң, әрқайсымыз тілек тілеп, би билеп, мамалар екінші дастархан жайып дайындайтын. «Первый каналдан» «Песни о Главным» деген концертті сол кезде бәріміз бірге отырып тамашалап, Крутой, Ротару, Ласковый май, Кикабидзе Вахтангтың әндерін бірге айтатынбыз. Қолымызда – бенгал шамдары. Осылай әркім өзіне ыңғайлы жер тауып, ұйықтап қалатын. Кешті жалғастырғысы келетіндер көшеге шығатын.

Ертесіне де сол, оның арғы күні де... Ал қаңтардың 9 күні бұл күндерден ерекше өтетін. Себебі, жаңағы жұрттың бәрі Ақ Папамның туған күніне қайта оралатын. Бұл күні адам ерекше көбейіп кететін. Құдалары, компаниондары, жұмыстастары, көршілері және біз. Бәрінің тілегі төрдегі ақ шашын артқа қайырып, қарнын сипап, көк көзі жылтырап, беті «Дневной креммен» әрленген Ақ Папама арналатын. Эйфория...

Айтпақшы, ең алғашқы блогымда Ақ Папамның мені балабақшаға алып барғанын айтып ем ғой. Сондағы суретті таптым)

Бұл – мен. Ақ Папам қолын кесіп алған еді. Тәтті шағым-ай)

Сөйтіп, 16 желтоқсаннан басталған атмосфера қаңтардың ортасына дейін жалғасатын.

Кейін Алматыға келген соң, сол шуақты мерекелердің тек ортасындағына қатысатын болдым...

Бір жылы бармадым да. Оған екі себеп бар. Бірі мен ауылға барғанмен бұрынғыдай болмайтынын білдім. Екіншісі, ол кезде Мәскеудің жаңа жылын тамашалап, қызықтадым. Ол – мүлдем бөлек әңгіме. Сол кездегі дайындығымды менен гөрі Әсел жақсы білетін болар.

Содан кейінгі жылы, былтыр ауылға бардым. Шынымен, бұрынғыдай емес, себебі мереке 16 желтоқсаннан емес, 30 желтоқсан ғана басталады. Онда да Атыраудан апа-жезделерім, бөлелерім келсе ғана. Мейрам 9 қаңтарға дейін де, кейін де тойланбайды да. Тек жай ғана еске алу, ешкім де келмейді, тек телефоннан маза кетеді.

Ал биыл ше?

Қазір желтоқсанның бел ортасына таяп қалды. Бұрын құрбыларым жылдың аяқталар сәтін Алматыдағы жаңажылдық безендіруден емес, менің көңіл-күйімнен, ыңылдап айтып жүретін әндерімнен, таусылмайтын әңгімелерімнен білетін. Қазір тіптен басқаша.

Мен білетін ақылгөй адам «Жапырақ, сен есейдің» деп түсіндірді оның себебін. «Мереке біз үшін емес, балалар үшін» деді. Шынымен бе?

Өз басыңа тілеп алатын мәселелер, оның шешімін табу, шешімін табудан қорқу, адамдардан қорқу дегендер бәрін жойып жіберген сияқты. Бәрі мұз болып қатып қалғандай. Балалық шақтағыдай ештеңе тәтті болмайтын секілді: мамаң дайындаған балық (асылған), папаң пісірген ас (ет), апаң (әпкең, тәтең, апайың, әкпең) сыйлаған ойыншық (өзі жасыл, тұмсығы сары піл), алғаш жаттаған ән («Жау жаңбыр»), досың (Айзок), күшігің (Алабай), мультфильмің (Флинстоундар), т.б. Қазір бұлар тек тәтті шақтың еншісінде.

Келер шақтың еншісінде не келе жатыр екен? Осылай ойлайтындай, менікі не бұл? Есейдім десем, толық емес. Шала. Бірақ сана қалай есейсе де, көңіл қартаймайды ғой...