YOUTUBE – революция жасаудың алдында тұр
жеке
блог

YOUTUBE – революция жасаудың алдында тұр

«Youtube» дегеннің не екенін білесіз бе? Жалпы сіздің мұнда каналыңыз бар ма? 

Сіз білесіз. Сіз тек видео қарайтын, клип немесе түрлі қызықтарды көруге арналған орта деп танисыз. Сіз оның асханасына кіріп көрдіңіз бе? Сіздің каналыңыз жоқ. Себебі оған канал ашуға ерінесіз немесе технология саласында біліміңіз жеткіліксіз. Ең жаманы біздің қазақ ақшаның өзіне банк жүйесіне арналған картада сақтауға қорқады: біреу алып қояды, автомат жұтып қояды деген түсініктер бар. Күлкілі болар, бірақ шындық. 
Бүгін «Видео байга» атты республикалық додада болып қайттым. Ондағы ортамен танысып, біліп қайтқан дүнием көп. Бір сөзбен айтқан кезде қазақ тіліндегі контент, қазақ тіліндегі видео әлемінің әлі қалыптаспақ түгілі, өзіндік бір деңгейге жетпегенін біліп қайттым. Ал жалпы қазақстандық кеңістікте бар. Олар кезінде вайнер болғандар, түрлі шоу жасаған орыс тілді қазақтар. Солардың басында оқ бойы озып тұрғаны: «Youframe». 

Инстаграмм арқылы халықтың қызығушылығын оятқан команданың жетістігі туралы айтудың қажеті шамалы. Себебі олар еңбектің жемісін көріп отыр. Ал біз ше? Яғни қазақ тілінде видео-контент жасайтын орта ше? Біз қайдамыз? Жауап беріп көрейін. 

Біздің тіл жанашырларымыз, біздің қазақ тілінде судай ағып тұрған орта әлі классика дәуірінен шыға алмай жүр. «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек», «тілім менің», «қор болған қазақ тілі» деп сынаудан аса алмайды. Жалпы біздің тілге деген көзқарас тек қана жаман стеоротиппен қалып кеткен. Ешкім жақсы деп айтқан емес, ары кетсе көрейіп келеді. Сұрақ: ақыры сынап отыр екенсіз, сіз неге бас көтеріп өзіңіз осы жолда жұмыс жасамайсыз? 

Себебі қолыңыздан келмейді. Бізге жамандаған ұнайды, сынаған жақсы. Ал жұмыс ше? «Рухани жаңғыру» мақаласын көзі ашық адам оқыса, ойланса онда үлкен түсінік жатыр. Ал оны да мазақ қылып біттік. Жаңғыра алмайтындар, босқа жаңғыра бермеңдер. Бір сөзбен айтқан кезде «Рухани жаңғыру» деген кезіндегі Міржақып Дулаттың «Оян, қазақ» өлеңінің қазіргі қоғамға арнайы жазылған, заманауи түрі. 

Енді айтып отырған додаға оралайын. Бұл додадағы енді ғана vlog ( видео-блог) бастап жүрген түрлі жастағы адамдар қатысқан. Шынымды айтайын бетімді басқан қалпымда шықтым. Себебі онда отырған орта негізінен орыстар мен орыс тілді қазақтар. Әрине қазақ тілінде контент жасап жүргендер де бар, тек... 

Қазақ тіліндегі vlog жасап жүрген қазақ тіліндегі жастардың жасаған видеосында не сапа жоқ, не таза тіл де жоқ, не идея, не мораль жоқ. Қысқасы телефонның камерасы ғана бар. Біз өзі тез жұлдыз болуға асығамыз. Терең зерттеп, профессионалды түрде бірдеңе жасауға талпынбаймыз. Ал қазақстандағы орыс тілді контенттер мен орыстардың жұмысына ауызыңның суы құрып қарайсың. Эффект, тіл, идея бәрі бар. Мән бар. 

Әділін айтуға келген қонақтардың ішінде елімізге белгілі жас режиссер Нұртас Адамбаев пен Ресейдің «Youtube» әлемінде үлкен танымалдыққа ие болған «+100500» бағдарламасының жүргізушісі – Максим болды. Ал сол жердегі жастардың Максиммен суреткен түсуге асыққанын көрсеңіз, қолтаңбасын алуға келгендердің қарасын көрсеңіз ойланасыз. Бұл бергі жағы ғана. Далаға шықсам, есік алдына қызық кілем төсеп қойған. Айнала қоршаған орыс-қазағы аралас жастар, әсіресе қыздар. Бәрі кімді күтіп тұр деп ойлайсыз? Қайрат Нұртасты әлде Төреғалдиы ма? Жоқ. Олар кештің құрметті қонағы «Youframe» командасын күтіп тұр. Сахнаға шықпай-ақ танымалдыққа ие болудың сыры неде деп ойлайсыз? Сіз кем дегенде Алматыдағы Республика Сарайын жалдап 3 мың адамға билет сата алатын боларсыз немесе он шақты мыңға жуық адамның жұлдызы боларсыз. Ал Youtube арқылы сіз бүкіл әлемге жұлдыз бола аласыз. Онда миллион емес, миллиард көрермен бар. Енді ойланыңыз. 

Қорыта келген кезде не айтқым келді. Жаһанда қазір әлеуметтік желінің революциясы басталды. «Баламды компьютердің алдына отырғызбаймын», «баламды әлеуметтік желіге отырғызбаймын» деп ақыл айтуды қойыңыз. Керісінше олардың меңгеруі маңызды. Сүзгісі бар бала жан-жақты ойланады. Сіз тек жолдан адасып кетпеуін қадағалап отырыңыз. Себебі алдағы 5-10 жылдың ішінде сіздің үйде тұрған теледидардың өмірі тоқтайды. Оның орнына «Youtube» келеді. Бір сөзбен айтқан кезде келесі тақ иегері осы әлеуметтік орта. 

Біздің қазақ тілді орта «Youtube» каналына кірсе негізінен «Жайдарман» көру үшін кіреді. Мойындаңыз, сіз де соның қатарында барсыз. 

Бізге осы ортаға келу керек. Қазақтың тіліне үлесін қосу үшін IT мен SMM саласын жетік меңгере отырып, революция жасайтын патшалықтың заңына дайын болу керек. Ортамызда қазақ тілінде таза сөйлей алатын және қабілеті бар жастар көп. Олар үшін қазақ тілінде видео контент жасау қызық емес. Себебі қазақ тілді ортаның бұл саладағы оқырманы аз. Ал орыс тілінде өте көп. Сондықтан олардың қазақ тілінде контент жасауына орта кедергі қала берді біздің тілді тым күрделі қылып түсіндіріп жүрген алдыңғы буындарымыздың қателігі. Қазақ тілін алынбайтын қамал секілді қылып көсетуді қою керек. Керісінше, жеңіл әрі сұлу тіл екенін көрсету керек. Ол үшін бізге революция жасау алдында тұрған ортаға түсу керек. Қазір ол орын бос тұр. Онда «менмін» деп көтерілген қазақ тілді орта жоқ. 

Уақыт өте келе сіз үйге кіре салып, қолыңыза пульт алып теледидар қоспайсыз. Сериалым немесе бағдарламам өтіп кетті деп күрсінбейсіз. Себебі сізді қанағаттандыратын «Youtube» бар. Қазірдің өзінде еліміздегі түрлі қазақ тілді каналдардың өзі бағдарлама біте салысымен бірер сағат өтісімен «Youtube» желісіне видеоларды сала бастайды. Шынын айтқан кезде олардың рейтингтегі бағасын өсіріп тұрған «Youtube» арқылы келген көрілім саны. Әңгіме қайда жатқанын түсіне бастаған боларсыз. 

Түйін. «Шоу Ирина Қайратовнаның», «Да будет Шоу» секілді шоу жасап, балағат сөзбен келудің қажеті жоқ. Керісінше көрем әрі сұлу тілдің қадірін көтеретін контент жасаңыз. Арада 5 жыл өткен кезде осы жазғанымды еске алып, бармақ тістеп отырмас үшін жаппай жан-жақты болуға тырысу керек. Жетеді! Ескі дәуірді сипаттап жәдігер іздей беруі қою керек. Олардың өз маманы бар. Сіз қолыңыздан келетін іспен айналысыңыз. Қолыңызда ұстап жүрген ақшаның өзі қазір бағдарлама тіліне өтіп кетті. «Биткоин» немесе криптовалюта. 

Қазір білектің күшін емес, білімнің күшін салыстыратын заман. Сізге мотивация болу үшін бір мысал келтіріп өтейін, бәлкім сіздің ойыңызды өзгертетін болар. Шет елде 15 жасар бала онлайн ойындарды ойнап, олардың миссиясын өту арқылы видео-блог жасап сатады және «Youtube» каналы арқылы ақша табады. Сіз сол баланың айлық табысының қанша екенін білесіз бе? 10-20 мың доллардың арасы. 

Бізді ояту үшін қазір ақшаның тілінде сөйлеу керек. 

(с) Марғұлан Ақан