Сағындырған балауса, бал күндерім...!
жеке
блог

Сағындырған балауса, бал күндерім...!

Балалық шағымды сағынамын кейде. Алаңсыз, қамсыз бейғам тіршілік кешіп, құм үстінде асыр салып ойнап, кеш батқанша үй бетін көрмейтін сәттерімді! Қаланың қатыгез, тынымсыз өтіп жатқан күндері мен сүріп жатқан өмірімнен безіп кеткім келеді. Жиіркенемін!  Мүмкін азғындап кеткен осынау қаланың арсыз тірліктерінің әсері ме, білмеймін! Сұмдықты да, қастықты да, жауыздық пен өштікті де, қызғаншақтық пен сараңдықты да үйреткен мына қаладан қашып, ауылға барып барлық байланыс жүйелерінен босап,еркіндік пен шексіз тәуелсіздікті сезінгім келеді де тұрады!

Дәл сәби күнімдей пәктікке толы, аңғалдықтың иісін сағындым. Кімнің мықты, кімнің осал екенімен шаруаң да болмай, адамзаттың бәрін сүйетін шағым қандай тәтті едің! Үлеспей қалған ойыншық үшін, жоғалтып алған тиын-тебенің үшін ғана еңіреп тұрып жылап, ұсақ-түйекке налитын уайым-қайғысыз балалық сәттің балдай күндері қайта оралса, шіркін! Ұйқыға кетер алдында, көзді жұмып алып, өскен кезімізді қиялдап ұйқыға кететініміз есіңде ме? Иә, армандарымыздың өзі қазіргідей жасанды да арзан емес, бәрі әділ, бәрі шынайы. Қазір ұйықтар алдында балауса, балдырған кезімді армандаймын! Осы күнгі бақытымның барлығын өлшеп, таразыласам шаттыққа толы ең керемет сәттеріме бала кезім куә екен. Қайта оралу мүмкін емес, әттең...Мен ертерек асыққан ересек өмірдің есігін ашып, табалдырығына еніп бара жатырмын, ал ол тым алыста, үй артында мен ойнаған құм үстінде қалып барады...