Тәуелсіздік жылдарындағы жетістітеріміз

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістітеріміз
жеке
блог

Осыдан тура жиырма алты жыл бұрын қыршыннан қиылған жандар мен нақақтан-нақақ төгілген қандардың ақысы өтелді. Әлімсақтан қырандай еркін қазақ елі өз алдына зайырлы мемлекет болып, өз дербестігін қайта жаңғыртты. Қазақ тарихында алтын әріптермен жазылатын аталмыш оқиғадан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осындай қысқа мерзім ішінде Елбасының бастауымен Қазақстан Республикасы ауыз толтырып айтарлықтай көп жетістіктерге жетті. Олардың ішіндегі мәдени және саяси салалардағы басты жетістіктеріміз қандай?

         Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ілгері қарай алғаш қадамдарымызды жасап бастағанда, төл рәміздеріміз дүниеге келді. Егемендігіміздің берік негіздерінің бірі – мемлекеттік рәміздеріміз: Ұлттық нақыштағы желбірегін көк туымыз, маңызды идеялы элементтерден құралған Елтаңбамыз және де өне бойымызға сөзбен айтып жеткізуге келмейтін рух беретін Гимніміз. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміз бен біртұтасытығымыздың нышаны. «...Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы кажет, Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы»,- деген Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев.

         1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жариялағаннан соң, қазақ жұртшылығын ең алғаш боп Америка Құрама Штаттары құттықтады. Осыдан бастап Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, шет мемлекеттерден өз елшіліктерін ашып, жаһандық аренадағы мемлекеттік беделін қалптастыра бастады. Халықаралық, Дүниежүзілік қауымдастықтар мен ұйымдарға мүше болып, оларға төрағалық қызмет атқарды. Сонымен қатар, еліміз халықаралық дәрежедегі жиындар мен олимпиадаларды өткізуге мүмкіндік алды. Ең ауқымдыларының бірі – инновациялық дамудағы қуатты серпінге негіз болған ЭКСПО көрмесі.

         2012 жылғы қарашаның 22-жұлдызында Парижде “EXPO” халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясы өтті. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астанаға 103 мемлекет дауыс беріп, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің иесі болды. Ұйымдастырушылармен таңдалған көрменің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Бүкіләлемдік бірегей көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, бастан-аяқ 3 миллионға жуық адам көрмені тамашалады. ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің экономикалық, мәдени және рухан дамуына айрықша үлес қосты деп ойлаймын. Жоғарыдағы айтылғандар мемлекетіміздің саясат пен экономикадағы жетістіктері. Ал, біз білім саласы бойынша қандай жетістіктерге ие болып жатырмыз?

         Білім – кемелді келешек кепілі. Еліміздің білім беру саласы алға қарай жылдам ұмтылып келеді. Әр жыл сайын Білім және Ғылым министрлігі бұл салаға жаңадан реформалар енгізіп, соларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңдағы білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі – үш тілдік білім беру жүйесі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты жолдауында Үкіметтің алдына “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қойды. Көптілділік – қазіргі заман талабы болып табылады. Дегенмен, өзге тілді меңгеремін деп, ана тіліміздің құндылығын жоғалтып алмайық. «Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы – мемлекеттік тіл, қазақ тілі»(Н. Назарбаев).

Қазақстан әлемдік білім индексі бойынша 35-орында табан тіреп тұр. Индекс экономика, кәсіпкерлік, басқару, білім беру және т.б. параметрлерін көрсететін көрсеткіштер негізінде шығарылған. Қазақстанның Білім және Ғылым Министрлігі,  білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Серік Ырсалиевтің айтуы бойынша, еліміз сауаттылық деңгейінен 177 мемлекет арасынан 14-орында екен. Білім беру сапасын бағалауға байланысты мәселелерді шешу үшін Қазақстанда білім беру сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесі жұмыс жасайды. Осымен қоса, жыл сайын еліміздің мектеп оқушылары халықаралық және дүниежүзілік пәндік олимпиадаларда бақ сынайды. Мәселен, ағымдағы оқу жылында физика пәні бойынша Индонезияда өткен 48-Халықаралық олимпиадада біздің ұландарымыз 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медальға ие болды. Бұдан бөлек, Елбасының 1993 жылғы 5 қарашада қабылдаған жарлығына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында 1993-2017 жылдар арасында 12 мыңға жуық білімгер шетелдік алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдады. Өз еліміздегі жоғарғы оқу орындары да үлкен қадамдармен алға басып келеді. Қазіргі таңда еліміздегі үздік университеттердің бірі – өзінің айрықша білім беру стандарттарымен ерекшеленетін, Елбасының бастамасымен 2010 жылы алғаш есігі ашылған Назарбаев Университеті. Бұл университет – Тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласындағы жарқын жетістіктерінің бірі. Өскелең ұрпақтың тағдыры – терең білімде екенін ұмытпайық.

Бүгінгі күнге дейінгі тоқтаусыз дамып келе жатқан медицина саласындағы жетістіктер де аз емес. Бұл салада да еліміз жиырма бес жылдан астам уақытта біраз шыңдарды бағындырып үлгерген. Қазіргі медицина саласы қандай деңгейде? Қарқынды дамудың әсерінен қазақ елінің денсаулық сақтау саласы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қайта аяққа тұрды. «Саламатты Қазақстан» атты бірқатар жаңа жобалар бұл саланың биікке өрлеуіне айқын жол ашты. Кадрлық, материалдық тапшылықтан ада болды. Ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, ақ халатты абзал жандардың да хал-ахуалдары артты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің вице-министрі Біржан мырзаның баяндамасына сүйенсек, 2018-жылға аталмыш салаға 3 трлн 457 млрд теңге қарастырылған. Қаржының белгілі бір бөлігі келер жылы бастау табатын «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға» жұмсалады. Бұл жоба еліміздің денсаулық сақтау саласынан ойып тұрып орын алады. Медицина саласы – қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор салалардың бірі. Сондықтан да, денсаулық саласында алда әрі талай жетістіктерге жететінімізге кәміл сенемін!

Дербес мемлекет болғалы еліміз әлемдік деңгейдегі спорт сайыстарында белсенділік танытып, спортшыларымыз көптеген жаһандық додалардың жүлдегерлері атанды. Мысалы, 1996–2016 жылдар арлығында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Тәуелсіз еліміз 69 медальға ие болды. Қазақ елі 6 рет Азияда ойындарына қатысып, спортшыларымыз 138 алтын, 141 күміс, 200 қола медаль иегерлері атанған. Тәуелсіз Қазақстан атынан ең алғаш алтын медальға қол жеткізген спортшы – Владимир Смирнов. Ол 1994 жылы болған қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы тебуден жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, «бокс» атты таудың ең биік шыңына табан тіреген, жүрегі қазақ деп соққан, WBA, IBF, WBC, IBO стандарттары бойынша әлем чемпионы – Генадий Головкин (GGG). 2010 жылы Қазақстанда тұңғыш рет «Astana Arlans» кәсіби бокс клубы құрылды. «Астана арландары» қазіргі ең үздік кәсіпқой бокс клубтарының қатарында. Ия, айта берсек жетістіктеріміз таусылмайтын секілді. Осындай мемлекетте дүниеге келіп, осындай мақтан тұтарлық жетістіктерге ие елде өмір сүрген әрбір азамат қандай бақытты еді...  

         Мінеки, Тәуелсіз қазақ елінің осындай биік белестерден көрінуі – ата-баба аманатының жемісті жеңісі. Елбасымыз: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», – дегендей, қап-қара түнектен кейінгі тәуелсіздіктің нұрлы таңының қалай атқанын ұмытпай, бүгінгі жетістіктерімізді мақтан тұтып, жарқын болашаққа бірге  қадам басайық! Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстар одан әрі арта берсін!