Kinostan.kz: бір жылдық қорытынды есеп

Kinostan.kz: бір жылдық қорытынды есеп
жеке
блог

Кішкентай кейіпкерлер жоқ, кішкентай актерлар бар.
Оноре де Бальзак


Бұдан тура бір жыл бұрын, дәл осы 11 маусымға азды-көпті елді шақырып, kinostan.kz жобасының азын-аулақ таныстырылымын өткізген болатынбыз.

— Қалай қарайсың?
— Болады.
— Бастайық онда, — деп апыр-топыры шығып, бір түннің ішінде Интернетке шығып кеткен kinostan.kz туралы сол кезде ыстық-ыстық тілектер айтылып еді.

Бір жылдың ішінде біздің жоба біраз дамып қалды. Әрине, жоқ жерде сайт құру, стартаптың ең төменінен бастау өз кемшіліктері мен кедергілерін көрсетіп-ақ жатыр, әйткенмен, энтузиазм, үміт әлі таусылған жоқ, еңбек қайтар деген ой бар.

Әзірге, құрметті сайт оқырмандарына осы бір жылдың ішінде біздің сайтқа қатысты құрылған статистиканы ұсынсақ па дейміз.

Google Analytics мәліметтері бойынша, 2011 жылдың 10 маусымы мен 2012 жылдың 10 маусымы аралығында сайтқа 54 551 уникалды қолданушы қонақ болып қайтыпты. 150 мыңнан астам бет қараған олар 77 720 рет ресурсты пайдаланған екен.

Тенденция көмескіленбеу үшін, соңғы бір айдың да жалпы статистикасын бере кетейік. 10 мамырдан бері 7 061 адам 8 919 рет сайтқа кіріп, 14 443 парақшамен танысқан.

Бір жылдың ішінде сайт 145 000 теңге табыс әкеліп, 73 мың теңге шығын шығарды.

66 кинодерек базаға қосылып, 38 кинотұлға туралы жеке бет ашылды.

Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясымен бірлесе отырып «Жаужүрек мың бала» жобасына қатысты, таза қазақ тіліндегі тұңғыш промо-бет (mynbala.kinostan.kz) жасалды.


Әрине, әзірге айтып отырған сандарымыз қауқарсыздау, аяқты кеңге салып тойлауға да негіз жоқ, әйткенмен, бізге әр оқырман ыстық, сондықтан аудитория алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, осындай шағын есеп бере кетуді жөн деп шештік.

Жақын күндері, сайттың келбеті өзгереді, қолданушыға барынша ыңғайлы, киноманның көңіл-күйін көтеріп, қазақ тілінде ақпарат аламын деушінің оң жамбасына келетін ресурс жасалып жатыр.

Қазір, жоба өтпелі кезеңге шықты. Осыдан бір-екі ай бұрын ғана қазақстандық кино саласында бірді-екілі адам танитын сайт, қазір кеңейіп, қызығушылық тудырып, ең бастысы кәсібиленіп жатыр. Яғни, өзге ұйымдармен, ортамен қарым-қатынас орнату кезеңі жүруде.

Осыны негізге ала отырып, алдағы жыл шығармашылық тұрғыдан болсын, қаржылық жағынан болсын оңды болады деп айтуға келеді.

Құдай сәтін салсын.

Құрметпен,
Kinostan.kz сайтының әкімшілігі