♥ Ақынға ғашық болған... (жалғасы)

♥ Ақынға ғашық болған... (жалғасы)
жеке
блог

♥  ♥  ♥

– Ақын болса жақсы ғой. Сен өлеңдерін реттеп, жинап жүресің. Оған сен сияқты тиянақты қыз керек, құрбым. Өлеңінің тігісін жатқызып, өңдеп бересің.
– Ой, қайдан. Сәл қатесін айтсаң, қылт ете қалады.
– Мінезі қиын ба?
– Білмеймін. Маған негізі мінезі қаттылау болғаны ұнайды.
– Оның несі жақсы. Әу бастан өзіңнің айтқаныңды тыңдайтын етіп үйрет.
– Қойшы енді. Сенің сызған сызығыңмен жүретін болса, оны ер азаматым деп қалай айтасың, қалай қорғаным деп арқа сүйейсің?
– Көр де тұр, ертең көңіліңе қараймын деп ақының сенің айтқаныңнан шықпайды.
– Жоқ, мен оны төбеме көтеріп хан етемін.
– Ой, соның қазірден өзін көп жарнамалайтыны ұнамайды маған. Публика үшін өмір сүретін сияқты, отырған-тұрғанын түгел суретке түсіріп, әркіммен болған диалогін жариялап...
– Жамандай бермеші енді. Менімен жүрсе бәрін де түзетіп аламын. Менен басқаға мойын бұратын шамасы болмайды. Сонда публикаларың жайына қалады.
– Жүрмейсіңдер ме енді, қашанғы тиіп-қашып сөйлесіп жүре бересіңдер?
– Ол қозғалмаса, мен не дейін?...

♥  ♥  ♥

– Өлеңдеріне қарасам, ақыныңның некесіз туған баласы бар сияқты ғой. Жиырмасында көрген жалғыз інісі дегенің баласы болып шықпасын.
– Шынымды айтсам, ол жағын өзім де сезіп жүрмін. Бар кемшілігіне көз жұмып келемін. Енді барлығы соған тіреліп тұрса, онда тұрған не бар? Өткен өмірі өтті. Тіпті сол бала онікі болса, бауырыма басып, өз баламдай жақсы көрер едім.
– Не айтып отырсың? Тең-теңімен деген емес пе? Сен уылжып тұрған қызсың, ал ол...
– Болды енді. Оны жамандай беруді қойшы. Бәрібір ойымды өзгерте алмайсың.
– Эһ, құрбым-ай, махаббат үшін өзіңді құрбан қыласың ба?..

♥  ♥  ♥

– Қызға 21 раушан алған дұрыс па, 25 па?
– Білмеймін, саны емес, сезіміңіз маңызды ғой.

♥  ♥  ♥

– Болды енді, ол үшін көз жасыңды төкпеші. Сенің бір тал шашыңа да лайық емес ол.
– Жұмысында, отбасында мәселе болса, бірінші менен ақыл сұрайды. Барлығын айтып келіп, неге басқа қыз туралы бірде-бір рет тіс жармады? Мені неге босқа үміттендіреді?
– Күні кеше ғана кітап тұсаукесерін бірге ұйымдастырып жүргенде, барлығының көзінше өзін сенің жігітің сияқты ұстап еді, өзім де түсінбей тұрмын. Сырттай сүйсініп, екеуіңе бақыт тілеп жатқандарды да естідім. Тоқташы, мүмкін, ол тосын сыйы саған арналған шығар?
– Жоқ. Бүгін кездесуге баратынын естіп, өзім де сене алмадым. Сол қарғыс атқыр гүлдері маған арналған болса, менен кеңес сұрамас еді ғой. Жек көремін оны...

♥  ♥  ♥

– Айттым ғой, тез ұмытып кетесің деп. Байқаймын, қазір қандай өлең жазып жүргенінен де хабарсызсың. Тіпті сөйлеп жатқанын да елемейтін болыпсың ғой.
– Мен тек сүйген адамымды ғана пір тұтамын. Оның сөзін сөйлеп, мадақтап отыратын сезім өткен күннің еншісінде қалды.

♥  ♥  ♥

– Сол ақын мені көрсе сөзбен қағытып қалғысы келетіндей. Сізді ұнатады емес пе өзі?
– Жоға. Білмеймін, жаным. Маған сіз болсаңыз болды, басқа адамдардың не ойы бары қызықтырмайды!