Мұхтар ШЕРІМ. О, Махаббат!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. О, Махаббат!

 

   «Абай жолымен»  келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы– «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (Менеджер дегенім ғой..) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение»  жасағым келіп кетті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ата қонысына» барғанымда, бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегіндей білегі аппақ екен... Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен: «Өлгендер қайтып келмейді»... Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Қан мен теріндей» терлеп кеттім. Қыз да үндемейді.Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтің «Арманы» сияқты ма?  Жоқ әлде, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» дегендей,  алып қашсам ба? Сотталып кетемін-ау! Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кеттім?

–Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз...– дедім мен. Қыз үндемеді.

.

–Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» бастасақ қайтеді? –деп  қалдым тағы да.

–Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз...

–Ақшақұмар екенсізде!

–Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз...

–Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас...

–Немене, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі»   ме едіңіз?

–Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтің «Түнгі диалогын» бастасақ?

–Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?

–Ия. Ғабит Мүсіреповтің «Кезеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қалмайын деп...

–Жарайды... Шексипирдің «Корль Лиріндей» қоймадыңыз ғой.

     О, «О, Махаббат қызық мол жылдар»! Мақатаевтің «Аққулары  ұйықтағанда» «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, «Оянған Өлке» –Шымқаланың шырайлы көшелерінде  «Алмас қылыштай» жарқырап келе жаттым... О, Махаббат!