Ұлар мен Асхат

Ұлар мен Асхат
жеке
блог

«Әдемі әсем әуенмен әлдиле менің жанымды...» Ұлар селк етті. Радиоқабылдағыштан шығып тұрған әуенге үреймен құлақ түреді. Жас әншінің сазды әуеніне баланың былдыр сөздері қосылатындай көрінеді оған. Міне... Қазір... Бір сәт... Бірақ, ешкім қосылмады. Шырқалған ән аяғына жетті де, басқа әуенмен алмастырылып кетті. Ұлар еңкілдеп жылап жіберді. «Мына жерге тыныштандыратын дәрі әкеліңіздерші...» «Жоқ, медбике, қажет емес» Ұлар көздеріндегі жасты қолдарымен сүрте бастады. Қасында тұрған ұзын қара медбике қыз иығын қиқаң еткізді де, өз жөнімен кете барды. «Осы жындылармен күнде арпалысып жүргенім құрысың!...» Ұлар терезеге қайтадан көз тастады. Алаңда жалғыз әткіншек қана бар еді. Бұл ғимарат жан-жағынан сұр кірпіштермен қапталған. Қапасқа қамап тастағандай... Бұл жердің науқастары сыртқа өз бетімен шыға алмайды. Заң қатал. Жаза да қатал. Ұлардың бұл жерге қамалғанына жарты жылдан асып кетті. Бірақ, науқас қыздың жақсарар түрі көрінбейді. Алғаш келгенде, қасындағы адамдарға атылып, бетін тырнап, шашын жұлған бұл бойжеткенді ауыр науқастардың қатарына қосқан-ды. Күніне екі-үш рет тыныштандыратын дәрі салып, көнбеген сәтте жұдырықтың астына алатын. Ұлар осылардың бәрінен өтті. Ол жынды еместің. Тек жанына батқан азаптан құтылар жолды білмеді. Қасына медбике жақындағанда, Ұлар селк етті. «Қорықпа! Сені бөлмеңе апарамын. Ұйықтайтын уақыт болды» Ұлар үнсіз көтеріліп, бөлмесіне кете барды. Тағы да бір түн. Азапқа толы, мазаққа толы бір түн. Қызды керуетке жатқызды да, медбике кетіп қалды. «Тырс...» Есік құлыпталды. Ұлардың жанарынан мөлтілдеп жастар ағып жатыр. Қолдарымен кеудесін, денесін тырналай бергендіктен, оның екі қолын байлап тастаған. Енді қайтпек? Іштегі шарасыздықты қалай кетірмек? Ол орнынан атып тұрып, терезеге ұмтылды. Қара түнге мұңын айтпақ ниетте. «Мені азаптамашы. Жетер енді! Мен бұл жайтқа төзе алмаймын. Жоқ!» Есіктің құлпы тырс етті де, медбике көрінді. «Ұлар! Жатсай енді! Болды емес пе? Басқа науқастардың мазасын ала бермеші. Дәрі еккенімді қалап тұрмысың?» Ұлар жалт қарады. Ай сәулесіне шағылысқан көздері ыза мен кекке толып тұрған еді. Медбике шынымен қорқайын деді. Бұрын бұл қызда ондай жайттар жиі болатындықтан, ол саспастан, көмек шақырды. Сол-ақ екен, есіктен еңгезердей жігіт кіріп келіп, қызды керуетке алып ұрды да, медбике дәрісін екті. Ұлар дәрінің өне бойымен тарқап бара жатқанын сезді. Денесі босап, көңілі орныққандай күй кешті. Кірпіктері айқасып, терең ұйқыға кетті.

Ертесіне Ұларды сыртқа шығарған жоқ. Бас дәрігер осындай талап қойыпты. Демек, кешегі жайт жайлы ол білген. Ұлар үнсіз керуетіне отырды. Ол қасына жақындаған адамды да байқамады. «Ұлар...» Біреудің аялы алақаны шаштарынан сипағанын сезді. «Ұлар...» Ол келген қонаққа қарақаттай көздерін тосты. Бас дәрігер осы қыз баланы келгеннен бері байқап, өзі емдеп келеді. Бірақ, ештеңенің пайдасы тиер емес. Керуеттің шетіне жайғасты да, Ұлардың көзіндегі жасты сүртті. «Қызым, саған не болды?» «Ағай, мен өлгім келеді...» «Ұлар! Адам баласы өз-өзін азаптамауға тиіс. Не болса да, барлығы бір Жаратқанның қолында екенін білесің ғой. Мен саған бәрін ұмыт демеймін. Тек бұл өмірге басқаша көзбен қарашы, өтінемін. Сен қасарыса берсең, мен саған көмектесе алмаймын ғой» «Ағай, менің өлгім келеді...» Дәрігер үнсіз күрсінді де, шығып кетті. Есік тағы құлыпталды. Ұлар бұрылып, керуетіне жатты да, көздерін жұмды.

«Дәрігер мырза!» «Иә, айта беріңіз? Не болды?» «Осы № 6 бөлмедегі науқас қызға не болғаны жайлы айтып бере алмайсыз ба?» «Сіз неге сұрадыңыз?» «Мен жаңадан келген күтуші едім. Бұл қыз басқа ауруларға мүлдем ұқсамайды. Жай, білгім келгені...» Бас дәрігер ажарлы жүзді жас жігітке бір қарады да, кабинетіне алып кірді. Әрине, бұл ауруханадағы әр науқастың өмірі жеке құпия болып саналады. Бірақ, бұл қыздың мәселесі бір бөлек еді. Бас дәрігер өзіне біреудің көмегі керек екенін түсінді. Себебі, жасы келіп қалғандықтан ба, ол тым көп шаршайтын. «Мүмкін, мына жастың албырттығы ол қызға әсер етер. Мүмкін, менің таба алмаған дауамды осы жігіт табар...» Міне, осы себепті, ол жаңадан келген күтуші жігітке № 6 бөлмедегі науқас қыздың жеке күнделігін берді. Асхат қолына алған бір бума қағазды қарап тұрды да, бас дәрігерге алғыс айтып, шығып кетті. «Балам!» «Иа, мырза!» «Бұл күнделік саған аманат. Аманатқа қиянат жасама!» «Әрине, рахмет сізге!» Асхаттың № 6 бөлмедегі науқастың өміріне қызыққанының өзіндік себебі бар еді. Биыл ғана жоғарғы оқу мекемесін тәмамдап келген ол осы мекемеге жұмысқа орналасты. Ақшасы жаман емес. Және үйі жоқ маманға бір бөлме береді екен. Осы жайттарды дұрыс пайдалана білген алғыр жігіт ауруханаға алғаш келген күні осы қызды байқаған еді. Басқа науқастардан өзін шет ұстайтын, үнемі терезеге телміре қарап отыратын, оған қоса екі қолы байлаулы жанның жұмбақ өмірі Асхатқа қызық көрінді. Қасындағы жолдастары ештеңе ашып айтпағандықтан, бас дәрігерден сұрауға бекінген еді. Не де болса, бір ұрыс естимін-ау деп ойлаған-ды. Бірақ, аяқ астынан дәрігердің өз қолына күнделік ұстата салатыны жайлы ойлап көрмепті. Бүгін оның демалысы. Туған үйі алыс болғандықтан, ал көшеге шығу үшін қаражат қажет екендігінен, ол ауруханадан бөлінген өз бөлмесіне жайғасты. Қолына бір бума қағаздардан тұратын күнделікті алып, оқи бастады. Күнделіктің кейбір парақтары үзіліп қалған ба, не автор өзі жыртып тастады ма, белгісіз. Әйтеуір, кейбір даталар үзіліп қалыпты.

«10.12.2003.

Біз тағы да ұрысып қалдық. Тимур-ау... Шаршаттың ғой сен мені... Біздің баламыз болмағанына мен кінәлімін бе? «Менің достарымның барлығы бір баланың әкесі атанды» дейді ғой маған... Бала сүю менің де арманым емес пе?! Сен неге осыны түсінбейсің?!... Неге мені кінәлай бересің?! Тимур, баланың болуы тек қана анаға қатысты еместігін сен ұмытып қалғансың-ау шамалы...» Астыңғы жазулар шимайланып тасталыпты.

«5.03.2004.

Бүгін біз үшін тамаша күн! Себебі, мен балалы боламын. Әйтеуір, Тимурды балалар үйінен бөбек асырап алуға көндірдім-ау! Мен бақыттымын! Ертең бала қарауға барамыз! Ура!!!» Парақтың аяқ жағында кішкентай сәбидің суреті жапсырулы тұр екен. «Көздері қарақаттай мөлдір, беттері сондай томпақ!» Асхаттың іші жылып сала берді. Ол сәби кезінен балажан еді. Соның әсері ғой!

«19.03.2004.

Біздің үйде үлкен қуаныш! Кішкентай Бекзат келді. Иа, мен өз сәбиіме Бекзат деп қойдым. 3 жаста болса да, өзі сондай зерек. Жаным... Мен сені үнемі сүйіп өтемін...»

«25.04.2004.

Тимур Бекзатты жек көретін сияқты. Білмеймін, неге екенін? Ол сәби ғой. Қайтсем екен? Тимур да бір бала ғой. Қызғанатын шығар. Мен ертең арнайы психолог маманына баруым қажет!»

«30.05.2004.

Алақай! Тимур Бекзатты құшақтайтын болды. Екеуі сондай сүйкімді! Мен нағыз бақытты әйелмін!»

«15.06.2004.

Бекзат түні бойы ұйықтамай шықты. Жылай бергеніне қарағанда, бір жері ауырып қалды ма деп қорқамын. Тимур жұмыстарымен шет елге кетіп қалғанын қарамайсың ба?!»

Күнделіктің ортасы ойсырап, бос қалыпты. Біраз бөліктері жыртылып қалған екен. Неге жыртты екен?!

«12.12.2008.

Бүгін менің балапаным сабағынан жылап келді. Бір баламен төбелесіп қалдым дейді... Жаным-ау, сондай әлсіз болар ма едің?! Әрең дегенде күлдірдім ғой. Бекзатым менің...» Сөздердің бетінде ерін далабы жағылып қалыпты. Біреудің мазасыз күйде сүйе бергені байқалады.

«20.12.2008.

Қайтсем екен?! Тимурға қалай айтамын?» Бір бетте осы екі сауалдан басқа ештеңе жазылмапты.

«12.01.2008.

Бекзатым... Қалайша мұндай ауруға шалдықтың? Қайдағы СПИД? Сен әлі сәби емессің бе? Балам... Ботам... Мен не істеймін?»

«22.01.2008.

Тимурмен ұрысып қалдым. Ол ештеңе естігісі келмейді. «Қайдан алдың, сонда апарып таста!» дегені не сұмдық? Ол қатыгез емес еді-ау? Тимур... Бекзат... Мен екі жаққа жаутаңдаудан шаршадым...» Кейбір жердегі сөздердің сиясы ағып кеткен екен. Көз жасының тамған жерлер екені анық.

«30.01.2008.

Бекзатым! Қайдасың? Әкеңнің сол сөздеріне ренжисің бе? Ол ақымақ қой. Ол сені жақсы көреді. Сен тастанды емессің. Сен менің ботамсың. Менің! Бекзатым! Қайдасың?» Асхаттың жүрегі алқымына тығылды. Ішінен Бекзаттың амандығын тілеумен болды.

«04.02.2008.

Бүгін менің Бекзатымның туған күні! Мен әдемі торт пісірдім. Оның ұнататын торты... Бүгін менің Бекзатымның туған күні! Менің Бекзатымның туған күні...» Күнделікті соңы осылай аяқталыпты. Асхат түсініксіз күйде отыр. «Не болды?» Осы сауалдың шешімін таппаса, жынданып кетері анық. Ол орнынан көтеріліп, № 6 бөлмеге бармақ болды. Дәліз бос екен. Тек бөлмелерден науқастардың ыңырсыған дауыстары естіледі. Ол аяңдай басып, № 6 бөлмеге таяды. Есік әдеттегідей құлыптаулы. Ол медбикелер бөлмесінен кілтті алып, есікті ашты. Бөлме іші қараңғы еді. Бірақ, Асхат жарық жағуға жүрексінді. Сол сәтте бөлме ішіндегі көріністен оның жүрегі зу етті. Ай сәулесі терезеге жақтауында сыртқа телміре қарап тұрған жас қыздың жүзімен шағылысып тұр. Асхат жарықты қосты. Бірақ, науқас қыз кірген адамға да, жарыққа да мән бермеген күйі тұра берді. Жас жігіт жақындап келіп, Ұлардың қолына күнделікті ұстата салды. «Кешіріңіз, бұл сіздікі ме? Мен не болғанын білгім келеді» «01.02.2008. Мен Бекзатымды таптым. Бірақ, ол менен алысқа кетіп қалыпты. Мен оның суық қолдарынан қысып ұстадым. Ол маған жауап қатпады. Ол мені тастап кетіпті...» «02.02.2008. Бізге милиция келді. Бекзатты көшедегі қоқыстың қасынан тауып алыпты. Ол жылаған қалпы бүрсиіп ұйықтап қалыпты. Балапаным... Анасын сағынған ғой... Мен саған бара жатырмын... Тек күте тұршы...» «03.02.2008. Мен Тимурды ұрып тастадым. Оның менен қорыққан түрі сондай қызық! Бекзат! Мен сенің  қасыңа барғым келеді... Бекзат... Ботам...» Асхат шошып кетті. Ұлардың зілді даусы бүкіл ауруханада жаңғырып тұрғандай. Ол жас қызға тесіле қарады. Сол сәтте Ұлар күтуші жігіттің қолынан сап беріп ұстап алды. «Менің өлуім керек. Мені ұлым күтіп отыр. Түсінші. Ол менсіз адасып қалады. Өтінем» Асхат мең-зең күйі сыртқа атып шықты. Кеудесін жарып шығардай дүрсілдеген жүрегін баса алмағандықтан далаға шығуына тура келді. Бүгін аязды күн екен. Ол біраз аялдап тұрып, бөлмесіне қарай беттеді. Бүгінгі көрген қорқынышын жаман түстей ұмытқысы келді. Ертеңіне оны аурухана дәрігері оятты. «Асхат, кеше сен Ұларға бардың ба?» «Иа, мырза. Не болып қалды?» «Таңертең милиция келді. Кеше түні аяз – 40 шамасында болған екен. Ұлардың үсіп қалған денесін көшедегі қоқыс тастағыштың қасынан тауып алыпты» Асхат кешегі өз күйі мен есіктен атып шыққанын есіне түсірді. Иа, ол есікті жаппаған еді. Демек... Асхат Ұлардың қай көшеде жан тапсырғанын сұрамады. Себебі, ол білетін. Анасы сәбиінің жанына барды.