Бір түйір ой

Бір түйір ой
жеке
блог

А...  алдында «арым таза» қазақпын!...

Автобус іші. Отырған адамдар сирек. Шеткерек бір орынға жайғастым. Терезеден қаланы тамашалап, небір тәтті қиялға бөленіп отырған сәтім еді. Аялдамаға тоқтаған автобусқа сүлдерін сүйретіп орта жастағы ер адам кірді. А...-ға сылқия тойып алған. Бір кезде құлағым толықша келген орыс әйелінің «Ну и алкаш...» дегені шалынды. Жаңағы әйелдің мысқылдай айтқанынан ба, жоқ әлде «тойып алған» адамның қазақ болғанынан ба, жүрегім шымырлап кетті.

Автобуста көп отыра алмай, өз аялдамама жетпей, шығып кеттім. Көшені бойлай келе жатып, базар жаққа бұрылдым. Көңілім бір сергісін деген оймен. Бірақ, көргенім мені мүлдем есеңгіретіп жіберді. Базар орналасқан көшенің бір бұрышында үш ер адамдар отырып алып, а...-мен мәз болысып жатыр. Заттары – қазақ. «Сен – қабылан болсаң, МЕН – АРЫСТАН...» деп кеше ғана Қазыбек бабамыз мақтанған қазақтың сыйқы осы болғаны ма?!...

...Есіме балалық шағымнан бір көрініс келді. Ол кезде біз ауылдың қарадомалақ баласы болып, шабысып жүрген едік. Ауыл шетінде барлық ауылдастары «Жаман Қара» атап кеткен Жексенбек деген кісі тұрды. Әлі есімде мен ол кісіні ешқашан «сау» қалпында көрмеппін. Бірде мектеп жанында, бірде үйлердің арасында домалап жата беретін. Әйелі де, балалары да жоқ еді. Бірде әкем: «Ей, Жексенбек, қойсаңшы осы жаманыңды! Неге қоймайсың? Жұрттан ұят емес пе?...» деп кейігені есімде. Сонда «Жаман Қара»: «Братан, менің ауылдастарда шаруам жоқ. Бар білетінім, «А... алдында «арым таза» қазақпын!...»» деп күле қарағаны...

P.S: Пенденің адасуы оңай шаруа. «Шайтанекештің» саусағының бір сілкінісі ғана. Ал сол пендені адами жолға әкелу қиынның қиыны. Бірақ, осы істі біріге қолға алғанда қиынның өзі де бір сәттік дүние болып қалары аян.

Статистикаға жүгінсек, қазір  Қазақстанда арақты «досым»  деп білгендердің саны 500 мыңнан асады. Жаның арының садағасына балаған қазақ үшін бұдан асқан сорақы дүние болмас.

«Мен – қазақпын!» деп мақтанғанда, аузымыздан су құрып, таңдай қағысамыз. Ел атын әлемге таңытып жүрген бауырларымызды мақтан тұтамыз. Әрине, бұның бәрі игі дүние. «Бірақ, ертеден бері «бауырмалдығымен, бірлігімен» басқаға аңыз болған қазақ жаман әдеттің соңынан түскен қандастарын ұмытқан ба?!» деген ой келеді. Басқаға «бауырым» деп тамырың басқаннан, қате жолдағы «қанымыз бір, жанымыз бір» бауырларымызды да ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ҚАЗАҚСТАННЫҢ тек қазақстандықтарымен ғана болашағы жарқын болмақ!